Ағымдағы жылдың 29 тамыз күні Сауран ауданы Қамқорлық орталығының мәжіліс залында "Қоғамдық келісім" КММ-ң Сауран аудандық филиалының ұйымдастыруымен "Ата заң- мәңгілік елдің берік тұғыры" атты дөңгелек үстел болып өтті.
Шараға Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі және де Өзбек этномәдени бірлестігінің мүшелері қатысты.Жиынды филиал басшысы А.Раматуллаев ашып жүргізіп отырды.
Жиынның мақсаты - Еліміздің Ата заңы жөнінде түсінікті тереңдету.Қазақ қоғамының жиырмабірінші ғасыр тарихындағы Конституцияларының ерекшеліктерін аңғарту, жетістіктеріне тоқталу.
Салтанатты шараға қатысушылар "Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілгені осының айғағы. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді. Жылдан жылға біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, Келісім мен Бірлігіміз нығая берсін. Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!",- деген ізгі тілегін жеткізді.
Жиын соңында бірқатар кеңес мүшелері, этнос өкілдері филиал басшысының алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Конституциясы — Қазақстан Республикасының Ата Заңы. Ағымдағы Конституция 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық Референдум негізінде қабылданды және 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Дауыс беру еліміздің қалалары мен ауылдарындағы 10253 сайлау учаскелерінде жүрді. Бұл Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. Ол бойынша Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылады, билік тармақтарынан жоғары тұрады. Бұл президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді. Парламент туралы конституциялық бөлім өзгерістерге ұшырады.
Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша 2022 жылы 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Жіәне елімізде республикалық референдум 5 маусымда өтіп, ондағы өзгерістер 8 маусымда күшіне енді.
2022 жылдың 30 тамыз күні ҚР Конституциясының 27-жылдығы тойланады.