Сайрам аудандық мәдениет үйінде «30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне» орай салтанатты іс-шара өтті. Маңызды кеш барысында аудан әкімі Арман Сәбитов жиынға қатысушыларды айтулы күнмен құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді. Өз сөзінде:
- Сіздерді еліміздің мәні бөлек мерекелерінің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын, демократиялық жолын сипаттаған Конституцияны құрметтеу және қастерлеу – біздің басты борышымыз саналады. Қазіргі таңда еліміздің қарышты және серпінді дамуына сайрамдықтар да өз үлестерін қосуда. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық өсу көрсеткіші күн сайын артып, тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін қажетті мүмкіндіктер қарастырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы да Ата Заңымызда айқындалған заңнамаларға сәйкес жүргізіліп жатқаны белгілі. Баршаңызды Конституция күнімен тағы да құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ынтымақ пен бақ-береке тілеймін! Ата заңымыз айбынды, егемендігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Отанымыздың дамуы жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын! - деді Арман Сәбитұлы.
Шара шеңберінде еліміздің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген сан түрлі саладағы бірқатар қызметкерлермен бірге Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Ақсақалдар кеңесінің алқа мүшесі Ламаев Рамазан Исрафилович және аудандық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Малабаева Луиза Юлдашевна аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты жиын соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының Ата Заңымыздың асқақтығын айғақтайтын отансүйгіштік сипаттағы сахналық қойылымдары және мерекелік бағдарламаларымен жалғасты.