Түркістанда ұстаздар күні жоғары деңгейде өтті

Түркістан облысында ұстаздар күні жоғары деңгейде аталып өтті.  Ұлыағатты ұстаздарды ұлықтауға арналған іс-шаралар облыс орталығы Түркістан қаласынан бастау алып, өзге де аймақтарда жалғасын тапты.

Screenshot_31.jpg

Түркістанда ұстаздар арасындағы спартакиада үздіктері анықталды

Түркістан қаласындағы мұғалімдер арасындағы қалалық спартакиада өз мәресіне жетті. Аптаға созылған жарыстың қорытындысы бойынша Ә.Науаи атандағы №13 мектеп-гимназиясының ұстаздары жалпыкомандалық есепте спорттық бәсекенің жеңімпазы атанды. ІІ орынға Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясы қол жеткізсе, Р.Исетов атындағы №20 мектеп ұжымы ІІІ орынға табан тіреді. 

Жарыстың жабылу салтанатына арналған қорытынды кешке арнайы қатысқан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова мен қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлмира Турежанова жүлдегерлерді марапаттады. Сонымен қатар сайыс жеңімпаздарына ауыспалы кубокті табыстады.

– Барлығыңыз спартакиадада белсенділік танытып, жоғары нәтиже көрсеттіңіздер. Ұстаздар күні мерекесімен құттықтаймын! Сіздерге шығармашылық табыс, еңбектеріңізге береке тілеймін. Араларыңызда ерекше көзге түскен, үздіктерден құралған команда облыстық спартакиадаға қатысады. Рухани астанамыздың мерейін үстем етіп, жеңіс тұғырынан көрінеді деген сенімдемін, – деді Оразкүл Шайхықызы.

Еске салсақ, спорттық додаға шаһардағы мектептерден жасақталған 32 команда қатысқан болатын. Нақтырақ айтқанда, түркістандық 500-ге жуық ұстаз – үстел теннисі, волейбол (ерлер және әйелдер), шахмат, кіші футболдан сынға түсті.

Түркістанда ұлағатты ұстаздар ұлықталды

Түркістандағы Оқушылар сарайында «Ұстаз жолы – ұлы жол» тақырыбында Ұстаздар күніне орай мерекелік концерт өтті. Оған Түркістан облысы әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды қатысып, білім саласында аянбай еңбек еткен барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады.

– Құрметті ұстаздар! Баршаңыздың отбасыларыңызға – амандық, дендеріңізге –саулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Мереке құтты болсын! Ұстаз – жай білім беретін мамандық иесі емес. Ол – екінші ата-ана, тәрбиенің де қайнар көзі. Бәріміз де ұстаздарға қарыздармыз. Сондықтан ұлағатты ұстаздардың алдында барлық адам құрметпен бас иеді, – деген Дархан Сатыбалды білім саласында жеткен жетістіктермен де бөлісіп, елеулі еңбектің бәрі ұстаздардың қажырлы еңбегінің жемісі екенін атап өтті. 

Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша республикадағы 7500 мектептің «100 үздік мектебі» тізіміне Түркістан облысының 11 мектебі енді. Оқушыларымыз 6 халықаралық, 24 республикалық білім сайыстарына қатысты. Додалардан 25 алтын, 32 күміс, 64 қола медаль иеленді. Республикалық «Ұлттық мектеп лигасы» жарысы да табысты өтті. Түркістан облысының оқушылары 11 алтын, 9 күміс, 7 қола медалға қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте I орынға ие болды. Бұл – үлкен мақтаныш. Осы деректерге тоқталған өңір басшысы республикалық, облыстық олимпиада және спорт жарыстарының жеңімпаздарын дайындаған 20 мұғалімге өз атынан марапат ұсынып, арнайы сыйлықтар табыстады. 

