25 қазан – Республика күні мерекесіне орай Жетісай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің оқу залында «Менің отаным – Қазақстан» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға Жетісай аудандық Ақсақалдар кеңесінің төраға орынбасары Жақыпбаев Досан, Жетісай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабаев Мұғалбек, Қазыбек би ауылдық округінің Аналар кеңесінің төрайымы Байтасова Нұржамал, аудандық Аналар кеңесінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Жетісай аудандық филиалының басшысы Мырзамуратов Данияр, Жетісай аудандық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Турсунов Халим, орталықтандырылған кітапхана мен «Жастар ресурстық орталығының» КММ-нің қызметкерлері және этнос өкілдері қатысты.
Жиынға қатысушылар іс-шараны Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранымен бастады. Іс-шараның мақсаты - Республика күнінің маңыздылығын ескере отырып, өскелең ұрпаққа ұлы дала елін сүюге, құрметтеп-қастерлеуге, өз елінің тарихын білуге, туған еліне деген патриоттық сезімді ояту болып табылады. Сондай-ақ, іс-шарада аудандық кітапхана қызметкерлерінің тақырыпқа сай дайындаған баяндамалары оқылып, кітап көрмесі таныстырылды.
«Қазақстандық патриотизм» ұғымы біздің тәуелсіздігімізбен қоса туған жаңа сөз болып, еліміздегі саяси - әлеуметтік ахуалдың ерекшелігін көрсетеді. Елімізде жүзден аса ұлттар мен ұлыстардың өкілі өмір сүруде. Қазақстан олардың көпшілігінің туған отаны және бұдан былай да мәңгі тұрақтап қалар мекені болмақ. Сондықтан олардың әрқайсысы Қазақстанды ата - жұртым деп танып, оның тәуелсіздігін қорғауға және материалдық байлығын арттыруға еңбек етуі тиіс. Сол себепті қазақстандық патриотизм ұғымы күнделікті өмірде жиі қолданылып, кеңінен қалыптасып келеді.
Отаншылдық сезім – адамға туа біткен қасиет емес. Ол адамның саналы өмірімен қабаттас қалыптасатын психологиялық, саяси - әлеуметтік құбылыс. Патриоттық сезім жалпы адам баласының еліне, жеріне, өз тілі мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарына жеке қатынасын, өзіндік бағасын түйсінуін, қуаттап қолдауын пайымдайтын сезім көрсеткіші болып табылады.
Егемендік алған бастапқы күндерден - ақ патриотизм ұғымы, оның мазмұны төңірегінде пікірталас жүріп келді. Одан, «ұлттық патриотизм», «қазақстандық патриотизм» - деген екі ұғымның туындағаны белгілі. Бірақ, өсіп келе жатқан жас буындарды отаншылдыққа тәрбиелеуде бұл екі ұғымның қайсысын ұстанған жөн; олардың мазмұндық құрылымы қандай ой - тұжырымдар жүйесінен тұрады; бұдан былайғы кезде жастарды патриотизмге бұрыннан қалыптасқан әдіс - тәсілдері, формалары мен мазмұнын қолдануға бола ма?, - деген сияқты көптеген проблемалар туындап отыр.
Бүгінгідей демократиялық бағыт ұстанып отырған қоғамда, балалар мен жастардың тағдыры өздеріне, отбасының материалдық ахуалына байланысты болып отырған жағдайда патриотизмнің маңызын айқындау басты мәселелердің бірі екені даусыз.
Өсіп келе жатқан жас буындардың бойында қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру үшін: әр ұлттар мен ұлыстар тек өз мәдениетін ғана танып білуі жеткіліксіз, сонымен қатар олар бір - бірін танып біліп, құрметтеуі тиіс. Сондықтан бала бойына халқымыздың мәдениетін, әдет - ғұрпын, тарихын кішкентайынан сіңіре білгеніміз жөн. Мектеп жасына дейінгі балалардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруда тіл дамыту, көркем әдебиет пәндерінің алатын орны ерекше. Отанын сүйген, елін, жерін қорғаған батырларымыздың ерлігі, ақындардың елін сүюге шақырған өлең - жырларының балалардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруда маңызы зор. Патриоттық сезімнің объектісі мен қайнар көзі - Отан десек, оның мазмұны: туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі тамаша киелі орындар. Олардың адам көкірегіне жылылық, жақындық, туысқандық сезімдерді ұялатып, ізгі де ерлік істердің қайнар көзіне айналуы патриотизмге тәрбиелеудің арқауы. Қасиетті сезім ананың сүтімен бірге өзінен - өзі келмейтін баланың бойында біртіндеп қалыптасатын құдіретті сезім. Бұл сезім әркімде әр кезеңде оянып, кейін кәмелетке келгенде біржола буыны қатып, тәжірибемен, уақытпен, біліммен, қоршаған ортаның ықпалымен, балабақша, отбасы, мектеп, жоғарғы оқу орындары, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар әсерімен қалыптасады. Патриоттық сезім тұлғада тәрбие арқылы өсіп жетіліп патриоттық сана түрінде қалыптасады. Сондай - ақ жеке адам өз ұлтының қасиеттерін бойына сіңіруі керек.