Бүгін Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, қайырымды, жомарт жүректі кәсіпкер Бахадыр Ирсметов мерейлі 70 жасқа толып отыр.
Бахадыр Ирсметов өңірімізде этносаралық келісім мен ел бірлігін нығайту жолында аянбай қызмет етіп келе жатқан азамат. Ол 1973 жылы Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы институтына түсіп, 1978 жылы «Физика және еңбек» пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алған. 1992 жылдан бастап «Караван Сарай» ЖШС-нің директоры. Сонымен қатар, 2011-2016 жылдары Қазақстан Республикасындағы өзбектердің «Дустлик» қауымдастығы қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, 2004-2024 жылдары Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы қызметін абыроймен атқарып, қоғамның ынтымағын сақтауға бар күш-жігерін арнап келеді.
Бүгінгі таңда Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қайырымдылық акцияларына белсене үлес қосуда. Сонымен қатар, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға тұрақты түрде қол ұшын созып, көмек көрсетіп отырады. Бахадир Ирсметов этносаралық келісім мен мәдени құндылықтарды сақтау және әрі қарай дамыту жұмыстарына қосқан үлкен үлесі үшін бірқатар мерекелік медалдармен, сондай-ақ «Жомарт жан» төсбелгісімен және Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. 2006 жылы Түркістан қаласының Құрметті азаматы атағы берілген.