Медиакраттар медиафорумында «Масс медиа туралы» заң жобасы талқыланды

15 қарашада  Түркістан қаласында «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен  «Медиакраттар медиафорумы» өтті. Жиында талқыланған негізгі тақырып - «Масс-медиа туралы" Заң және журналистика тағдыры.    

Screenshot_4.jpg

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Сенат залында өтетін басқосуға ҚР Парламент депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, танымал медиатұлғалар, бірқатар өңірлердегі медиахолдинг басшылары мен еліміздегі жетекші БАҚ өкілдері қатысты. 

Онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылған     медиафорумда танымал спикерлер отандық медиа саласының бүгіні мен болашағы, ұлттық және аймақтық журналистиканың өзекті мәселелері, «Масс-медиа туралы» заң жобасына қатысты сарапшылық пікірлерін ортаға салды. Басқосуды модератор ретінде жүргізген Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Елшібай ақпараттық саясат саласының күн тәртібінде тұрған заң жобасын қабылдарда аймақтық журналистика өкілдерінің талап-тілектері ескерілуі тиістігін атап өтті.   

Screenshot_5.jpg

Басқосуда негізгі баяндаманы жасаған «AULIEATA MEDIA» холдингінің директоры, белгілі қаламгер, журналист ОРАЛХАН ДӘУІТ:

- Ақпарат саласында адам түсінбейтін реформаларға көп.  Өңірлердегі медиахолдингтердің жұмыстары ала-құла. Бір медиахолдингтің құрамында аудандық, қалалық газеттер енгізілсе, енді бірі облыстық басылымдардың ғана басын қосып отыр.  Үкіметтің газеттерді жекешелендіру жөніндегі шешімдері де біркелкі іске асқан жоқ. Қызылорда облысының газеттері сенімгерлік басқаруға берілсе, Ұлытау облысының мемлекеттік газеттері де, телеарнасы да түгелдей сатылып кеткен.

Облыстарда  мемлекеттік тапсырыстың бағасы да ала-құла. Мәселен, газеттерге берілетін мемлекеттік тапсырыстардың 1 кв см-нің бағасы Қызылордада – 120 теңге, Шымкентте – 165 теңге, Астанада – 318 теңге, Солтүстік Қазақстанда – 95 теңге, Ұлытау облысында 550 теңге, Алматы қаласында 428 теңге, Қарағандыда 762 теңге,- деді. 

Белгілі қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, ҚР Парламент Мәжілісіндегі «Масс-медиа туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, депутат Жанарбек ӘШІМЖАН, Парламент Сенатының депутаты Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ, Мәдениет және ақпарат министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат  департаментінің директоры Қайнар Ахетов пен бірқатар белгілі журналистер тақырып төңірегіндегі ойларымен бөлісті.    

Дархан МЫҢБАЙ: Блогерлер ешқашан журналистердің орнын алмастыра алмайды

Screenshot_10.jpg

Жиынға онлайн форматта қатысқан журналист, қоғам қайраткері Дархан Мыңбай:

- «Масс-медиа» туралы заң жобасында бірқатар жақсы жаңалықтар бар. Жалпы, БАҚ-тың басындағы қиындықтар тек біздің ғана емес, өзге елдерде де өтіп жатыр. Сондықтан, осындай қоғамның дамуы кезінде мұндай заңның болуы өте маңызды. Заң жағынан біз кешігіп қалмадық па деген ой да келеді. Бізде бір мәселе бар. Бір жағынан нарыққа кіргіміз келеді, екінші жағынан бұрынғы көп жағдайды сақтап қалғымыз келеді. Олай болмайды. Бір жағына шығуымыз керек. Мәселе жекешелендіруде, сенімгерлік басқаруда емес. Тіпті, осының барлығы нарықта реттелетін мәселелер. Бірақ осы жөнінде әлеуметтік зерттеулер керек еді. Жалпы, қазір әлеуметтік зерттеу бар ма? Жекешелендірудің тиімділігі қанша? Медиахолдингтердің жұмысы несімен артық? Осыны редакторлардан, журналистерден зерттеп жатқан ешкім жоқ. Ала-құлалық болғаннан кейін журналистердің де кәсіби деңгейі төмендеп барады. Ешқашан блогер журналистің орнын алмастыра алмайды. Журналист те блогердің орнын алмастыра алмайды. Осыны ұмытпау керек. Алайда, журналистикада дағдарыс бар екен деп айқайлай беруге де болмайды. Қоғамның дамуына ілесе алмай қалмағаннан гөрі, жаңа форматтағы жұмыс, жаңа ізденістер қажет. Журналистер осыны ескерсе екен дейміз», - деді.  

Жиында аталған заңды талқылау бойынша  Мәжілісте құрылған жұмысшы тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты ЖАНАРБЕК ӘШІМЖАН онлайн режимде қатысып, осы уақытқа дейін заң жобасына қатысты екі жүзден астам ұсыныс түскенін мәлім етті. Солнымен бірге жаңа заң жобасындағы жаңалықтарға да тоқталды.  

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ, Сенат депутаты: Өңірлік журналистикаға баса назар аударуымыз керек.

Screenshot_11.jpg

«Қазіргі уақытта да әр жерде өтіп жатқан қақтығыстардың қақ ортасында репортаж жасап жүрген журналистер де аз емес. Осы орайда, олардың қауіпсіздігі заң шеңберінде шешілсе дейміз. Екіншіден, өзіміздің өңірлік журналистикаға баса назар аударуымыз керек. Себебі, аймақтағы журналистердің жағдайы өте қиын. Аймақтарда үлкен бизнес жоқ, табыс тауып жарнамамен күн көретін мүмкіндік те жоқ. Тек мемлекеттік бюджетке тәуелді. Жергілікті әкімнің қолшоқпарына айналған БАҚ та аз емес. Олар тек жарнамалайтын органға айналып кеткен. Жалпы, жерілікті жердегі аймақтағы журналистиканың бәсекеге қабілеттілігін, тәуелсіздігін, ақпараттың шындығын жария етеміз дейтін болсақ, орталықтан заң жүзінде қорғауды қолға алуымыз керек. Яғни субсидия мәселесі, ол қандай деңгейде болуы керек, журналистер қалай қорғалуы керек деген мәселелерге назар аудару қажет», - деді жиынға Астанадан онлайн қосылған сенатор.  

Есенкүл КӘПҚЫЗЫ: Ақпараты мықты болса- мемлекет мықты

Screenshot_6.jpg

Ал, «Масс-медиа туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшесі Есенгүл Кәпқызы журналистен сапалы ақпарат алу үшін, оның өз жұмысын кедергісіз жасауына мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдау қажеттігіне тоқталды. Ол өз сөзінде:

«Ақпараты мықты мемлекет, ол ең мықты мемлекет. Сондықтан журналистердің сапалы ақпарат дайындап, кедергісіз жұмыс істеуі үшін, соған мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдау керекпіз. Заңда алалаушылық тудыратын баптардың болмауын қадағалауымыз қажет. «Масс-медиа туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобына қатысуға ұсыныс беріп, өтініш қалдырсаңыздар қатыса аласыздар. Себебі, бұл біз бен сіз үшін ортақ маңызды мәселе», - деді. 

Жұлдыз Әбілдә: Пресс картаны мүлде алып тастаса...

Screenshot_7.jpg

Осы заң жобасы бойынша жұмыс тобының тағы да бір мүшесі Жұлдыз Әбділдә заңда жазылған Баспасөз картасы туралы айтып өтті.

«Журналистерге қысым көрсететін баспасөз картасы болмауы керек дегенді айтқым келеді. Қазір, өкінішке қарай, манипулятивтік әдістермен бұл журналистердің әлеуметтік жағдайын көтеруге көмектеседі, оларға айрықша құқық береді деген тұрғыда айтылды. Бірақ, еш жерде журналистер үшін арнайы бағдарлама жасамайды. Белгіленген бір мемлекеттік бағдарламалар бар. Біз кім болсақ та ол бағдарламаларға қатыса аламыз. Жалпы, бұл ұсынысты Қаржы министрлігі де қолдаған жоқ. Өйткені бұл өте көп қаржыны қажет етеді. Пресс картаны алуға да, алмауға да болады деген заңда. Онда бұл декларативтік норма болып қалады. Жалпы, біз пресс картаны мүлде алып тастаса деп ұсыныс білдіргенбіз. Бірақ, ұсынысымыз қабылдана ма, қабылданбай ма, бұл белгісіз», - деді жұмыс тобының мүшесі. 

Серік Әбікенұлы: Жас маман ондай алалауды көрмеуі керек

Screenshot_8.jpg

«Масс-медиа туралы» заң жобасында айрықша аталып көрсетілген «Пресс-карта» туралы журналист Серік Әбікенұлы да пікір білдірді. Ол:

«Жаңа заң жобасында бірқатар мәселелер қаралған. Соның ішінде кеңдірдекке қадалып тұрғаны - пресс карта. Журналистиканы жаңа бастаған жастарға жұмыс тәжірибесіне үш жыл толмай жатып, пресс карта берілмейді деп көрсетілген. Бұл жаңадан жұмысқа алынған дәрігерге сен үш жыл екпе салмай тұра тұр, немесе мұғалімге үш жыл сабақ бермей тұра тұр дегенмен пара-пар емес пе? Жоғарғы оқу орны оған білікті маман деп, қолына диплом ұстатқаннан кейін, жас маман ондай алалауды көрмеуі керек», - деп кесіп айтты.

Ал Мәдениет және ақпарат министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат  департаментінің директоры ҚАЙНАР АХЕТОВ жаңа заң жобасында журналистердің сұрау хаттарына мемлекеттік органдардың жауап беру мерзімі 7 күн болса, қазіргі нұсқада 5 күнге дейін қысқартылу ұсынылғанын мәлім етті.

Screenshot_9.jpg

Жиында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар ТЕМІРБЕКОВА, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы ЕРЛАН КҮЗЕНБАЕВ;  белгілі журналист, ғалым-профессор МОЛДИЯР ЕРГЕБЕК,  «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директор – АМАНЖОЛ ОҢҒАРБАЕВ,  жергілікті журналистер ӘСЕТ ӘССАНДИ, ҒАЛЫМЖАН ЗИЯБЕК, БЕК ӘБИЕВ, МАҚСАТ ЖАҚСЫБАЙ сөз алып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, басқосуға Алматыдан арнайы келген «Заң-медиа» корпорациясының президенті  ДОСЫМБЕК ҚОНЫСБЕК, «Nege.kz кз» ақпараттық порталының бас редакторы ЕРІК РАХЫМ  қатысты. 

Медиафорумның қорытындысы бойынша салалық министрлікке және Парламентке  «Масс-медиа туралы» заң жобасына қатысты ұсыныстар жолданатын болады.  


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер