Шөкеевтің қателігін Жұманғарин түзей ме?

Мәжілістегі Т.Қырықбаев бастаған бір топ депутат  вице-премьер Серік Жұманғаринге мақта мәселесіне қатысты сауал жолдады.

Screenshot_3.jpg

Дәл қазір Оңтүстікте мақта теру науқанының нағыз қызған шағы. Бір сөзбен айтқанда шаруаның ала жаздай еткен еңбегінің қызығын көрер кезі. Алайда мақта саласынан қызықтың, бақ-берекенің пыр-пыр ұшқаны қашан? 

«Мақта шаруашылығында 25 мың агроқұрылым бар, онда Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Сауран, Ордабасы, Арыс, Отырар, Бәйдібек, Келес аудандарының тұрғындары жұмыс істейді, яғни 70 мыңға жуық адам осы мақта арқылы күн көріп отыр. Елімізде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс жолға қойылмағандықтан, шитті мақтаны сату бағасы экспортқа тәуелді болуда. Сол себепті, Түркістан өңірінде мақта бағасының тұрақсыздығы егемендігімізді алған жылдан бері еш шешілмей келеді. Бұл мәселе бойынша диқандар Үкімет үйіне, Парламент қабырғасына, Ауыл шаруашылық министрлігіне талай рет барды, алайда, мәселенің шешімі табылар емес. Бүгінгі таңда биржа индексі 84,5 бірлікті құрап отыр, теңге бағасына шаққанда тоннасы 238 мың теңгені құрайды. Мақта нарығына шетелдік компаниялардың (трейдерлік) қызығушылықтарының төмендігінен, шитті мақтаны қабылдау бағасы биыл тоннасына 150 – 190 мың теңгеге болжамдалған. Мәселен, басқа мемлекеттерде өндірілген өнімнің сатылым бағасындағы шығынның айырмашылығы мемлекет есебінен төленіп отыр. Осы тәжірибені біздің мемлекетімізде мақта дақылын өсіріп жинаумен айналысатын шаруаларға енгізіп, мақтаға жұмсалған шығынды мақта бағасындағы айырмашылығын мемлекет есебінен төлеп отыруды қолданысқа енгізу қажет деп санаймыз», - делінген депутаттар жолдаған хатта.

Түркістан облысы республикада мақта егетін бірден-бір өңір. Оңтүстік мақтасының әлемдік нарыққа ықпалы аз шығар, бірақ оның тым құрыса ішкі нарықты мақта өнімдерімен қамтамасыз ете алмайтыны түсініксіздеу. Мақта шетелге шикізат күйінде экспортталып, су тегінге сатылып кетеді. Тәуелсіздік алғалы жіп иіретін, мата тоқитын кәсіпорындардың тұрақты жұмыс ырғағына көшкенін естімеппіз. Осыдан 20 жылдай уақыт бұрын Шымкентте мақта-тоқыма кластерін дамыту үшін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бұл аймақтың не тындырып жатқанын ел толыққанды  білмейді.

«Мақта-тоқыма өндірісін дамытамыз» деп, мемлекеттен миллиардтаған қаражат алған кәсіпорындар қайда? Енді келіп бір әкім мақта зауытының басшыларын тігін фарикаларын салуды қолға алуға шақырса, енді бір әкім шетел инвесторларына шұғыл түрде жіп иіру фабрикасын салуды ұсынады. Қысқасы, «Жаңа Қазақстан» болғанымызбен сол баяғы ескі проблемалар. Оны шешіп жатқан ешкім жоқ.

Бұрын мемлекет жыл сайын егілген мақтаның әр гектарына субсидия беретін. Өмірзақ Шөкеев  Ауыл шарашылығы министрі болған жылдары оның тәртібіне өзгеріс енгізіліп, субсидия жиналған өнімнің салмағына қарай төлене бастады. Мақтаның әр гектарына 12 мың теңгеден берілді. Бертінде ол да тоқтады. Өмірзақ Шөкеев облыс әкімі болған жылдары:

«Мақта егуді қысқарту керек. Өйткені қазір өте тиімсіз дақыл болып тұр. Оның орнына көкөніс,бау-бақшаны көбейтуіміз керек», - дегенді жиі айтатын.

Алайда соңғы жылдары қауын-қарбыз, қырықабат еккен шаруалар да шаш етектен шығынға батып жатыр.

Шаруалардың айтуынша, мақтаның ең басты артықшылығы – ешқашан сұраныс төмендемейді. Яғни шаруа өнімді қайда өткізетініне бас қатырмайды. Мақта бұзылмайды, оны сақтап қойып,  жылдың кез келген уақытында сата беруге болады. Депутаттардың жолдаған сауалынан кейін Үкімет бір кездері мақта егуші шаруаларға берілген субсидияларды қайта қарауды қолға ала ма, жоқ па әліптің артын бағайық. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шөкеевтің қателігін Жұманғарин түзей ме?
  • «Agrofest túrkistan - 2024» салтанатты шарасы өтуде
  • Общественные деятели проявили активную гражданскую позицию
  • Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжінде АЭС-ке байлансты жиналыс өтті
  • «Қолынан іс келеді»: Президент Дархан Сатыбалдыға қандай баға берді?
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер