Түркістан қаласы, Қожа Ахмет Ясауи университетінің ректорат ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің республикалық отырысы өтеді.
Ауқымды шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің қолдауымен ұйымдастырылуда.
Сапар аясында бүгін шараға қатысушылар Арыстанбаб кесенесі мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне экскурсия жасады. Бірлікті бекемдеген шара шеңберінде Ақсақалдар кеңесінің отырысына қатысушылар «Керуен-сарай» кешенімен танысып, «Қыз Жібек» пьесасынан үзінді тамашалайды.
Еске сала кетсек, бүгін, яғни шараның алғашқы күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкиннің және Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиевтың қатысуымен Түркістан облысының этномәдени бірлестіктеріне арналған семинар өтті.
Келелі кеңеске ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Түркістан облысы әкімдігінің басшылығы, өңірлік Ақсақалдар кеңесі Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағалары, «Қоғамдық келісім» РММ, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері қатысты.