Оқушылар сарайы – балалардың шабытын шыңдаған орталық

Screenshot_7.png

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Сондықтан ертең елге тұтқа болар тұлғалардың тәрбиесіне бүгіннен көңіл бөлген абзал. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Бүгінде IT мен биотехнология саласындағы революциялар адамзаттың өмірін өзгертуде. Сондықтан білім беру жүйесі жаңа өмірге тез бейімделуі қажет. Әлемдегі жетекші мектеп­тер балалардың креативті әлеуетін дамытумен айналысады, сандық технологиялар мен нақты ғы­лым­дарға үйретеді, – дей келе, Қазақстанның дамыған ел қатар­ына қосылуының кілті сапалы, қолжетімді және заманауи білімде екенін айтты. Бұл үшін осы саланың дамуына жаңа, қуатты серпін беру маңызды.

Қасиетті Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін иеленген бойда тәуелсіз қазақ жұртының ғана емес бүтін түркі әлемінің рухани астанасы атанған бұл шағын шаһарда көптеген әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандары мен көп қабатты тұрғын үйлер жедел бой көтергені баршамызға белгілі. Солардың қатарында былтыр ел игілігіне берілген заманауи үлгідегі оқушылар сарайы. Мұнда түркістандық жас жеткіншектер түрлі үйірмелерге қатысып, ғылыммен айналысып, зерттеу жүргізіп, шығармашылықпен шұғылдануға үлкен мүмкіндіктер қарастырылған. Балалардың бойындағы талантын шыңдап, білім, ғылым, өнерге баулып жүрген орталықты бүгінде Индира Ипакова басқарып отыр. 

Ғимараттың жалпы көлемі 12  мың шаршы метрді құрайды. Яғни белсенді жұмыс істейтін ашық педагогикалық жүйенің құрамындағы алпысқа жуық үйірмеге қатысатын бір мыңнан астам шәкірттің қосымша білім алуына барлық жағдай жасалып, жан-жақты мүмкіндіктер толық қарастырылған. Осы үйірмелерді жіктесек: Технопарк, «Sana» IT орталығы, Өнер орталығы (кескіндеме, қолөнер, зергерлік өнер, мүсін және керамика, былғары жұмыстары, суретші), Тіл үйрету орталығы (5 шет тілі), Ғылым орталығы (Республикалық физика-математика мектебіне, Білім инновация лицейіне, Назарбаев зияткерлік мектебіне, Дарын мектептеріне түсу үшін оқушыларды дайындайды).

Шығармашылық орталығы (вокал, актерлік өнер, сатира өнері, би, дәстүрлі ән, аспаптарда орындау), шахмат, балалар тележурналистикасы, анимация, фото-бейне түсірілімдерді монтаждау. Бұл жаңа үлгідегі заманауи оқушылар сарайының басқа қосымша білім беру орталықтарынан бір ерекшелігі негізінен балалардың қызығушылығын уақыт үдерісіне сай техникалық бағыттарға бұруға басымдық беруімен дараланады. Сондықтан ел аумағындағы кәсіби білікті мамандарды арнайы шақырып, олардың тағылымды тәжірибесін жастарға үлгі өнеге ретінде көрсету қолға алынған.

«Біздің ресми жұмыс істей бастағанымызға бір жылдан  енді асты. Осы уақыт ішінде мүмкіндігінше балалардың қызығушылығын арттыруға әрекет етіп жатырмыз. Әуелде 60-қа жуық үйірме ашу жоспары бекітілген еді, қазір балалар мен мамандардың сұранысына орай 40 шақты үйірме жұмыс істеп тұр. Олар өнер, шығармашылық, ғылым, тіл, спорт және IT секілді 6 бағытта қызмет көрсетеді. Оқушылар сарайына аудандардан да келіп, үйірмеге қатысатын балалар баршылық. Дәл қазір біздегі үйірмелерге мыңнан аса бүлдіршін келеді. Олардың көпшілігі гимнастика, жекпе-жек, таеквондо сияқты спорттық бағыттарға, одан кейін домбыра, вокал және робототехника, суретші-аниматор үйірмелеріне жазылған. Ғылымға қызығатын балалар да аз емес. Әр пән бойынша қосымша сабақ алуға да жағдай жасалған. Атап өтерлігі, үйірмелер тегін. 

Балаларын үйірмеге тасып, олардың жан-жақты дамуына қолдау білдіріп жүрген ата-аналарды қатты құрметтеймін. Олар бізге риза. Бұл біздің құлшыныспен жұмыс  істеуімізге шабыт береді»,- дейді оқушылар сарайының директоры Индира ханым.  