Мерекелік іс-шара «Ұлы ұстаз – Әл-Фараби» сахналық қойылымымен жалғасып, ардагер ұстаздарға да құрмет көрсетілді. Олардың арасында Дархан Сатыбалдыға білім берген 2 ардагер ұстаз да арнайы қатысып, ізбасар әріптестерін құттықтады. Әуезді әндер шырқалып, мың бұралған бишілердің өнері дүйім жұртқа ерекше көңіл-күй сыйлады.

Түркістан облысында жалпы 983 (оның ішінде 75 жекеменшік) мектеп бар. Соңғы жылдары 83 жаңа мектеп пайдалануға берілді, ал қазір 59 мектеп салынып жатыр. Сонымен бірге ұстаздардың біліктілігін көтеру жұмыстары да жалғасады.

Түркістан облысының мектептері республикада үздіктер қатарында

Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрлыбаевтың қатысуымен Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ұстаздар күніне орай мерекелік іс-шаралар туралы және білім сапасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша брифинг өтті.

– Мереке қарсаңында Түркістандағы «Балуан Шолақ» спорт кешенінде 26-27 қыркүйек облыс педагогтарының қатысуымен алғаш рет «Ұстаз барысы» өтті. Ал аудан, қалалық білім беру ұйымдарының оқушылары арасында «Менің алғашқы ұстазым» эссе байқауы ұйымдастырылды. «Жастардың көшбасшылық қабілеттерін дамыту арқылы білім сапасын арттыру» тақырыбында республикалық жас мұғалімдер форумы өтті. Сондай-ақ, EDCRUNCH Academy «Ұлы дала мектебі» жобасының аясында облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы облыс педагогтарымен кездесті, - деді Нұржан Кеңесбекұлы.

Спикердің сөзінше, «Бір мезет естелік» тақырыбында білім саласының ардагер ұстаздарымен сұқбат ұйымдастырылып, мерекелік құттықтау өткен. Сондай-ақ, 3 қазанда өңір басшысы Дархан Амангелдіұлының қатысуымен «Ақ жайық» саз мектебінде «Ұстаз жолы – Ұлы жол» қорытынды мерекелік концерті өтеді. 

Түркістан облысы білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі жағынан республикада бірінші орында. Қазіргі таңда облыстың білім саласын дамыту мақсатында 2022-2025 жылдарға арналған «BILIMDI TURKISTAN» стратегиялық даму жоспары әзірленуде. Осы жоспарға сәйкес ауқымды жобалар іске асырылады.

Бүгінгі күні облыс мектептерінде 500 мыңнан астам оқушы білім алады. Оқушы саны жөнінен республикадағы ең үлкен көрсеткіш – Түркістан облысында. Облыста кезең-кезеңімен 199 мектептің құрылысын салу жоспарланды. Өткен жылы 77 мектеп салынса, биыл 34 мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, 2023 жылы қаңтар айында педагогтардың айлығы 25 пайызға артады. Биыл қаңтар айынан бастап облыс педагогтарының айлығы 25 пайызға өскен.

Еске сала кетейік, ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша республикадағы 7 500 мектептің «100 үздік мектебі» тізіміне облыстағы 11 мектеп енді. Оқушылар 6 халықаралық, 24 республикалық білім сайыстарына қатысты. Ол сайыстардан 25 алтын, 32 күміс, 64 қола медаль иеленді.

Ерекше білімді қажет ететін оқушылар ұстаздарға арнап өнер көрсетті

Түркістанда ұстаздар мерекесіне орай ерекше білімді қажет ететін балалар арасында «Мен өмірді сүйемін» атты мерекелік іс-шара өтті. 

Үйде оқытылатын балаларды қуанту мақсатында ұйымдастырылған кеште қамкөңіл 17 оқушы өз өнерін ортаға салды. Тағылымды шарада ата-аналар ұстаздарға деген ақ тілегін арнап, алғыс білдірді.

