Түркістан облысында 1-қазан қарттар күні жоғары деңгейде аталып өтті. Облыс орталығы Түркістан қаласынан бастау алған шаралар облыс аумағында да жалдғасын тапты.
Түркістан қаласында зейнеткерлерге арналған орталық ашылды.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында зейнеткерлерге дәрігердің бақылауы мен кеңесі бойынша психологиялық көмек, тұзды бөлме, сенсорлық бөлме, массаж, сауықтыру-гимнастика, ЛФК кабинеті, еңбек терапия, фитотерапия, ағартушылық кабинет, акт залы, кітапхана алаңы, бильярд және теннис ойын алаңы, қосымша би, ән т.б үйірмелері қызмет етеді.
Орталықтың ашылуына қатысқан қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков қарияларға жүрекжарды лебізін білдірді.
- Бүгінгі бейбіт күніміз - Сіздердің кешегі еңбектеріңіздің жемісі. Баршаңыз кейінгі ұрпаққа жайлы орта үшін тер төктіңіздер, енді біз Сіздерге қызмет етеміз. Мен мүмкіндігінше жиі келіп, өздеріңіздің жағдайларыңызды біліп тұрамын, - деді шаһар басшысы.
Бір қолданысы 10 классикалық массажға тең жаңа инновациялық биоэнергетикалық ерекше массаж аппараты арқылы бірден 7 түрлі ем ұсынылады.
Қазіргі таңда Түркістанда 14 915 зейнеткер бар. Орталықта күніне 60-70 адамға қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылған.
Мереке күнгі тартуға риза болған қариялар игі іске ұйытқы болған азаматтарға ақ батасын беріп, ізгі тілектерін арнады.
Дархан Сатыбалды ардагерлер мен қарттарға құрмет көрсетті
Түркістанда Халықаралық қарттар күні мерекесі аталып өтті. Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, өңір ақсақалдары мен ардақты әжелерін құттықтап, құрмет көрсетті.
– Баршаңызды 1 қазан — Халықаралық қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақ халқында «Қарты бар ел қазыналы ел» деген нақыл сөз бар. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Түркістан тұрғындарымен кездесуде шаһарға қолдау жалғасатынын айтты. Бұл ретте өңірді дамытуда сіздердің де еңбектеріңіз мол. Облыста 179 мыңнан астам ардагеріміздің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында әр түрлі бағытта жұмыстар атқарылып, мәдени-рухани өмірге белсене араласуларыңызға қолайлы жағдай жасалуда. Мерейлі мерекеде баршаңызға зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасыларыңызға – амандық, ұрпақтарыңызға бақ-береке тілеймін! – деді Д.Сатыбалды.
Мерекелік іс-шараға аудан, қалалардан облысқа еңбегі сіңген еңбек ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері шақырылып, құрметке бөленді. Олардың бірқатарына алғыс хаттар тапсырылды. Өңір басшысы аға буынмен пікірлесіп, ұсыныстары мен ойларын тыңдады.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов пен «Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев та ардагерлерді құттықтады.
Осы күні Түркістан қаласында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды. Ғимараттың жалпы алаңы – 728 шаршы метр. 2022 жылға Түркістан қаласының бюджетінен орталықты ұстау және қызметтерді көрсетуге тиісті қаржы бөлініп, 19 штаттық бірлік құрылды. Орталықта күнделікті 70 зейнеткерге тиісті қызмет көрсетіледі. Бір жылда 2500 ардагер тынығады. Жалпы облыста «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарының саны 10-ға жетіп отыр.
