Түркістанда автокөлік саны артты

Түркістан қалалық әкімдігінің «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары» бөлімінің басшысы Арман Оспанның айтуынша, бірер жыл бұрын Түркістанда 32 мыңнан астам автокөлік болған. Қазіргі таңда облыс орталығы мәртебесін алған соң, көбейе түсуде. Негізінен ВАЗ/Lada, Volkswagen, Audi көліктерінің дені ескі. Соған байланысты елімізде ашылған төрт пайыздық несиемен жаңа көлік алуды армандайтындардың қарасы мол.

Screenshot_7.jpg

Жасыратыны жоқ, Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері ат төбеліндей аса ауқатты адамдар болмаса, автосүйер қауымның қалғандарының барлығына дерлік еуропалық ескірген, тозығына жетуіне байланысты айналымнан шығып қалған автокөліктерді пайдаланып келгені жасырын емес. Қазақстанда Қостанайда, Өскеменде құрастырылатын шетелдік автокөліктерге сұраныс төмен болып келді. Себебі, автокөліктің бағасы жоғары болғанымен сапасы еліміздің ой шұқырлы жерлеріне жарамсыз болып шықты.

Экологтер мен экономистер бағдарламаға бөлінген қаржының көзі дұрыс емес дегенді алға тартуда. Сол сөздің жаны бар. Қажетті 100 млрд теңге «Жасыл дамудан» алынып отыр. Бұл – ел экологиясын түзеу үшін халықтан жиналған қаржы. Ал, Экологиялық кодексте утиль алымның қаражатын басқа мақсатқа пайдалануға болмайтыны, оның ішінде несие ретінде үлестіруге тыйым салынғаны тайға таңба басқандай көрсе¬тіл¬ген.

Бағдарлама нарықтағы көлік баға¬сын құбылтып жіберді. Техника құны күн өткен сайын қымбаттап барады. Айғайы басым автонесиенің осындай да кері жағы бар. Бағдарламаның пайдасын да атап өтуге тиіспіз.

Рас, өзге жобалармен салыстырғанда, талаптары төмен. Бастапқы жарнамасыз-ақ несие алуға мүмкіндік бар. Бірақ осының өзіне әркімнің қолы жетпейді-ау. Сарапшылардың айтуынша, бұл екінші деңгейді банктер арқылы жүзеге асырылатын автокөліктердің орташа бағасы 12-15 миллион теңге көлемінде болмақ. Яғни, несиенің пайыздық өлшемі төмен болғанымен оның құны автокөліктің бағасының ішіне еніп кеткені көрініп тұр.

16 мамырда басталған жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының талаптарынан өтіп, бір тәулік ішінде еліміздегі дилерлік орталықтарға 14 мыңға жуық қазақстандық жүгініп, оның ішінен 26,4 млрд теңгені құрайтын 3,4 мыңнан астам өтінім ғана мақұлданған. Сонымен бағдарлама тоқырады.

Қазақстандық автобизнес қауымдастығы атап өткендей, дилерлік орталықтардың ішкі бұйрықтарына сәйкес, 2022 жылғы наурыздан бастап қызметтің бұл түрі Клиенттің жазбаша келісімімен ғана жүзеге асырылады. Кез келген бұзушылық туындаған жағдайда дистрибьюторлар дереу колл-орталықтарға хабарласуды сұрайды.

Қазақстандық автобизнес қауымдастығы бастапқы кезде бағдарламаны толық қамту үшін автосалондар мен қоймаларда 8 мыңнан астам автомобиль резерві қалыптасқанын атап көрсетті. Жалпы, мамыр айында өндіруші зауыттар дилерлерді қосымша 8,5 мың көлікпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Маусым айында тағы 8,6 мың көлік толығады деп күтілуде. Бұл іс-шаралардың нәтижесінде жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бойынша клиенттер үшін автомобильдер тапшылығы болмауы керек.

Өткен аптада жаңа бағдарлама бойынша берілетін көліктердің тізімі жарияланды.

«Бұл қуанатын жаңалық емес. Берілген көліктердің санын қараңыз, 24 көлік. Оның ішінде тек Hyundai-дың үш моделі ғана Astana Motors компаниясына тиесілі, қалғанының бәрі «Сарыарқа АвтоПром»-ға қатысты дүниелер», – деген Нұраддин Садықов мұндай жағдайда бюджеттен бөлінген қаржы тек бірнеше адамның баюына себеп болатынын ашық мәлімдеді.

Айта кететін жәйт, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасына мемлекеттік бюджеттен 150 миллиард теңге бөлінеді, ал «Оператор РОП-тан» 100 миллиард теңге алынады деп хабарланды.

«Бұл дайын тұрған дүниені қалайда бөліп алу. Халықтың ақшасы жиналып тұр. «Оператор РОП-тың» қызметі күмәнді екені белгілі. Біз аудиторлық тексеру жүргізіп, ақшаны кері қайтаруын талап еттік. Алайда, олай болған жоқ. Халықтың өз бидайын өзіне қуырып беріп жатыр. Және пайыздық үстемемен несиеге қуырып беріп жатыр. Оған қоса, халықтың қазынасынан 150 миллиард теңге 2-3 адамның бизнесін дөңгелетіп жүргізуге бөлініп отыр», – дейді маман.

Жаңа бағдарлама бойынша бөлінген қаржыдан 2022 жылы – 30 миллиард теңге, 2023 жылы – 45 млрд теңге, 2024 жылы – 50 млрд теңге бөліну жоспарланып отыр.

Садықовтың айтуынша, бұл алдағы жылы көліктің тапшылығы мәселесін шешпейді. Себебі, берілген көліктердің орташа құнын 7,5 млн теңге деп алған кезде, 30 млрд теңгеге небәрі 4 мың қазақстандық көлік міне алады.

«Ол қай жыртыққа жамау болады? Өздері қазірдің өзінде 15 мың адам кезекте тұрғанын айтады. 4 мың адам көлікті болса, қалған 11 мың адам келесі жылды күтуі керек пе? Оның үстіне автопромның бірден көлік бере салатын мүмкіндігі жоқ. Қазірдің өзінде хабарлассаңыз, 10-20 пайызын төлеп, күтіп жүргендер көп. 4-5 айлап күтеді», – дейді Нұраддин Садықов.

Ал, енді көпшілікті мазалайтын сұрақ, елде жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы іске қосылса, жүрілген көліктердің бағасы төмендей ме?

«Жоқ. Өзі 4-ақ мың көлік. Ол жаңадан кіріп жатқан көлік емес. Сатылып жатқан көліктерді мемлекеттің есебінен сатып жіберу. Басқа ештеңе емес. Бұл жерде еңбек өнімділігі, өндіріс артпайды. Дефицит күйінде қалады. 4 емес, 16 мың көлік алып келсе де, ол тапшылықты жоя алмайды. Бізге жылына 350-400 мың көлік кіріп отыру керек.

Қазіргі жағдайда 500 мың көлік кірсе де, артық емес. Себебі, нарық қурап қалды. Утилизациялық алымды 90 пайызға, яғни 100 мың теңгеге түсірмесе, көліктің бағасы құлайды дегенге сенбеймін. Көлік қымбаттай береді, өйткені дефицит жойылмайды», – деп мәлімдеді Нұраддин Садықов.

Түптеп келгенде, мұның астарында әлдекімдердің мүддесі жатқаны ешкімге жасырын емес. Нарықтағы үш-төрт кәсіпкердің бизнесін, бірнеше банктің жұмысын жүргіз¬ген¬нен басқа халықтың бұдан ұтары шамалы. Зейнетақы реформасы секілді жеңілдетілген автонесие де ортадан жоғары дәулеті бар адамдарды ғана жарылқап, шын мұқтаждар есіктен сығалай алмай қалмаса екен. Осылайша, жылдар бойы жаңа арғымақты тізгіндегісі келген қарапайым халықтың үкілі үміті желге ұшып, арманы ақша бұлтқа айналып кетпесе деңіз.

Болмаса Үкімет жұртшылықты тегіс қамтитын, кедергісі аз, кемшілігі жоқ, бұқараға да, бизнеске де тиімді, әбден ойластырылған бағдарлама ұсынғаны абзал.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер