Түркістанда келесі жылы халықты ауызсумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек. Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков 9 айдың қорытындысы бойынша өткен брифингте мәлім етті.
– Түркістанда ауызсумен 37 655 абонент қамтамасыз етілген. Өткен жылы су жинау резервуарлары (Шобанақ, Әкімшілік-іскерлік орталығы) арқылы 56 000 м3 су жиналып, халыққа берілуде. Оның қамту көрсеткіші 82,5 пайыз болса, биыл 98,5 пайызға жетеді. 2023 жылы тағы 4-нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Олар - Мақтазауыт,1-2 м/а, Яссы-Шауғар, Жаңадан қоныстанған аумақтар. Соның нәтижесінде, 9461 абонентке жаңа ауызсу желісі тартылады. Яғни келесі жылы қаланы ауызсумен қамту көрсеткіші толықтай 100 пайыз болады, - деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.
Шаһар басшысының айтуынша, Түркістан қаласы аумағында орталықтандырылған кәріз жүйесімен 12 297 абонент (32,2 пайызы) қамтылған. Өткен жылы жоба бойынша қуаттылығы тәулігіне 20 мың м3 сарқынды су тазарту ғимараты іске қосылса, биыл жалпы 14 жоба іске асырылуда. Қазір 3 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, 6-ның құрылысы жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, 33 937 абонент сапалы электр қуатымен қамтылған. Өткен жылы 3 нысанның құрылысы жүргізіліп, 90 пайыз жұмысы орындалды, яғни 3897 абонент сапалы электрге қол жеткізді. Пайдаланушылардың қамту көрсеткіші 84,9 пайыздан 94,7 пайызға артты.
Одан бөлек, 6 сектор бойынша 39 937 абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылды. Бүгінгі күні көгілдір отынды 38 060 абонент дербес шот ашып пайдалануда. Бос жер телімдерін қоса алғанда толық табиғи газды пайдаланушылар саны биыл 95 пайызға жетті.
Әкімнің мәлімдеуінше, құрылыс саласы бойынша 2021 жылмен салыстырғанда қабылданатын үйлер саны 6,2% есеге артқан. Қазіргі уақытта «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 409,3 мың ш.м. құрайтын 111 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биылғы 9 айда 288,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өз кезегінде 2021 жылғы 9 аймен салыстырғанда (87,4 мың ш.м.) 3,5 есеге артты. Нәтижесінде 2667 пәтерлі 42 тұрғын үй пайдалануға берілді.
- Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістанға арнайы келіп, облыс зиялыларымен кездескені белгілі. Осы сапар барысында Президент тұтас түркі жұртының ықыласы ауған Түркістандағы өзгерістерге оң бағасын берді. Сондай-ақ киелі шаһарға рухани және тарихи елорда мәртебесін беру туралы Үкіметке тапсырма бергенінің куәсі болдық. Бұл орайда, қастерлі шаһарда игілікті істер жалғасады, тұрғындарға жайлы әрі қолайлы орта қалыптастыру – біздің басты міндетіміз, - деді қорытынды сөзінде қала әкімі.