Мұндағы роботты техника үйірмесіне қатысушы балалар оқытушы ұстаздарының ақыл-кеңесімен шағын құрылғыны құрастырып шығарыпты. Ортақ мақсатқа сәйкес бірлескен түрде жасалған бұл ұшу аппараты арнайы енгізілген бағдарламаға сәйкес белгіленген тапсырмаларды орындай алады. Осы бейне жазба камерасы мен белгі беретін түрлі датчиктері бар кішкентай жер серігі гелді шардың көмегімен әуе кеңістігінде он мың метр биіктікке дейін екі сағат бойы жұмыс жүргізуге қабілетті. Нәтижесінде желдің қозғалыс бағыты мен күн райының құбылмалы өзгерістері, ауаның ластануы туралы аппараттан алынған маңызды ақпараттар өңделіп, ғылыми тұрғыдан зерделенеді. Жаңашыл жастардың математика, физика, астраномия, ақпараттық технология және роботты техниканың құпиясы мен сырына қанығу арқылы техникалық бағыттағы таным көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік беретін бұл UniSat ғарыштық ғылыми әдістемелік негіздегі отандық ХАБ тек  оқушылар сарайында ғана бар екен. 

Осы оқушылар сарайының басшылығы тігін үйірмесіне қатысатын ұл мен қыздарға заманауи үлгідегі сәнді киімдерді ұлттық нақышта тігуді үйретумен қатар, перзент тәрбиесімен үйде отырған қолы бос дипломы жоқ көп балалы аналарды қолдау мақсатында «Ісмер ана» жобасын қолға алыпты. Басты мақсат – бір ай мерзімге жоспарланған арнайы курс арқылы ісмерлікті үйренуге ынтасы мен ықыласын танытқан әйелдерді құрақ жасау, тоқыма тоқу сынды тігін тігудің түрлі бағыттарына бейімдеу.

Олардың қолынан шыққан зерлі шапандар мен сәнді көйлектерге қоса кестелі қол сөмкелерді құрайтын бірегей бұйымдары мәртебелі меймандар тамашалайтын мың бояулы мұражай сияқты көрікті орындадағы үздік үлгілердің топтамасына қойылған. Бүгінге дейін қырық адам оқып шыса, белсенділері түрлі стартаптарға қатысу екен. Қаржылай гранттан үміткерлер де бар. Дараланған бесеуі шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған мемлекет пен түрлі қаржылық ұйымдар ұсынған жеңілдіктер арқылы қажетті керек-жарақ пен техникалық құралдарды сатып алып, жеке кәсіпкерліктерін бастапты.

Іскерлігін ресми түрде рәсімдемесе де үйінен қыздың жасауын дайындап, көрпе-жастық тігетіндер, тақия мен шапанға тапсырыс қабылдайтындар да аз емес көрінеді. Демек бұл жаңа жобаның жергілікті ақжаулықтылар үшін тиімді әрі пайдалы болғандығының нақты дәлелі. – Түркістан қаласындағы 10 сыныпта оқитын Нұркелді есімді оқушымыз бір жарым жылдан бері тігін үйірмесінің дизайнерлік бағытында қосымша білім алып жүр. Әр түрлі киімдерді ұлттық нақыштармен заманауи үлгіде безендіру бойынша ұсынған пиджагына қарап болашағынан үлкен үміт күтуге болады.

Бұл бірегей қосымша білім беру орталығының тағы бір жаңалығы облыс аумағындағы аудандар мен қалаларға барып, оқушылар сарайының жергілікті филиалдарының ашылуына байланысты «Ашық есік» күндерін ұйымдастыруы дер едік. Жергілікті тұрғындар мен қонақтар «Қолөнер», «Ағаш өнері», «Зергерлік өнер», «Мүсін және керамика» және тағы да басқа көптеген үйірмеге қатысушы шәкірттердің төл туындылары қойылған арнайы көрмені тамашалап, оқушылар сарайы ұжымының атқарып жатқан жұмыстарымен танысады. Жиналған жұртшылық қолдан жасалған түрлі бұйымдарға қызығушылықпен қарап, қосымша білім беру орталығының қызметіне жоғары бағасын беруде.

Жаңа технологиялар әлеміндегі балалар мен жастар шығармашылығы ұғымының өзгергенін түсіну инновациялық әдістемелерді белсенді енгізуді, заманауи құрал-жабдықтарды кеңінен қолдануды қажет етеді. Осы мақсатта түрленген Түркістан төріндегі қосымша білім берудің басты ордасына айналған Түркістан облыстықадам әлеуетті дамыту басқармасына қарасты заманауи үлгідегі жаңа оқушылар сарайы қаланың көркем келбетін көрік қосумен қатар аймақтағы қосымша білім беру саласының ілгері дамуына тың серпін бере бастағаны байқалады.