Түркістан облысында 2022 жылғы 1 қазандағы жағдаймен 179 633 мың зейнет жасындағы қарттар мен ардагерлер тұрады. Оның 20-ы Ұлы Отан соғысының ардагерлері болса, 4,8 мыңнан астамы – тыл еңбеккерлері. Бүгінгі таңда мемлекетпен кепілдендірілген төлемдер көлемі жыл сайын көтерілуде, облыстық және жергілікті бюджеттер қаржысы есебінен де түрлі әлеуметтік қолдаулар ұйымдастырылып келеді. Жалпы өңір ардагерлеріне ай сайын 15,8 млрд. теңге көлемінде зейнетақы төлемі жүргізіледі. Егде жастағыларды сауықтыру мақсатында жыл сайын облыстық бюджет есебінен «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйлерінде жыл сайын 8 мыңға жуық қария денсаулығын түзеп келеді.
Ассамблея құрылымдарының мүшелері қарияларды қуанышқа бөледі
Бүгін Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен 1 қазан – Қарттар күніне орай қазыналы қарияларға құрмет көрсетілді.
Мекеме басшылығы мен Түркістан облысы ҚХА жанындағы Ассамблея құрылымдарының мүшелері, Аналар кеңесінің өкілдері, «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері облыс орталығындағы қариялардың шаңырағына барып, олармен сұқбат жүргізіп, сый-сыяпат жасады.
Шара барысында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Е.Баетов: «Біз аузы дуалы, аталы сөз айтатын баталы қарияларды, өз қадірін білетін, көреген, адал, ақ жаулықты әжені ерекше қадір тұтқан елміз. Қарттықты қадірлеу, үлкенді сыйлау – қазақ халқының ежелгі дәуірлерден қалыптасқан қазыналы дәстүрлерінің бірі ғана емес, сол игі дәстүрлердің ең озығы», - дей келе жас ұрпаққа қарттарды қадірлеп, оларға қамқорлық танытуға шақырды.
Қариялардың айтқан естеліктері мен қанатты сөздері жастардың жүрегін тебірентті.
Шара барысында жас буын әннен шашу шашып, олардың ақ батасын алып, естелік суретке түсті.
Түркістан облысында 4500-ден аса ардагерге әлеуметтік қолдау көрсетілді
Бұл туралы бүгін өткен брифингте Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов айтты.
- Облыс бойынша қарттар мерекесін өткізу мақсатында «Ардагерлерді ардақтайық» атты іс-шарасы жоспары бекітіліп, аудан, қала әкімдеріне жолданды. Нәтижесінде, мерекеге орай 4 627 ардагермен теңестірілгендерге 37,3 млн теңге көлемінде әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, өңір басшысының бастамасымен 1 қазанда облыстағы 150-ден астам ардагердің қатысуымен салтанатты іс-шара өтеді. Одан бөлек, «Қарттарым аман жүрсің бе?» тақырыбында өңірдегі 100 жастан асқан 75 қарияны құттықтау акциялары ұйымдастырылуда, - деді Нұржан Кеңесбекұлы.
Спикердің сөзінше, әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында әр аудан, қалаларда жергілікті бюджет есебінен жалғызілікті қарттарға 2-5 АЕК аралығында материалдық көмек көрсетілген. Сондай-ақ, азық-түлік себеттері таратылып, мерекелік дастархан ұйымдастырылуда.
Айта кетейік, 1 қазанда Қарттар күніне орайластырылған айлық басталады. Облыс, қалалар мен аудандардың әкімдері, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары аға буын азаматтарын әлеуметтік қолдау жөніндегі іс-шаралар және еңбек ұжымдарында кездесулер, сондай-ақ, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда Ашық есік күндерін өткізеді.
Еске салсақ, облыста 17 ардагерлер ұйымы бар. Олардың барлығы қызметтік ғимаратпен қамтылған.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында 7 мыңнан аса зейнеткерге көмек көрсетілуде
Бұл туралы бүгін өткен брифингте Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов айтты.
