Түркістан төрінде жастардың басын қосып, ерлік пен өрліктің, асқақ рухтың қалай болатынын көрсеткен салтанатты жиналыс болып өтті. Осы бір алқалы жиынды өзгеден бөлекше етіп, даралап көрсетіп тұрған дүние патриоттық рух.
Содан да еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған оқушылар ел мен жерге деген сүйіспеншілігін, асқан құрметін түркінің қасиетті төрінде байсалды да салмақты жеткізе білді. Кешегі Мағжан ақынның сенімін ақтап лапылдап тұрып лаулап жанғандай жақсы әсер қалдырды.
«Патриотизм - терең білім мен еңбекқорлықтың негізгі бастауы» деп аталатын lV жас патриоттар форумы биыл жаңаша леппен өз шымылдығын ашты. Оқушылардың бойындағы патриоттық сезімді, отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыру, терең білім алуларын қамтамасыз етуді мақсат еткен айтулы форум төртінші мәрте қатарынан ұйымдастырылып отыр.
Білімге деген ұмтылыс, еңбекқорлық, патриотизм деп Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа Қазақстанның жастары үшін үш маңызды басымдығы негізінде қолға алынған бүгінгі дүбір бір мақсат пен бір мүдде жолында жүзеге асып келеді.
Түркістан облысы адами əлеуетті дамыту басқармасы мен «Балдəурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығы бас болып ұйымдастырған атаулы жиынға Түркістан облысы адами əлеуетті басқармасы басшысы Дінислам Болатханұлы, Қазақстан Республикасы Республикалық ұлан қолбасшысы, генерал-лейтенант, профессор, Ресей Федерациясының Əскери ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі Абай Тасболатов, «Құрмет» орденінің иегері, Ы.Алтынсарин білім академиясының корреспондент мүшесі, Білім саласының бірнеше құрмет медальдарының иегері, «Жас патриоттар академиясының» идея авторы Тильдаш Битуова, «Балдəурен» РОСО бас экс-директоры Толепбай Мухитдин және орталықтың бас директоры Сержан Алибаев, Қазақстандық жас патриоттар Академиясының мүшелері, делегация жетекшілері, қаһармандық іс жасаған мектеп оқушылары қатысты.
Еліміздің үздік те дарынды, қарымы мен танымы бөлек, ұлттық рухы мықты кіл жүйрік жастарының басын қосқан Қазақстандық жас патриоттар Академиясы жастар санасына үлкен бұрылыс жасауда. Олай деуіміздің басты себебі «Балдəурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалатын талантты жастарды іріктеуден басталған алғашқы харекет бүгінде өз биігін бағындырып отырғаны анық.
Біз осы бір үкілі үміттердің шабысы мен аяқ алысына дән риза бола отырып, «Жас патриоттар академиясының» идея авторы Тильдаш Битуова апайымызбен азды-кем сөйлестік. Өзі ұзақ жыл білім саласында айтарлықтай еңбек етіп тер төккен, ұлтына адал қызмет еткен абзал жан зейнет жасына шықтым деп қарап жатпаған екен. Жастардың санасына жаңа бағытта қалай сілкініс жасасам деп жүргенде іздегені алдынан шыққан көрінеді.
«Зейнетке шыққаннан кейін енді қоғамға , елге, жұртқа пайдам қалай тисе екен деген ойда жүргенде сол кездегі «Балдəурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығының директоры Толепбай Мухитдин маған арнайы жолығып, жұмыс ұйымдастырсақ деген ұсынысын айтты. Пәндік олимпиада өткізсек деген сыңай танытты. Екінші рет іздеп келгенде бірден ескерттім. Олимпияданы барлығы өткізіп жатыр. Оған ұмтылып жатқандар көп. Біздің қоғамда кенжелеп қалған, тіпті ақсап тұрған саланың бірі тәрбие. Енді осыған бағытталған жүйелі жұмыстар қолға алсақ қалай болады деген ойымды айттым. Ұлтына жанашыр ұл-қыздардың өсіп шығуы жолында Жас патриоттар академиясының құрсақ дедім. Басында ол кісі тосырқап қалды. Дегенмен өзім барлық ережесін, жүйесін жасап беретінімді айтып көндірдім. Осылайша 2016 жылдың 22 ақпанында «Балдəурен» орталығында жиын өткізіп, академияның ағашқы іргетасын қаладық. Мұнда екі түрлі ой осы істі бастауыма түрткі болды. Алғашқысы Рейхстагқа алғашқы болып Жеңіс туын тіккен Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туының көшірмесі бірінші болып осы орталыққа әкелінгені. Екіншісі, еліміздегі барлық салада үздік балалардың осы орталықта 20 күндей (әр демалысқа 388 бала келеді) демалатын мүмкіндіктерінің болуы», - деп өткенді еске алды Тильдаш Рысқұлбекқызы.
