25 қазан – Республика күні мерекесіне орай, Төлеби аудандық АНАЛАР КЕҢЕСІ мүшелерінің ұйымдастыруымен Ленгір қаласына қарасты «ҚАРЛЫҒАШ» бөбекжай бақшасында біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Менің отаным – Қазақстан» және Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған мерекелік ертеңгілік іс-шарасы өтті.
Іс-шараны бүлдіршіндер Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранымен бастады. Іс-шараның мақсаты - Республика күнінің маңыздылығын ескере отырып, өскелең ұрпаққа ұлы дала елін сүюге, құрметтеп-қастерлеуге, өз елінің тарихын білуге, туған еліне деген патриоттық сезімді ояту болып табылады.
Балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу ұлттық құндылықтарымызға сүйене отырып қалыптасады десек, артық емес. Отансүйгіштік сезімге баулу тәрбиесі тереңнен тамырын тартқан. Ол – халқымыздың сан ғасырлық болмысының, дүниетаным-көзқарасының, ақыл-ойы мен салт-дәстүр мәдениетінің жарқын көрінісі. Осындай қасиеттерді бойға дарытпай тұрып, ұрпақты патриот етіп тәрбиелеу мүмкін емес. Туған елін, жерін қорғайтын және осы мақсат жолында бар күш-жігері мен ақыл-парасатын аямайтын жас ұландар тәрбиелеу бүгінгі күннің басты міндеті болып тұр. Патриоттық сезім көрсеткіші – оқушылардың іс-әрекетінен көрініп тұруы тиіс. Солай қалыптастыру – бізге парыз. Осындай іс-әрекет барысында жас буын қоршаған орта құндылықтарының қалпын бұзбай сақтауға өз үлесін қосады. Бұл өз кезегінде патриоттық сана-сезімдерінің дамуына ықпал етері анық. Атап айтқанда, өз басының мүддесін ұлт ісімен, Отан, мемлекет, халық мүддесімен ұштастыра түседі.
Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа рухани – патриоттық тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ұлттық намыс, мінез - құлық, тектілік, отансүйгіштік, яғни, рухани - патриоттық құнды қасиеттерді сіңіріп, тәрбиелеуде отбасы мен тәрбиешілер шешуші роль атқарады. Еліміздің болашағы жас ұрпақты тәрбиелеуде бірінші бесік - отбасы, ата - ана тәрбиесі болса, екінші бесік - білім беру мекемесі.
Мектепке дейінгі кезеңдегі тәрбие - адам қалыптасуының алғашқы баспалдағы. Балабақшадағы тәрбие бала табиғатына ерекше әсер етіп, оған өмір бойы өшпестей із қалдырады. Заман талабына лайық тәрбие білім беру жұмысын кешенді ұйымдастыру жаңа технологияларды, идеялар мен шығармашылық, инновациялық жаңашылдықты қажет етеді. Жас ұрпаққа білім беруді жетілдіру мәселесі толассыз күн сайын өзгеріп тұрған әлеммен бірге жүрері анық. Балабақшада берілетін тәрбие - барлық тәрбиенің бастамасы, әрі жан - жақты тәрбие мен дамыту ісінің түпкі негізін қалайтын орын. Бала бойындағы жақсы қасиеттер мен мүмкіндіктерді ашып олардың өнегелі, тәрбиелі болып өсуіне балабақша ошағының тигізер әсерінің маңызы зор.
Баланың бойында адамгершілік патриоттық тәрбиені қалыптастырудың негізгі міндеттері мына жайлармен түйінделеді.
• Ізгілік бастамасымен тәрбиелеу. Өз отбасына, балабақшасына, туған қаласына, көшесіне сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен қарау.
• Табиғатқа қамқорлықпен қарау.
• Еңбекте - еңбек сүйгіштік, үлкендер еңбегін құрметтеу.
• Қазақ халқының салт - дәстүріне қызығушылықпен қарау.
• Мемлекеттік рәміздермен таныстыру. Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.