Бірлікті бекемдеген семинар өтті

image.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. 

Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі – бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз. Тағы да қайталап айтқым келеді: ұсақ-түйек әңгімені қою қажет.

Қазақты бөліп-жаруға болмайды. Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз керек. Мысалы, әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек қана осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, бұл мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды»,- дей келе аға буынның, абыз ақсақалдардың жастар тәрбиесінде, ел бірлігін сақтауда маңызды рөл атқаратынын баса айтып кеткен болатын.

Осы орайда бүгін Түркістан облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Ақсақалдар кеңесі» республикалық отырысы аясында олардың елдегі этносаралық келісім мен бірлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу мәселелері бойынша семинар өткізілді. 

Семинарға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғ.Шойкин, қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Т.Қалиев, Қазақстан Халқы Ассамблеясы  этномедиация кеңесінің төрағасы Ш.Пулатов пен Ақсақалдар кеңесі өңірлерінің мүшелері қатысты. 

Ғалым Шойкин өз сөзінде ақсақалдардың этносаралық саладағы мемлекеттік саясатты іске асырудағы рөлінің маңыздылығына тоқталып, олардың қатысуы қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға ықпал ететінін атап өтті. 

Спикер сондай-ақ құрметті ақсақалдардың қоғамдағы құндылықтарды, прагматизмді, білімділікті және адами қасиеттерді құрметтеуді, этникалық тегіне қарамастан азаматтар құқықтарының теңдігін ілгерілетудегі тәрбиелік рөліне назар аударды. 

Семинарда этномәдени бірлестіктер басшыларының жастарды мемлекеттік тіл мен рәміздерге құрметпен қарауға тәрбиелеуге, достық пен келісім дәстүрлерін сақтауға, жалпы азаматтық құндылықтарды дамытуға қосқан үлесі қозғалды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сарыағаштықтар қолдау білдірді
  • Зиялы қауым өз ойларын ортаға салды
  • Жетісайлықтар да қолдайды
  • Күн тәртібіндегі мәселелер қозғалды
  • Жастар арасында этноквест өтті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер