Ақындар елдікті жырлады

image.png

25 қазан – Республика күніне орай және Қазығұрттың қыраны, жазушы, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет белгісі» ордені мен бірнеше халықаралық дәрежедегі орден-медальдардың иегері, Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы болған Қалаубек Тұрсынқұловтың 90 жылдығы аясында аудандық Мәдениет сарайында «Қазығұрт береке, бірлік бастауы» атты республикалық  ақындар айтысы өтті. Бұл жыр сайысына республикамыздың 10 қала және облыстарынан келген от ауызды, орақ тілді 10 ақын қатысты. 

Ақындар айтыс өнері арқылы  еліміздің егемендігі мен тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін, ұлттар мен ұлыстардың мызғымас татулығы мен достығын, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, түрленген, гүлденген Түркістанды және киелі Қазығұрт өңірін жырға қосып кеңінен насихаттады.

Бұл сөз бәйгесіне айтыскер ақын, сазгер, журналист - Әшірбаев Бекжан Төребекұлы, ақын, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, «Қазық жұрт» жыр жинағының авторы, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының мүшесі Анарбаев Бекмурат Сапарханұлы, ақын, дәстүрлі әнші-термеші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Рустамов Аязбек Абдибекұлы, Қазақстан Журналистер одағының, Қазығұрт аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, Қазығұрт  ауданының құрметті азаматы Айтубай Райымбек  Таубайұлы қазылық етті.

Республика күніне орай арнайы ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысына аудан әкімі Азизхан Исмаилов арнайы қатысып, алғы сөзін айтып, барша қонақтар мен көрермендерді, ақындарды мерейлі мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, айтыс өнерінің дәрежесі биік, теңдессіз талантты талап ететінін сөзге тиек етіп, барша ақындарға сәттілік тіледі.

Республикалық айтыстың қорытындысы бойынша қазылар алқасының әділ шешімімен Қарағанды облысынан келген Аханов Мақсат Асылмұратұлы бас жүлдені иемденсе, жүлделі І-орын Түркістан қаласынан келген Шойбеков Бекарыс Ақсақалұлына бұйырды. Жүлделі ІІ-орынды Алматы облысының ақыны Амирханова Айым Асылбекқызы, ІІІ-орынды Астана қаласынан Күзембаев Иран-ғайып Айқынбайұлы, Қызылорда облысынан Мансұр Нұрмат Абдуллаұлы және Алматы қаласынан Қару Нұрзат Талғатқызы еншіледі. Ал, Түркістан облысынан келген Мейірманов Нұрлыбек Туленбекович, Жақыпбек Нұрмахан Әріпжанұлы, Шымкент қаласынан Жарылқап Мейіржан Мейірбекұлы және Қазығұрт ауданының ақыны Жақсыбек Ерасыл Қалдарбекұлы аудан әкімі мен басқа да арнайы жүлделерді жеңіп алды. 

Бір күн бойына созылған бұл айтыс жоғары деңгейде өтіп, барша көрермендер мен қатысушылардың көңілінен шықты.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер