Мұздыбеков пен Меңдіқұлов отпен ойнап отыр ма? - Елдегі дүрбелең осы газ дауынан басталған еді

Соңғы айларда сұйытылған газ тапшылығы талай жүргізушінің жүйкесін жұқартып жатыр. Газ құю бекеттерінде газ жоқ, барында ұзақ-сонар кезек. Алдағы күндері не болары бір Аллаға ғана аян.

Screenshot_2.jpg

Естеріңізде болса, 2022 жылдың басында қанды қырғынға ұласқан Қаңтар оқиғасының басталуына осы газ бағасының күрт қымбаттауы әсер еткен еді. Содан бергі аралықта сұйытылған газдың шекті бағасын Үкімет бекітеді. Бірақ бұл амалдау ұзаққа созылмайтын сияқты. Соңғы ақпараттарға қарағанда, Елордадағы ақ жағалылар  газдың бағасын еркіне жіберіп, оның жетпей жатқан бөлігін Ресейден импорттауды қарастырып жатқанға ұқсайды. Көрші елде газдың литрі кемінде 160 теңге тұрады. Айналып келгенде «сұйытылған газдың бағасы бензинмен теңеседі» деген атқамінерлердің екі-үш жылдан бері айтып келе жатқаны «әлеуләйі» айдай келетін сияқты. Бірақ бұған қарапайым тұтынушы көне ме? «Газдың үстінде отырған елде неге газ тапшы?» деген сол баяғы әңгімелер қазір де көп айтылып жатыр.

Ал, осындай қысылтаяң кезде Түркістан мен Шымкенттің шенеуніктері зауыттан келген сұйытылған газды кәсіпкерлер арасында әділетсіз бөлген. Қысқасы, біреуін шөміштен қақса,  біреуіне бүйрегін бұрған.  Оңтүстіктің атқамінерлері отпен ойнауға көшкенінің ақыры тыныштықпен тына қойса болғаны. 

Жуырда Түркістан облыстық прокуратурасы сұйытылған газдың сатуын қамтамасыз ететін кәсіпкерлерге газдың біркелкі бөлінбеу фактілерін анықтады. Дәлірегі сұйытылған газ нарығындағы жағдайды реттеуге уәкілетті мекеме – Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы аталған тауарға өтінімдерді қабылдау кезінде қағидалармен бекітілген мерзімдер мен талаптарды бұзған. Осы арқылы нарықтағы әділ бәсекелестікке қарсы әрекеттер жасаған.

– Прокурорлық қадағалау актілерін қарау нәтижелерімен сұйытылған газды бөлу жөніндегі комиссия құрамы жаңартылып, оның бастамасымен сұйытылған газдың объективті бөлінуі, құқықтары бұзылған 44 кәсіпкердің сұйытылған газ көлемдерін қалпына келтіруі және жасанды тапшылық пен газ бағасын көтермеу бағытындағы жұмыстарды алдын алу шаралары жасалды,– делінген прокуратураның таратқан мәліметінде.

Тексеру қорытындысы бойынша заң бұзушылықтарға жол берген жауапты басқарманың басшысы комиссия құрамынан шығарылып, «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тартылған. Сонымен бірге әкімшілік жаза ретінде 2,2 млн теңге айыппұл салынған.  Басқарма басшысы салған айыппұлды төлеп те үлгерген көрінеді.

2,2 миллион теңге айыппұл салынған Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы  Руслан Мұздыбеков бұл қызметке былтыр жазда тағайындалған болатын.  Бұған дейін біз оның ауыз суға қатысты әкімдікте өткен алқалы жиындарда ала-құла мәліметтер айтқанын жазған едік. Енді міне, бақсақ, Мұздыбековтің   осындай қисынға келмейтін, жөнге жүрмейтін әрекеттері сұйытылған газ саласынан да анықталып жатыр.  Енді «қызметіне толық сәйкес емес» шенеуніктің мәселесі қалай шешіледі? Айтпақшы, аталған басқарманың интернет ресурсындағы мәліметке қарағанда, Түркістан облысындағы сұйытылған мұнай газын жеткізуге жиынтық өтінімдерді қалыптастыру жөніндегі комиссияға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жетекшілік етеді екен. Жолдасовтың комиссия төрағасы ретінде ешқандай жауапкершілігі жоқ па? Бұған алдағы уақытта журналистік зерттеу жүргізе жатармыз.

Осы жерде еске сала кетейік, жуырда Мұздыбековтің Шымкенттегі әріптесі, дәлірегі Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов та газ көлемін бөлуде заңды белден басқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Мұндай мәліметті Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Е.Қосбаев тоғыз айдың қорытындысы бойынша өткізген брифингте айтқан.  

– Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымдық даму басқармасы сұйытылған мұнай газын бөлу кезінде заң бұзушылықтарға жол берген. Нәтижесінде басқарма басшысына 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды,– деген еді департамент басшысы.

300 айлық көрсеткіштің көлеміндегі айыппұл шамамен 1 миллион теңгеден асады. Осы мәлімет сол кездегі көптеген ақпарат құралдарында, соның ішінде біздің газетімізде «Сыздықбеков сенген кадрлар ұятқа қалдырып жатыр» деген тақырыппен (Рейтинг газеті №41-42, 2 қазан 2024 жыл) жарияланды. Мақала жарық көргеннен кейін басқарма басшысы Рзабек Меңдіқұловтан жауап хат алдық. Хатта ол мақаланы шындыққа сай келмегендіктен теріске шығаруды талап етіпті. Тіпті сол баяғы шенеуніктік қоқан-лоқыға  салып, талап орындалмаған жағдайда сотқа беретінін де ескертіпті.

Алайда хатта Меңдіқұлов мақаладағы қай мәліметтердің шындыққа сай келмейтіні туралы ешнәрсе жазбаған. Мәтіндегі нақты қай сөздермен келіспейді, қай сөз оның сотқа беретіндей ар-намысына, іскерлік беделіне тиеді? Бұл туралы басқарма басшысы ешқандай уәж келтірмеген. Басқарма басшысының мұнысын неге жорырымызды білмей, аң-таң болдық.

Айтпақшы, Рзабек Меңдіқұлов айыппұлдың үстіне айыппұл жамап жатыр. Жуырда Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі сотының қаулысымен ол тағы да әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл арқалады. Сот қаулысына қарағанда, биыл қаңтарда Тексеру комиссиясы  жүргізген шараларының нәтижесінде Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына  анықталған бұзушылықтарды және кемшіліктерді жою жөнінде нұсқама жолданған. Нұсқаманы басқарма 1 қыркүйекке дейін орындауы тиіс болған.

Алайда ол белгіленген мерзімде орындалмаған. Сотта Меңдіқұлов кінәсін мойындамай, нұсқаманың басқармаға  келіп түскенін білмегенін айтыпты. Алайда судья оның «нұсқаманы білген жоқпын» деген уәждерін негізсіз деп тапқан. Себебі, сот барысында Тексеру комиссиясының мүшесі А.Балықбаевтың Р.Меңдіқұловқа нұсқаманы орындау туралы бірнеше рет ескерту жолдағаны анықталды. Сонда Меңдіқұлов тапа-тал түсте  сотты да алдамақ болғаны ма?  Сот қаулысымен оған 55 мың теңге айыппұл салынды. Қайта-қайта заң бұзып, айыппұл төлей беретіндей басқарма басшысының айлығы көп пе?

Қыс қыр астына келіп қалды. Ал Шымкентті жылумен қамтамасыз етуге тікелей  жауапты басшылардың, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің сенген кадрларының соттасып, заң бұзып, айыппұл арқалап жатқаны мынау. Ушыққан мәселенің мән-жайын бақылауда ұстайтын боламыз.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мұздыбеков пен Меңдіқұлов отпен ойнап отыр ма? - Елдегі дүрбелең осы газ дауынан басталған еді
  • Қазақстанды мұрагер елесі кезіп жүр
  • «Шетелден бір-ақ шыққан шенділер»: Елші болу өсу ме, өшу ме?
  • Дархан ҚЫДЫРӘЛІ: «Тарихқа хайппен емес, байыппен қарау керек»
  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер