Түркістан облысында туризм саласындағы көрсеткіштер айтарлықтай өсуде. Шектеулер мен карантиндік шараларға қарамастан, былтыр туризм саласында көрсетілген қызметтер көлемі 3.85 миллиард теңгені құрады. Яғни бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 209 пайызға өскен. Әрине бұл жетістікте облыс орталығы киелі Түркістанның алар орны ерекше. Мысалы, Түркістанған былтырғы жылдың 9 айында 1247,2 мың турист келсе, ағымдағы жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 1310,5 мың адамға жетті. Оның ішінде 2021 жылы шетелден 4,4 мың адам келген болса, 2022 жылы 4,8 мың адамға арту динамикасы байқалуда. Былтыр 1417 мың адам келген.
Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков жыл басынан бергі 9 айдың қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне берген брифингте осындай деректер келтірді және орналастыру орындарының саны 2021 жыл 9 айында – 45 болса, биылғы тоғыз айда – 57-ге жеткенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында туризмді, әсіресе экотуризм мен этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажеттігін міндеттеген болатын. Сондай-ақ Президент өңірлерге жасаған іссапары барысында халықпен кездесуінде мемлекет кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау үшін тиімді тәсілдер қолданып жатқанын, гранттар, шағын және жеңілдетілген несиелер берілетінін атап өтті. Аймақтағы кәсіпкерлердің санын айтарлықтай көбейту үшін мемлекет тарапынан қолдау шараларын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ Президент ел ішінде бизнесті қолдау саясаты туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу қажеттігін ескертті. Осы орайда, яғни кәсіпкерлікті дамыту мақсатында облыс орталығы Түркістанда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Түркістан қаласы бизнесті қолдау және туризм бөлімінің мәліметінше, өнеркәсіп саласында 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 15408,9 млн теңгенiң өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда өсім 1,1 пайызға артты, өнеркәсіптің басымды саласы өндеу өнеркәсібінде 9835,6 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 104,8 пайызды құрады. Электрмен жабдықтау, газ, бу беру көлемi 4220,9 миллион теңгенi құрап 120,9 пайызға артты. Өнеркәсіп өнімі бойынша қала облыс көлемінде қала аудандар бойынша 4 орында. Биыл жоспар бойынша құны 706.8 миллион теңге және 48 жұмыс орнын құрайтын 3 жоба осы жылдың соңында іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінде «Баянды Құрылыс» ЖШС мен "Оспан" ЖК құрылысы аяқталып іске қосылған, 37 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал «EuroBlock Production» жобасы құрылысы жыл аяғына дейін іске қосылады деп күтілуде. Сонымен қатар, ағымдағы жылы индустриалды аймаққа құны 3 миллиард теңге болатын және 166 жаңа жұмыс орнын құратын 4 жоба тартылып, Өңірлік Үйлестіру Кеңесінің оң қорытындысын алды және «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына» ұсыну жұмыстары жүргізілуде.
Биылдың 9 айында шағын және орта кәсiпкерлiкпен айналысатын 16052 субъект тiркелiп, оның iшiнде жұмыс iстеп тұрған белсендi субъектiлерiнiң саны 15701 немесе 97,8 пайызды құраған. Жұмыспен қамтылған адам саны 33465 және өнiм көлемi (жұмыс, қызмет) 193,6 миллиард теңге, бюджетке төленген салық көлемі 5,807 млн тенге болып отыр. Белсенді шағын және орта бизнес субьектілердің толық статистикалық есептілік тапсыруын қамтамасыз ету, олармен төленетін міндетті төлемдерінің өтелуін қадағалау бойынша статистика басқармасымен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпкерлерді аз пайызбен несиелендіру бойынша 2022 жылдың 1 қараша айына «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-ы 200,0 миллион теңгені құрайтын 18 жобаны қаржыландырды. Ал «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасының 1-бағыты аясында 7 жоба 620,0 миллион теңгеге субсидияланып, 52 жоба 552,7 миллион теңгеге кепілдендірілген. Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша индустриалды аймақта орналасқан екі жоба ТОО "Ali Construction Group", ТОО "TECHTRONIC- STROY" трансформатормен және ішкі қосымша инфрақұрлыммен қамтамасыз ету үшін 300 миллион теңге көлемінде несиеленген. Аталған бағдарлама аясында Түркістан қаласынан қайтарымсыз грант алуға 35 азамат өз жобаларын қорғап нәтижесінде 6 адамның жобасы қаралымда. Жалпы алғанда «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында 142 жаңа жұмыс орындары ашылып тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2025 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында «Ырыс» МҚҰ-ның Түркістан қаласына бөлінген қаражат есебінен басым бөлігі туризм саласындағы жобаларға қолдау көрсету жоспарланып отыр.
Кәсіпкерлікті дамытудың негізінде жұмыссыздықты азайту, тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсарту сынды ізгі мақсаттар жатқаны анық. Мысалы Түркістанда жүзеге асырылып жатқан 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында 6912 адам жұмыспен қамтылған. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков былтыр өнеркәсіп саласы бойынша өнім көлемі 14,8 миллиард теңге көрсеткішке ие болса, биылдың тоғыз айында нәтиже 15,4 млрд теңгеге жеткенін, яғни өткен жылғы көрсеткіштен 3,8 пайызға артқанын атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыру– алдымызда тұрған аса маңызды міндет екенін айтты. Президент тапсырмасы қазіргі таңда киелі шаһарымызда жүйелі іске асып, өз нәтижесін беруде. Киелі қалада туризмді дамыту – уақыт талабы. Бұл орайда туризм және басқа да салаларға инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде. Биыл Түркістан қаласына 179,1 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бұл ретте, 9 айдың ішіндегі көрсеткіш 192,1 миллиард теңгеге жетіп отыр. Жалпы 2019-2023 жылдар аралығында 95 инвестициялық жоба мақұлданып, 761 миллиард теңге инвестиция тарту көзделген. Оның ішінде биыл шетел инвесторлары есебінен 7 жоба іске асырылып, 278 жаңа жұмыс орны ашылды», – деді Нұрбол Әбсаттарұлы.
Сонымен қатар, «Turkestan» индустриалды аймағында 2016-2022 жылдар аралығында 8,6 миллиард теңгені құрайтын 19 жоба іске қосылып, 857 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 900 миллион теңгені құрайтын «Асфальт бетон», «Газоблок», «Газобетон» зауыттары жыл соңына дейін іске қосылады. Ал баспанамен қамту саласында 2022 жылдың 9 айында 288,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Нақтырақ айтқанда 2 667 пәтерлі 42 тұрғын үй ел игілігіне тапсырылды. Инфрақұрым бойынша да шаһарда оң өзгерістер бар. Қазіргі таңда қала аумағында 37 655 абонент таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін таза ауыз сумен қамту деңгейі 98,5 пайызға жетпек. Ал сапалы электр қуатымен қамту көрсеткіші биыл 84,9 пайыздан 94,7 пайызға артқан. Түркістан қаласын газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп, 39 937 абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылған. Бүгінгі күні көгілдір отынды 38 060 абонент дербес шот ашып пайдалануда. Бос жер телімдерін қоса алғанда толық табиғи газды пайдаланушылар саны биыл 95 пайызға жетті.
Қала әкімінің айтуынша, жол саласында 2022 жылдың қорытындысымен қалада жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 37,4%-дан 40,3 пайызға артпақ. Қала ішінде жалпы 21 бағытта 220 қоғамдық көлік қатынайды. Аталған көліктердің 78-і сыйымдылығы жоғары болса, қалған 142-сі шағын автобустар. Былтырдан бастап қала ішінде экологиялық стандарттарға сәйкес 78 жаңа автобус алынды, нәтижесінде қаладағы қоғамдық көліктердің 34 пайыз жаңарды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының республика бойынша 2 миллиард ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасын орындау бойынша да өңірде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыс бойынша 5 жылда 132 мың гектар жерге 210 миллионнан аса көшет отырғызу жоспарланған. Сонымен қатар облыс әкімдігінің бастамасымен Түркістанда 2019-2022 жылдары қала айналасынан 7700 гектар жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланды. Бүгінгі таңда барлығы 13629 гектар жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда. Алдағы уақытта «Жасыл белдеу» аумағын 30 мың гектарға жеткізу көзделуде. Бүгінде Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қала аумағында саябақтар мен аллеялардың көлемі артып, 495 гектарға жетті. Оған қоса, қала аумағында көгалдандырудың жаңа технологияларын қолдану нәтижесінде көшеттердің өнімділігі артып, газондардың жақсы өніп-дамуына қол жеткізілді. Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65 пайызға төмендеген. Қаланың экологиялық жағдайы тұрақталып, анағұрлым жақсарып келеді. Бұған су жүйелерін жаңғырту, жасыл алқаптардың көбеюі, қаланың толықтай табиғи газ жүйесіне қосылуы оң әсерін беріп отыр.
Кәсіпкерлік қызметте инвестициялық жобалардың орны ерекше. «Sembol Construction» компаниясы Түркістанға кезекті инвестициясын салып, ауқымды жобаларды жүзеге асырмақ. Атап айтсақ, өңірде кабель және керамикалық өнімдер мен сантехника шығаратын зауыт ашуға ниетті. Бұл орайда компанияға арнайы экономикалық аймақтан жер, инфрақұрылым ұсынылмақ. Компания ұсынып отырған екі жоба жүзеге асса, өңір экономикасына оң серпін береді деп күтілуде. Бірінші жоба – кабель шығаратын зауыт. Оның инвестициялық құны – 84 млн АҚШ доллары. Кабель өнімдері мен түрлері шығарылатын зауытта түркістандықтар жұмыспен қамтылады. Жылына 12 мың тонна өнім шығару жоспарланған. Екінші жоба – керамика өнімдері мен сантехника шығаратын зауыт. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 6 млн шаршы метр. Инвестициялық құны – 150 миллион АҚШ доллары. Зауыт салу жұмыстарымен осы салада тәжірибесі бар түркиялық компаниялар айналысады. Керамикалық өнімдер шығаратын зауытта Италияның құрылғылары орнатылмақ. Соңғы технологиялар қолданылады. Аталған зауыттарда 1000-ға жуық жұмыс орны ашылмақ. Бүгінде Қазақстан кабель мен керамикалық өнімдердің басым бөлігін шетелден импорттайды. Нақтырақ айтсақ, елімізге 150 млн долларға керамикалық плиткалар, 37 миллион долларға санфаянс, сондай-ақ 236 миллион долларға кабельдер мен сымдар тасымалданған. Яғни Түркістанда іске қосылатын зауыттар арқылы отандық өнімнің үлесі артатын болады.