«Балаларға мерекелік кештің әсер еткені соншалық, олардың эмоциясынан байқалды. Мәселен, Ғ.Мұратбаев атындағы №5 жалпы орта мектебінің үйде оқытылатын 4-сынып оқушысы Әдемі Жұмабай жүрекжарды тілегін айту үшін ортаға шығып, өз ілтипатын білдірді. Жалпы облыс орталығында 284 бала үйде оқытылса, 93 оқушы инклузивті кабинетте білім алады. Оларға 20 дефектолог пен 33 ассистент білім беруде», - деді қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің дефектология саласының әдіскері Дана Бабишева.

Кешті қорытындылау сәтінде Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы Ғалия Жанаева ұстаздардың оқушыларға деген сыйлықтарын ұсынып, мақтау қағаздарын табыстады. Сондай-ақ, қала аумағындағы мектептердегі дефектолог мамандарға еселі еңбегі үшін қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасованың арнайы Алғыс хаты табысталды. 

Түркістан облысында мектеп мұғалімі асық атудан әлем чемпионы атанды

Халықаралық жарыстарда еліміздің мерейін үстем етіп, топ жарып жүрген спортшылар қатары күн санап артып келеді. Солардың қатарына жақында асық ату спортынан Румыния елінде өткен әлем кубогінің жеңімпазы Алмас Қарабаев та еніп отыр. Ол - Түркістан облысы Түлкібас ауданының тұрғыны. 

Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатып келген жеңімпазды шәкірттерімен бірге қабылдап, құрмет көрсетті. Аудан басшысы аталған жеңіс ауданның ғана емес, еліміздің жеңісі екенін тілге тиек етіп, Алмас Оңласынұлы мен шәкірттеріне алдағы байрақты бәсекелерде сәттілік тіледі.

Аудандағы А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінде денешынықтыру пәнінің мұғалімі қызметін қатар алып жүрген Алмас Қарабаев асық ату спортының ұлттық құрама командасының капитаны ретінде көптеген жарыста топ жарған. ҚР кубогы мен чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері. 

Бүгінде Алмас бапкер ретінде де өзін дәлелдеп жүр. Оның шәкірттері асық және бес асық ату спорт түрлерінен ҚР чемпионатының және ұлттық ойындарының чемпиондары атанып, сенімін ақтап келеді. 

Түркістанда «ұстаз барысы» анықталды

Түркістанда ерекше турнир өтті. Қазақ күресінен тұңғыш рет «Ұстаз барысы» додасы ұйымдастырылып, мықты балуандар анықталды. Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған сайыстың мақсаты – қазақ күресін дамыту және ұстаздар арасында саламатты өмір салтын насихаттау.

Қорытынды сайысқа 17 аудан және қалалық іріктеу жарыстарынан 7 салмақ бойынша бірінші орын алған 119 ұстаз қатысты. Нәтижесінде жалпыкомандалық есепте Отырар ауданы көш бастады. Бәйдібек ауданының балуан ұстаздары екінші орынды місе тұтса, Кентау қаласының командасы үздік үштікті қорытындылады. Жүлделі орын алған командаларға медаль мен кубок берілді.

«Түйе балуандар» сынында Төреқұлов Асқар (Отырар ауданы) доданың «Түйе балуаны» атанды. Екінші орынға Мақсат Рақышев ие болса, үшінші орын Ербол Әбдіхановқа бұйырды. 3 балуанға да қомақты қаржылай сыйлық табысталды. 

Ұстаздар күні мерекесі қарсаңында биыл алғаш рет өткен «Ұстаз барысы» турнирі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі деп жоспарланып отыр. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бүгінгі таңдау – ертеңгі болашақ
  • Сауран секторында кездесу өтті
  • Университетімізде республикалық референдум бойынша дөңгелек үстел өтті
  • АЭС – болашақтың энергиясы
  • Балдырғандар Түркістан қаласының полицейлермен бірге рейд жүргізді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер