Мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист Сұлтанбек Қожановқа құрмет көрсетілді. Тарихи тұлғаның аты берілген музейдің ұйымдастыруымен қайраткердің туғанына 125 жыл толуына орай Шолаққорған ауылында ауқымды шара өтті.
Тәуелсіздік жолында бүкіл өмірін сарп етіп, елінің ертеңі үшін күрескен Сұлтанбек Қожановтың Ақсүмбеде дүниеге келген. Сондықтан да мерейтойының Созақ ауданында тойлануы заңдылық. Шара тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Ұмытылмас тұлғаны еске алу мақсатында өткен кеште зиялы қауым өкілдері қайраткердің өмір жолын, елі үшін жасаған ерен еңбектерін сөз етті. Театрландырылған көріністер қойылды. Сұлтанбектанушы Мақсат Қарғабай, алаштанушы Хазретәлі Тұрсын баяндама жасап, Сұлтанбек Қожанұлының өмірі мен қызметі туралы тың деректерден хабардар етті. Ал, Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, әнші-композитор Сауранбек Елеуов Мағжан Жұмабаевтың сөзіне жазылған "Түркістан" әнін орындады. Шолаққорғандағы іс-шара тәуелсіздік саябағында жалғасып, Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы орта мектеп ұжымы мен оқушылары дайындаған театрландырылған көрініс қойылды.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, Созақта басталған іс-шара Кентауда жалғасын тауып, содан кейін Қызылорда қаласында үлкен конференция өтеді. Қазан айының 16-17-сі Түркістан қаласында өтетін Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығының қортындысы халықаралық деңгейде ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ ақындардың жыр-мүшайрасын өткізу жоспарланған. Сұлтанбек Қожановтың Нұр-Сұлтан қаласында ескерткіші орнатылатыны да іс-шара барысында айтылды.