Бір ғана Қазақстан деген Отанымыз бар, ол Тәуелсіз Қазақстан екенін жас ұрпаққа ұғындыру, патриоттық сезімге, отансүйгіштікке , салт-дәстүрін қастерлейтін саналы да парасаты мол жастарды тәрбиелеу мақсатында Қазығұрт аудандық мәдениет сарайына қарасты М.Өтемісұлы ауылдық клубында 25 қазан Республика күніне орай "Туған жерім Қазақстан" атты мерекелік шара өтті.
Отан… Бұл сөз – әр адамның жанына жақын, жүрегіне жылы тиер сөз. Осы сөздің астарында қанша мағына жатыр десеңізші?! Құс ұясыз болмайтынындай, адам Отансыз болмайды. Ал менің Отаным – сонау Каспийден Алтайға дейін созылып жатқан қасиетті өлке – Қазақстан.
Қазақстан – тәуелсіз ел. Сол тәуелсіздік жолында қазақ бабам не көрмеді?! Біздің Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Бейбітшілік пен достықта, татулықта бірге жұмыла отырып, қызметтің әртүрлі саласында қазақтар мен орыстар, татарлар мен немістер, украиндер мен кәрістер т.б еңбектенуде. Осы елдердің бірігіп, еңбектенуінің арқасында Қазақстан жерінде бейбітшілік орнады. Туған және өскен жері біртұтас болғанда ғана адам бақытты болады. «Отан» – қасиетті ұғым. Бұл сөзді естіген әрбір жан өзінің елі, жұрты, тұратын мекені, жанына жақын, әрі жанашыр жандары бар екенін бірден сезеді. Отанды сүю – отбасынан басталады. Ал, отбасы дегеніміз ол – әкеміз, анамыз, бауырларымыз, жақын адамдарымыз. Сол үшін де әрбір отбасы – өз алдына бір-бір Отан. Отбасы деген сөздің өзіне терең үңіліп көрейікші.
Отбасы – біздің жанымыз жабырқаған сәтте немесе қуанышқа бөленген кезде ішкі көңіл-күйімізді бөлісетін және өзімізді ең жайлы сезінетін баспана, жып-жылы ұямыз. Оның басшысы, отбасының қамқоршысы мен тіреуі, қорғаны, қамалы – әкеміз. Әке – отбасына қатысты барлық мәселелерді шешіп, өз отбасының намысын қорғау жолында бар күш-жігерін салатын, намысын бірінші орынға қоятын жан. Анам – өмірдегі басты мұғалім, ұстаз. Ана – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді. Сондай-ақ, отбасы мүшелерінің де өзіндік атқаратын міндеттері бар. Аға-ініге қамқор болса, іні – ағаның көмекшісі, әпке мен сіңілі-құрбылардай бір-біріне сырын айтады, білгенін үйретеді. Баршамыз да басты тәрбиені осы жанұядан алып, өмірге қанат қағып ұшып шығатынымыз шындық. Осылайша отбасы бізді балапан шағымыздан жылы бауырына басып, бізді мәпелеп, өмірдің қатал заңына тәрбиелейтіні рас. Сондықтан отбасы мүшелері бір-бірі үшін жанын қиюға да даяр тұрады.
Міне, сол сияқты Отанды қорғау да әр азаматтың парызы. Отан алдындағы азаматтық борышымызды орындау мақсатында бар күш-жігерімізді салып аянбай еңбек етсек, бір-бірімізбен жақын болсақ, біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін дейтін тамаша бірлікті нық ұстай алсақ, онда біз бағындармайтын биік жоқ. Отанды қадірлеп, қолдан келгенше аялауымыз керек! Отбасымыздағы әрбір жанды қалай жақсы көріп, құрметтесек, қалай қорғап, қалай жанашырлық танытсақ, Отанға да дәл сондай қарым-қатынас жасауымыз керек.