Халықаралық «Turkistan» телеарнасы телехабарлардың дәстүрлі жаңа маусымының тұсаукесерін өткізді. Арнаның жаңа жобалары «Керуен сарай» кешенінде қала тұрғындары мен қонақтары үшін арнайы таныстырылды.
Маусымашарда 19 жаңа жоба көрерменге жол тартты. Әр бағдарлама мақсатты аудиторияны ескере отырып жасалған. Олардың қатарында «Бір мүшел», «Меценат», «Translate Into», «Шеберхана», «Сәлем, Түркістан», «Теріскейге көш», «Қиын мәселе», «1001 кәсіп», «Билік пен Бұқара», «Тұран төрінде», «Ясауи әлемі», «Күлтегін», «Ерекше», «Руханият өзегі» сынды хабарлар бар.
Тұсаукесер рәсімінде кешенге келген қонақтар телеарнаның әлеуметтік желілеріне тіркеліп, арнайы сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ, түрлі ойындарда өнер көрсетіп, марапатталды.
Айта кетейік, «Turkistan» телеарнасының ақпарат айдынында келе жатқанына бір жылдан асты. Телеарна аз ғана уақыт ішінде түрлі жетістіктерге жетті. «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесінде «Үздік аймақтық телеарна» номинациясын жеңіп алды. Сондай-ақ «Жалын-2022» байқауында «Жедел түсірілім» бағдарламасы «Үздік авторлық жоба» ретінде танылған болатын.