Алғаш шаңырағын көтерген Жас патриоттар академиясы өз ішіндегі ережелер мен қағидаларға сүйене отырып демалуға келген 388 баладан 30 баланы алғашқы мүшелікке қабылдап өз жұмысын бастайды. Мүшелік куәлік табысталғалы ниет білдірушілер мен ынталы патриот жастардың қатары жылдан жылға артып келеді. Алты жылда мүшелер саны 3008 патриотқа жеткен. Жылына екі мәрте академия күні болып бекітіліп, тақырыптық форумдар өткізу дағдыға айналған. Бүгін қатарынан төртінші форум өз мақсаты мен міндеттерін атқаруда.
Қазақстандық жас патриоттар Академиясы жастардың қанаттануы мен қалыптасуын, биіктерді бағындыру мен ұлттық танымын тереңдете түсуге айтарлықтай оң ықпал етті. Оның анық дәлелі форумда академия мүшелерінің атынан өңір-өңірлерде айтылған ақжарма тілектердің өзі нағыз патротизмның үлгісін көрсеткендей. Сондай ізгі де өрт тілектердің бірнешеуіне назар аударып көрейікші:
Абай облысының жас патриоттары «Алашорда бесігі, хакім Абай дүниеге келген Абай облысының жастары, ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы айтқан: «Басқалардан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек, бай болуға – кәсіп керек, күшті болуға – бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген өсиетті мәңгі есте сақтап, білімді нығайтып, бірлікті шыңдап, әлемнің озық елдері қатарында көк туымызды желбіретеміз!» деп тебіренеді.
Келесі Ақтөбе облысының жас патриоттары
«Қобда, Нева суларын сүйіп өскен,
Әсем гүлін құшаққа жиып өскен.
Аққу құстың бейне бір баласындай,
Сұлу сазды жастықтың күйін кешкен. Әлемнің сөзінде аты алтын әріптермен жазылған, өткен заманның батыры – Әлия апамыз, қазіргі заманның батыры – Димаш Құдайберген, болашақтың батырлары оқу алаңында, еңбек майданында біздер боламыз» деп толғайды.
Осылай тізбектей берсек әр облыстағы жас патриоттар өздерінің асқақ мұраты мен сенімін жүрегімен жеткізіп, ынтасымен паш етеді. Ал, жалпы жиналысқа қатысқан төрт жүзге жуық жастарды ауыр ойға, терең мұңға батырып, зор сенімге жетелеген өртті сөз болды. 50 жылдан астам уақыт білім саласында ат терлеткен 81 жастағы ардагер ұстаз Нəсіп Бекешованың ыстық ықыласы, жас патриоттарға деген ақ тілегі жүрекке жетті.
Қорыта келгенде ел болашағы аталған жастарды асқақ рух пен сенімге жетелейтін, патриоттық таным қалыптастырып елге қызмет етуге бағыттайтын Қазақстандық жас патриоттар Академиясының маңызы ерекше. Кезекті форумның Тұран төрінде өтуінің мәні мен маңызы зор. Ұлттық сезім мен түркі әлеміне деген ыстық махаббаттың осы жерден лапылдап жануы құптарлық. Білім көшінде өз әлемін қалыптастырып келе жатқан кез-келген жастың асқақ патриоттық сезімі қуатты ұлт құруымыздың кілті болып саналмақ.