Президент «Достық үйінде» болды

image.png

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында жаңадан бой көтерген «Достық үйінің» жұмысымен танысты. Президенттің арнайы тапсырмасымен салынған кешенде «Қоғамдық келісім» мекемесі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі, сондай-ақ аймақтағы 11 этномәдени бірлестіктің өкілдіктері орналасқан.

Мемлекет басшысы ғимаратты аралап көріп, жергілікті зиялы қауыммен және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен жүздесті.

– Қастерлі Түркістан жеріне арнайы келіп отырмын. Түркістан өңірінің келешегі жарқын деп ойлаймын. Жастарымызға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ардагерлерге алғыс айтқым келеді. Ең алдымен, жастарға қолдау білдіруіміз керек. Біз бәріміз бірігіп, ел үшін еңбек етуіміз қажет. Сырттан келетін тәуекелдер аз емес. Ахуалды жақсы білесіздер. Түркістан облысында 50 этнос өкілі тұрады. Ауызбіршілікті сақтау және елімізді дамыту жолындағы ерен еңбектеріңізге ризашылық білдіремін. Қазақстанда ешқашан ешқандай фобия болған емес, болмайды да. Біз – бірлігі мығым, толерантты, ұстамды әрі еңбекқор халықпыз. Ең бастысы – осы. Сондықтан ынтымағы жарасқан қоғамның іргесін әлі де бекіте түсеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Түркістанның көрікті, таза қалаға айналғанына назар аударды. Бұл ретте Түркістанға облыс мәртебесін берген еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор екенін атап өтті.

Кездесуде Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов Түркістанның облысқа айналған сәтінен бері орын алған оң өзгерістерге тоқталып, халық саны тығыз орналасқан өңірге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық үшін алғыс айтты.

«Достық үйінің» жалпы алаңы – 3912,29 шаршы метр. Нысанның ерекшелігі – ғимараттың орталық алаңы киіз үй пішінінде салынған, яғни 23 қанаттан тұрады. Мұндағы мақсат – түгел түркінің төрі саналатын, қазақ руханиятының қарашаңырағы киелі Түркістанның рухани және тарихи мәртебесін паш ету. Киіз үйдің тағы бір символикалық мағынасы - этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп отырғанын білдіреді.

Сондай-ақ «Достық үйінде» Коворкинг орталығы жұмыс істейді. Онда Ассамблея мүшелері мен этномәдени бірлестік төрағалары, жастар келіп дебат ойнап, бір-бірімен пікір алмасып, кездесу өткізеді. Жалпы бұл орталықтың есігі татулықты ту еткен қалың көпшілікке ашық. 

Болашақта Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Елтану» жобасы аясында ұйымдастырылатын «Мың бала», «Бабалар үні», «Әнім сенсің, туған жер», «Үкілі домбыра», «Анамның әлдиі, әжемнің ертегісі» секілді ірі байқаулар осы «Достық үйінде» өтеді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сарыағаштықтар қолдау білдірді
  • Зиялы қауым өз ойларын ортаға салды
  • Жетісайлықтар да қолдайды
  • Күн тәртібіндегі мәселелер қозғалды
  • Жастар арасында этноквест өтті
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер