Түркістан қаласы Достық үйінде «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің республикалық отырысы өтті.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан Халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев, сондай-ақ, өңірлердегі Қазақстан Халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңестерінің төрағалары мен мүшелері қатысты. Шығыс Қазақстан облысы атынан Қазақстан Халқы Ассамблеясы ШҚО Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Аубакиров Алдияр Ақылбекұлы қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар Ақсақалдар кеңесі «Адал Азамат» арнайы жобасының негізгі мақсаттары мен міндеттері, «Ақсақалдар кеңесі: Президент Жолдауын даналық пен дәстүр арқылы жүзеге асыру», «Түркістан облысы Ақсақалдар кеңесінің жұмыс тәжірибесі» сияқты өзекті мәселелерді талқылап, практикалық семинарға қатысты.
Ақсақалдар халықпен және мемлекеттік құрылымдар өкілдерімен бірлескен кездесулердің қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы, сондай-ақ, өсіп келе жатқан ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудегі маңыздылығын атап өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында: «Адал азамат деге¬німіз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнық¬тыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады.
Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал, арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады», деді Президент.
Оның айтуынша, Әділетті Қазақстан және адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс.
«Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге, жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс»-, деген еді.
Тегінде, адалдық, әділдік – адам бойындағы бағалы қасиет, басты құндылық, өмірдегі шырағдан іспеттес. Ал, адал азамат – сол шырағданмен жүретін, ар-ұжданына қайшы келетін әрекетке бармайтын, өз ұлтының мүддесін көздеген, соған лайықты қызмет қылатын адам болса керек. Оның салмағы зор, жауапкершілігі де соншалықты жоғары. Бізге ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін осы жауапкершілікпен қатар, санамен түсініп, ұлт болашағына жанашырлықпен қызмет қыларлық жолда болуымыз керек. Себебі, Мемлекеттің діңгегі – адал азаматтар, ұлт мүддесін жоғары қойған қоғам. Бүгінгідей ақпарттық заманда, технологияның сәт санап дамыған уақытында өркениет көшіне ілесеміз десек, жаһандануға жұтылмай адами құндылықты кенжелетпегеніміз абзал. Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Жастардың заманға сай рухани тәрбие деңгейін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы.
Іс-шара «Еркін микрофон» форматындағы пікірталаспен және естелік суретке түсумен аяқталды.