«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің тапсырмасына сәйкес, «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарын ашу тапсырылған болатын. Орталықтың мақсаты - егде жастағы адамдардың денсаулығын сақтау, психологиялық көмек көрсету және олардың белсенді өмір сүруіне ықпал ету. Осы аталған жоспарды іске асыру аясында бүгінгі таңда облыста (Жетісай, Мақтаарал, Ордабасы, Отырар, Келес, Созақ, Түлкібас, Шардара аудандары мен Арыс, Түркістан қалалары) 10 орталық ашылды. Аталған орталықтар зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізу, салауатты өмір сүруді насихаттап, олардың өмірге деген құштарлықтарын арттыру мақсатында жұмыс істеуде. Бұл орталықтарда бүгінде 7 147 зейнеткер (жалпы зейнеткерлердің 4%-ы) тиісті қызметтер алуда», - деді Нұржан Кеңесбекұлы.
Сонымен қатар, облыс орталығы - Түркістан қаласында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығын ашу мақсатында қала әкімдігінің мемлекеттік меншігіндегі ғимараты белгіленіп (Түркістан қаласы, Мұсабеков көшесі, №2 а), жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы ретте биыл 19 штаттық бірлік құрылды. Орталықта күнделікті 70 зейнеткер, бір айда 150-200 адам қызметтермен қамтылады.
Одан бөлек, зейнет жасындағы жалғызбасты қарттар мен бірінші, екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға стационарлық жағдайда «№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-і қызмет көрсетуде. Бүгінге дейін аталған орталықта 165 қызмет алушыға, оның ішінде 93 жалғызілікті қарттар мен 72 бірінші, екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемі көрсетілуде.
Бәйдібек ауданында ғасыр жасаған қарияларға құрмет көрсетілді
Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбеков пен аудандық мәслихат хатшысы Асқар Кенехан аудандағы 107 жастағы Күміс Көшкінбаева мен 102 жастағы Қарашаш Тәжібаеваның шаңырағында болып, халықаралық қарттар күнімен құттықтады. Бір ғасырды көрген екі әжейге мерекелік сый-сияпат жасап, иықтарына орамал жапты.
Бәйдібек ауданы Қошқарата ауылында кенже ұлымен тұратын Қарашаш Тәжібаева 1920 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. 8 ұл-қызды тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты батыр ана 20 немере, 15 шөбере сүйіп отыр. Қарашаш әже жастайынан еңбекке араласып, кетпен шауып, жер жыртып, ауыр жұмыстарды атқарған. Соғыс жылдары тоқыма тоқып, майданға түрлі киім-кешектер жіберіп отырған. Тыл еңбеккері, Жеңістің 50,60,65,70,75 жылдығы мерекелік медалдарымен марапатталған.
Ал Алмалы ауылындағы Күміс әже 60 жастағы кенже ұлымен тұрады. Күміс әженің тұңғышы 85 жаста. Жастайынан сауыншы болып жүріп 10 ұл-қызды тәрбиелеп өсірген Күміс әженің 60 немере, 38 шөбере, 28 шөпшегі бар.
Жалпы аудан көлемінде 100-ден асқан 6 әже ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.
Биыл Түркістан облысында 8 мыңға жуық қария «ардагерлер үйінде» демалуға мүмкіндік алды
Бұл туралы бүгін өткен брифингте Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов айтты.
«Қарияларды сауықтыру мақсатында жыл басынан бері облыстық бюджет есебінен «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйлерінде 8 мыңға жуық қария денсаулығын түзеуге мүмкіндік алды. Демалу мерзімі - 14 күн. Бір жылда ардагерлердің 20 легін қабылдау белгіленген. Бүгінге дейін жалпы 4 090 ардагер демалды. Жыл соңына дейін қалған қариялар демалуға жіберіледі», - деді Нұржан Кеңесбекұлы.
Спикердің сөзінше, азаматтардың жеке санаттарына әлеуметтік қолдау көрсету және сауықтыру мақсатында жергілікті бюджеттер есебінен 4 594 зейнеткерге 410 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар, 2 241 ардагер өз қалауы бойынша басылымдарға тегін жазылады. Осы ретте 80 жастан асқан 382 жалғызілікті қарияның зейнетақыларына ай сайын 1 АЕК (3 180 теңге) мөлшерінде үстемақы төленеді.
Айта кетейік, «Қамқорлық» акциясы шеңберінде 10 мыңға жуық ардагерге қолдау көрсетілді. Акция аясында қоғамдық көліктерге тегін жүруге, электр, газ және судың ақысын төлеуге, дәрі-дәрмек алуға қаржылай көмек берілді.
«Ұлы дала елі» орталығының ұжымы ардагер ұстаздарға қуаныш сыйлады
Қазанның алғашқы жексенбісі – елімізде ұстаздар күні. Атаулы мерекеге орай Түркістан облысы мәдениет басқармасының «Ұлы дала елі» орталығында мерекелік іс-шара өтті.
Ардагер ұстаздарға құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылған шараға Түркістан қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы №6 жалпы орта мектептің ұстаздары, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Ұстаз жүгі – ауыр жүк» екенін тілге тиек еткен «Ұлы дала Елі» орталығының директоры Гүлжанат Дүйсенбаева зейнеттегі ұстаздарға ыстық ықыласын білдіріп, мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық тіледі.
Шара барысында ардагер ұстаздарға арнап «Біз де жас болғанбыз» атты сахналық қойылым көрсетілді. Қойылым желісі жастық шағын еске алған екі ардагер ұстаздың сағынышы туралы өрбиді. Ерекше ықыласпен тамашалаған кешке қатысушылар өз әсерлерімен бөлісті. Сондай-ақ 80-90 жылдардағы ретро әндерді бірге орындап, би биледі.
Ардагер ұстаздар өмір жолындағы естеліктерін айтып, жас ұстаздарға ақ жол тіледі.
Отырарда «белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды
Түркістан облысы, Отырар ауданында «Белсенді ұзақ өмір» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ашылды. Орталық құрметті еңбек демалысына шыққан барлық еңбек ардагерлерінің басын біріктіретін бірегей ортаға айналмақ. Мұнда ардагерлердің бос уақыттарын тиімді өткізуге мол мүмкіндік жасалған. Олар өзара әңгімелесе отырып, шығармашылықпен айналысады, медициналық көмек алады, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен де шұғылдана алады.
«Белсенді ұзақ өмір» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ашылуына арналған салтанатты жиынға аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов және облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сапарбеков Әбдішүкір, аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манаповтар қатысып, қарттарға өзінің жылы лебізін білдірді.
– Қоғамның дамуы сол қоғамның қарт адамдарға қарым-қатынасымен өлшенеді. Халықпен есеп беру кездесуімде тұрғындар қарттарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орталық ашуды өтінген еді. Сол орталықта азаматтардың бос уақытын өткізіп, әңгімелесіп, араласуына жағдай жасалуын қалаған. Мінеки, біз сол орталықты ашып отырмыз. Мұндай мүмкіндіктер қарттарымыздың денсаулығы мен руxани күйіне оң әсерін тигізеді деп сенемін, – деді Сәкен Асылханұлы.
Іс-шара барысында рухани құндылықтарымызды, ел бірлігі мен діни татулық пен тұрақтылықты аудан тұрғындары арасында насихаттауда қосқан үлестері үшін ауданның бірнеше ардагеріне аудан әкімі С.Сұлтанханов алғыс хаттар табыстады.
Орталық ғимараты түрлі заманауи аппараттармен жабдықталған. Атап айтқанда: тұз шахтасы (тұзбен емдеу), медике кабинеті, автоматтандырылған түрлі массаж құрылғыларымен және арнайы психологиялық көмек көрсету кабинеті, кітапханамен қамтылған.
«Белсенді ұзақ өмір» КММ-де қазіргі таңда 185 адам әлеуметтік қызмет алса, бір күнде 50 қызмет алушыға 14 маман әлеуметтік қызмет көрсетеді.
Жиын соңында ауданның мәдениет сарайынының өнерпаздары ұсынған әсем әуен шырқалып, көпшіліктің көңілінен шықты.
Сарыағашта қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді
Бүгін Сарыағаш ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен 1 қазан - Қарттар күні мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Сарыағаш қаласында орналасқан «Кәусар холл» салтанат сарайында дастархан жайылып, аудан қарттарына құрмет көрсетілді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында қарттарға, сонымен қатар мүгедек жандарға баса назар аударып, зейнетақы мен жәрдемақының сатылап көтерілуіне, оларға деген қамқорлықтың арта түсуіне жағдай тудырып отыр. Өмірден көргені мен тоқығаны мол қарияларымыз – біздің баға жетпес байлығымыз. Сіздерге қамқорлық жасау – біздің перзенттік парызымыз. Баршаңызға мықты денсаулық, әр отбасыға береке, бірлік, мейірім мен шуақты ғұмыр тілеймін. Мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын! - деді аудан әкімі М.Отаршиев мерекелік шарада.
Сонымен қатар, бірқатар аудан қарияларын әлеуметтік-экономикалық, әсіресе қоғамдық-саяси өмірінің дамуына қосқан орасан зор үлестері үшін төсбелгілер және алғыс хаттармен марапаттады.
Одан бөлек, мерекелік шарада аудандық мәслихат хатшысы С.Тасқұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Сүлейменов мерекемен құттықтап, алғыс хаттармен марапаттады. Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Сарыағаш ауданында «ардагерлер саябағы» ағымдағы жөндеуден өтуде
Сарыағаш ауданында жыл сайын түрлі жұмыстар атқарылуда. Биыл да біршама жұмыстар қолға алынды. Соның бірі – Құркелес ауылдық округі, Ақниет елді мекенінде ағымдағы жөндеуден өткізіліп жатқан «Ардагерлер» саябағы. Аталған саябаққа аудан әкімі Мұхит Отаршиев барып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Аудан басшысы мердігер мекеменің басшысына жұмысты сапалы әрі уақытында тапсыруды міндеттеді.
Айта кетсек, саябақтың жалпы аумағы 0,28 гектарды құрайды. Қазіргі таңда мердігер мекеме тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме басшысының айтуынша, алдағы уақытта саябақтың ішіне төсеуіш төселіп, түнгі жарықшамдар орнатылады және қақпалар жаңадан ауыстырылады. Сонымен қатар, орталық алаңда тұрған белгісіз салдаттың ескерткіші сырланып рең беріледі және тағы басқа да жұмыстар жүргізіледі. Қазіргі таңда мұнда жөндеу жұмыстары қарқынды. Жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң ауыл тұрғындары сәні артқан саябақта серуендейтін болады.
Түркістан қаласында ардагерлер ардақталды
Түркістан қаласында 1 қазан – Қарттар күніне және Республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына – 35 жыл толуына орай мерекелік іс-шара өтті.
«Өткенін ескермеген өшеді, өткенін қастерлеген өседі» демекші, игі шараға еңбек ардагерлері мен кеңес мүшелері, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Таңғатаров және қалалық мәслихат депутаттары қатысты.
Мерейлі шарада қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков ардагерлерді құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
«Ардагерлер кеңесі 35 жылдың ішінде ұйымдық тұрғыдан нығая түсті. Сіздер қоғам өміріне белсене араласып, халықтың береке- бірлігі жолында тер төгіп жүрсіздер. Қадірлі ардагерлер, баршаңызға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, күш-қуат тілеймін», - деді қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков өз сөзінде.
Ардаргерлер кеңесінің құрылуы мен өркендеуіне жергілікті ардагерлердің сіңірген еңбегі орасан зор. Осы орайда, қоғамдық өмірде белсенділігімен ерекшеленген бір топ ардагерге арнайы мерекелік медаль тапсырылды. Серік Килибаев пен Серік Ахаевқа «Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін» медалі табысталды. Мерекелік кеш қалалық мәдениет үйі дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетсек, Ардагерлер ұйымы 1987 жылғы 21 наурызда құрылған. Бүгінде қоғамда өзіндік орны бар іргелі ұйым өңірдің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді атсалысып келеді.