Ашылғанына көп бола қоймаса да, бұл үйірмелер ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп үлгерді. «Суретші-аниматор» үйірмесіне қатысушылар жасаған анимациялық жұмыс өткен күзде Түркістанда өткен халықаралық «ÁMEN» анимациялық фильмдер фестивалінде «Креативті көзқарас» номинациясымен марапатталды.  Балалар кәсіби мамандармен бірге бәйгеге түсті. 

« Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды «Балалар жылы» деп жариялай отырып, «Бұл жылды тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында балаларды қорғау мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы керек» деген болатын. 

Бұл балалармен тікелей жұмыс істейтін Оқушылар сарайына да үлкен жауапкершілік жүктегені белгілі. 

Осы ретте жыл басында ұжым «14 ақпан – халықаралық кітап сыйлау күніне» балалар арасында кітапқа деген қызығушылықты арттыруға және оның құнды сыйлық бола алатынын түсіндіру мақсатында «Кітап сыйла» акциясын өткізген. Аталған  ғимаратта ашылған кітапханаға кез -келген оқушы, ата-ана бос уақытында келіп, кітап оқып кете алады. Кітапхана қоры «Кітап сыйла» акциясының аясында мыңға жуық отандық және шетелдік авторлардың шығармаларымен толыққан. Кітап оқып өскен баланың парасатты болмауы мүмкін емес! 

 Оқушылар сарайы балаларды ресми түрде 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап қабылдады. Бір жылдың ішінде бағындырған белестер аз емес. Оқушылар республикалық, халықаралық додаларда бой көрсетіп жүр. Шәкірттердің бірқатар жетістіктерін атап өтсекн. Мысалы, «Сурет» үйірмесінің оқушылары Бақыт Толғанай, Еркебұлан Бердалиев Нұр-Сұлтан қаласында өткен ХІV Халықаралық «ALASH STAR» байқауынан бас жүлдені иеленіп келген. 

«Киім моделін жобалау» үйірмесінің қатысушылары Қайрат Тұрар мен Жұмабек Нұргелді секілді жас дизайнерлер да түрлі байқауларда ерекше көзге түсіп жүр. 

«Вокал» үйірмесіндегі Асқар Курешовты да ерекше атап кеткім келеді. Ол Алматыда өткен халықаралық байқауда бас жүлдені жеңіп алды. «Дәстүрлі ән» үйірмесінің қыздары да халық әндерін тамылжыта орындағанда көпті тәнті етеді»,- дейді мекеме басшысы Индира Сарқытқызы. 

Ұжымның тағы бір жағымды жаңалығы «Оқушылар сарайы»  ЮНЕСКО клубтарының мүшесі атанды. Жақында ғана Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының президенті Болат Оралұлы Ақшолақовтың төрағалығымен «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры Федерация Кеңесінің кезекті отырысы өткен болатын.

Алқа отырысына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының директорының міндетін атқарушы Магнус Магнуссон, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Байсабаева Әлия, Түркістан Оқушылар сарайының директоры Индира Сарқытқызы мен Қазақстандықьмекеме басшылары қатысты.

Отырыс барысында ЮНЕСКО клубтарының Қазақстан ұлттық федерациясының 2023 жылға арналған қызметінің перспективалық жоспарын бекіту мәселелері, кандидат клубтарына ЮНЕСКО клубтарының мәртебесін беру мәселелері және ЮНЕСКО клубтарын ашуға өтінімдер қаралды.

Алқа мүшелері Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Абай облысында ЮНЕСКО клубтары федерациясының үш Аймақтық өкілдігін ашу туралы мәселені бірауыздан мақұлдады.

Аталмыш жиында  Оқушылар сарайының жобалары мен ЮНЕСКО клубтарының федерациясымен бірге атқарған жұмыстарын Индира Сарқытқызы таныстырды. Еңбегіміщ еленіп, Түркістан Оқушылар сарайы ЮНЕСКО клубтарының мүшесі болды.

Болат Ақшолақов өз сөзінде Қазақстанның ЮНЕСКО-ға кіруінің 30 жылдығын және ЮНЕСКО клубтары қозғалысының құрылғанына 75 жыл толуын мерекелеу жылында клубтардың балалар мен жастардың дамуына зор үлес қосып отырғанын атап өтті.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сын­ұлының «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бас­тауы­мыз керек» деген сөзі бар.  Балаларды білім жолына салып, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу-білімнің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның міндеті саналады. Қандай мықты мемлекет болмасын, жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалау үшін, ең алдымен  сол елдің кішкентай азаматтарының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керек. Еліміздің болашағы балалардың жан-жақты, дарынды, білімді, өнерлі болып өсіп-жетілуіне жағдай жасап отырған Оқушылар сарайының жетістігі мұнымен тоқтамай, болашақ вундеркинд, ғалымдардың түлеп ұшатынына сеніміміз мол. 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер