Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет орталығында «Қазына» би ансамблінің жеке концерті өтті. «Ұлы Жібек жолының сырлары» тақырыбымен өткен кеш, ұжымның 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Көңілді кеш барысында түрлі ұлттардың биі биленіп, олардың мәдениеті мен салт – дәстүрі би қимылдарымен көрініс тапты.
- Бағдарламаның «Ұлы Жібек жолының сырлары» аталу себебі, бәріміз білетіндей жақында Өзбекстандағы Қазақстан жылы ашылған болатын. Соған байланысты, біз де өз нұсқамызды ұсынуды жөн көрдік. Біздегі алғашқы би қытай биі. Қытай саудагері өзінің жібек матасымен сауда жасағысы келеді. Сосын қарамағындағыларды жібекпен сауда жасауға жібереді, олар 10 жылдан кейін оралады. Олар Азия мемлекеттері Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Памир, Тәжікстан арқылы жүріп өтіп, сапарын Индияға қарай жалғайды. Бұл көріністер Ұлы Жібек жолының тарихын би арқылы көрсетіп береді,- деді «Қазына» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Зәуре Әжібекова.
Концерт барысында, қазақ елінің әуелгіден келе жатқан ғұрпы мен ұлттық қолданыстағы әшекей бұйымдары, ою - өрнек құпиясын ашатын және шаңырақты көрсете отырып бірлікке шақыратын көріністері көрермен көңіліне ерекше жылу ұялатты.
Айта кетейік, «Қазына» би ансамблі халықаралық деңгейдегі түрлі жарыстарда топ жарып жүр. 1989 жылы Әл -Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институты базасында «Қазына» фольклорлы-этнографиялық ұлт-аспаптар ансамблі құрылса, Мәдениет қайраткерлері С. Балбарақова, М.Жарқынбеков пен Н.Камалова осы би тобының іргетасын қалап шаңырағын көтерген жандар екенін көпшілік жақсы біледі. «Қазына» би ансамблінің қоржынында 70-ке жуық қазақтың фольклорлық, заманауи бағыттың және де ТМД елдері мен дүние жүзі халқының ұлттық билері бар.