Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл халыққа арнаған Жолдауында:
-Жалпыхалықтық референдумда қабылданған конституциялық өзгерістер Әділетті Қазақстанның символына айналды Біз Ата заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан, мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан жүзеге асыра бастауды тапсырамын,деген болатын.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына орай Түркістан қаласында Әсел Бимырзаеваның ұйымдастыруымен «Армандар орындалады» атты іс-шара болып өтті. Бұл іс-шараға қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Асылбекұлы қатысып, арнайы шараның ашылу салтанатында сөз беріліп, бүлдіршіндерге ыстық ықыластарын жеткізді. Сонымен қатар Мақсат Асылбекұлы ерекше балаларға қолдау көрсетіп, қоғамдық белсенділік танытып жүрген Әсел Бимырзаеваға қалалық мәслихат атынан алғыс хат табыстады.
Республика Президенті Қасым - Жомарт Тоқаев балаларға ерекше назар аудару керектігін, өйткені олардың әл-ауқаты Қазақстанның табысты болашағының сенімді кепілі екенін атап өткен болатын. Осы бағытта бүгін балалардың жазған хаттары негізінде армандары орындалғандығына куәгер болдық. Мемлекет басшысы атап өткендей, балалар жылы «Ұрандар мен мерекелік іс-шараларды өткізу емес, ең алдымен, билік органдары тарапынан балаларды қорғау мақсатында, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты шаралар қабылдау. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы-біздің жалпыұлттық міндетіміз», - деген болатын президент. Мерекелік кеш жас буынның көңілінен шығып, жиын соңы концерттің бағдарламамен жалғасын тапты.