Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков түркиялық инвестормен іскерлік кездесу өткізді. Маңызды жүздесуде қос тарап өкілдері өңірдің өндіріс саласына тоқталып, аймақта құрылатын кәсіпорынның жаңа мүмкіндіктері мен құрылыс жұмыстары туралы пікірлесті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Айта кетейік, осыған дейін облыс басшысы Нұралхан Көшеров халықаралық деңгейдегі компания өкілдерін қабылдап, өңірде биологиялық белсенді қоспалар мен дәрумендер өндіретін жаңа зауыт ашу жобасы бойынша келіссөздер жүргізген-ді. Бұл инвестициялық жоба облыс экономикасын одан әрі дамытуға мол үлесін қоспақ.
– Түркі елдерінің рухани астанасы Түркістан қаласына қош келдіңіз! Бүгінгі кездесу екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенімдімін. Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластық қарым-қатынас ерекше екенін атап өткен жөн. Осы сәтті пайдалана отырып біріншіден, облысымыздың дамуына өз үлесіңізді қосқаныңыз үшін алғысымды білдіргім келеді. Қазіргі уақытта облысымызда қолайлы инвестициялық ахуал құрылған. Инвесторларға дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «Шағын өнеркәсіптік парктер» жобасы іске асуда. Біз өңірімізде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ниетті шетелдік инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Сізбен бірлесе қолға алған жобамыздың құрылыстарын жуық арада аяқтап, нәтижелерін бірге көрейік, – деді облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков.
Айта кетейік, түркиялық кәсіпорын 100-ден астам препарат өндіретін халықаралық деңгейдегі компаниялардың бірі. Өнімдері 50-ден астам елдерге экспортталады. Зауыт «TURAN» арнайы экономикалық аймағы аумағында салынады деп жоспарланған.