Қазақстан халқының тілдері күні және Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні мерекелері Сарыағаш ауданында салтанатты түрде аталып өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: “Халқымыздың тарихы да, тағдыры да - тілінде. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын маңызды құрал”, - деп атап өтті.
Іс-шарада аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Алдияр Қозыбаев өнер саласында, шығармашылықта атой салып жүрген ел ағаларын, еңбегімен аудан атын шығарып жүрген жастарды алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтарын табыс етті.
Салтанатты іс-шарада аудан өнерпаздары өздерінің концерттік бағдарламасын ұсынды.
Мемлекет тарапынан қазақ тілін дамытуға, оның қолданыс аясын кеңейтуге жағдай жасалып жатыр. Қазақ тілін үйреніп жүрген, қызығушылық танытатын азаматтардың саны да жылдан жылға көбейіп келеді, олардың арасында өзге ұлт өкілдері де баршылық.
Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу.
Республикада 111 мемлекеттік орталық жұмыс істейді, онда ересек тұрғындарға қазақ тілін тегін оқытады. 2022 жылы Ақмола, Атырау, Жамбыл облыстарында осындай үш жаңа орталық ашылды.
Қазақ тілін өз бетінше үйрену үшін Tilqural.kz, Abai.institute, Tilmedia.kz, Balatili.kz, Soyle.kz, Bala.soyle.kz, Qazonline, Ana tili қосымшалары жұмыс істейді. Бұдан бөлек жыл сайын тіл мәдениетін арттыру мақсатында "Мемлекеттік тіл және БАҚ", "Тіл шебері", "Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы" байқаулары, "Мен қазақша сөйлеймін" акциясы және тағы басқа республикалық конкурстар өткізіліп тұрады.
Билік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан тіл саласында проблемалар әлі де жетерлік. Қазақ тілдің қолданысына байланысты даулар мен түсінбеушіліктер ара-тұра туындап жатады.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше көңіл бөледі.
"Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді", - деген еді мемлекет басшысы бір сөзінде.
Сондай-ақ президент мемлекеттік тілді меңгермеген қазақстандықтарға тіл білмегені үшін қысым жасауға болмайтынын да ескертті. Тоқаев қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек деп санайды.