«Қызметіне толық сәйкес емес» Ибрагимов Шөкеевті ұятқа қалдырды

коллажЖол2.jpg

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев үлкен сенім артып, жастығына қарамастан Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тізгінін ұстатқан Ролан Ибрагимовтың тірлігі дау-дамайдан арылмай тұр. Мамандығы заңгер болса да мердігерлермен соттасып, жеңіліп қала беретін басқарма басшысының әрекеті өткен аптада облыстық Әдеп кеңесінде майшаммен қаралды. Бірақ, Ибрагимов келген жоқ.  Бұл туралы «Рейтинг» газеті жазды, деп хабарлайды RGMEDIA.KZ ақпарат агенттігі.

Жалпы, Ибрагимовті Шөкеев шеттен әкелген жоқ. Бұған дейін осы басқармада қарапайым маманнан бастап басқарма басшысының орынбасары лауазымына дейін өскен. Еңбек жолына қарасаңыз, бір кездері прокуратура органдарында да тәжірибе жинаған. Ал бұл салада істегендер заңды шемішкеше шағатыны бесенеден белгілі.  Бірақ  Ибрагимов басқарманың басшылығына келгелі мердігерлермен соттасу көбейген, ол аз десеңіз соттасуларда басқарма ұтылып, талап арыз беруші мердігерлердің уәждері орынды деп табылған.

Былтыр наурызда басқарма  Шардара-Арыс-Темірлан тас жолының 25-47 шақырымын орташа жөндеуден өткізуге тендер жариялаған. 13 наурызда тендерлік комиссияның шешімімен (басқармадағы тендерлік комиссияға Р.Ибрагимовтың өзі төрағалық етеді) «Прогресс KZ» компаниясы жеңімпаз деп танылады. Ал онымен бірге түскен «Еркін-Сенім» ЖШС-і конкурстан шеттетіледі.   Жеңілген компания  ішкі мемлекеттік аудит комитетіне арызданады. Осы органның талабымен конкурс қайта өтеді. 22 мамырдағы конкурста тағы да «Прогресс KZ»-тің асығысы алшысынан түскен. Осыдан кейін «Еркін Сенім» сот төрелігіне жүгінеді. Сотта конкурсқа 557 867 000 теңге қарастырылғаны, «Прогресс KZ»  555 077 665 теңге,  ал «Еркін Сенім» 513 237 123 теңге баға ұсынымын бергені анықталады. Бірақ екіортадағы айырмашылық 40 миллион теңгеден асатынына қарамастан басқарма алдыңғы компанияны жеңімпаз деп тапқан. Осыдан кейін комиссияның бүйрегі бюджетке емес, «Прогрессе KZ» компаниясына бұрып тұр емес пе?!  Осыны ескерген сот талап арызды қанағаттандырған. Осы шешім негізінде конкурстық коммисияның шешімі бұзылып, ақыр соңында «Еркін Сенім» жеңімпаз деп танылған. Басқарманың сот шешіміне апелляциялық шағым бермегені де «апам да аң-таң, менде аң-таң» тірлікті байқататын сияқты.

Келесі факті де алдыңғысынан аумайды. Басқарма жоғарыда аталған тас жолдың 0-25 шақырымын орташа жөндеуден өткізуге тендер жариялайды. 19 наурыздағы қорытынды хаттамасына сәйкес «Прогресс KZ»  жеңімпаз деп танылған.  «Еркін-Сенім» ЖШС бұл жолы  «біліктілік талаптары сәйкес келмейді» деген негізбен шеттетілген. Тағы да соттасу басталған.  Сот бұл жолы да «Еркін Сенім» баға ұсынымын «Прогресске» қарағанда төмен бергенін  анықтайды (екіарадағы айырма 39 миллион теңгені құрайды). Нәтижесінде сот талапкердің арызын қанағаттандырады. Комиссияның шешімі бұзылып, келесі конкурста «Еркін Сенім» жеңімпаз деп танылған.

Жалпы былтырғы жылды Ибрагимов сотқа талап арыз берумен өткізген сияқты. Бірақ ұдайы жеңіле бергені байқалады. Басқарма кейбір компаниялардан мойнына алған міндеттемелерін дер кезінде орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбын өндіру жөнінде сотқа талап арыз береді. Алайда сот оны негізсіз деп табады. Жоғарыда аты аталған «Еркін Сенімді» қара тізімге енгізу үшін де төрелікке жүгінеді. Сот оны да қанағаттандырмаған...

Мердігерлермен соттасудың ақыры бюджет қаржысының қаңтарылып қалуына әсер етеді. Былтыр Түркістан облысында 3,4 миллиард теңге қаржының игерілмей қалып, осыған байланысты облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің әбден ашуланғаны, тиісті басқарманың басшылары мен аудан, қала әкімдерінің тәртіптік мәселесін қарауды тапсырғаны белгілі. Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Әбдірахман Тасыбаевтың журналистік сауал жолдаған жауап хатында облыста игерілмеген қаржының ең көбі, дәлірегі  868,8 миллион теңгесі Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тиесілі екендігі тайға таңба басқандай жазылған. Бірақ ақпанда журналистерге арнап баспасөз мәслихатын берген Ролан Ибрагимов басқармада бар-жоғы 26 миллион теңгені игерілмегенін айтып, бірінші вице-премьер Әлихан Смайыловты өтірікші қылған.

Сол жолы қаржының игерілмеуіне қатысты Ролан Ибрагимовке нендей тәртіптік жазаның берілгені белгісіз. Бұл жолы Әдеп жөніндегі кеңес оған «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» жазасын қолдану жөніндегі ұсынысты облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке жолдады.

Айта кетері, жоғарыдағы фактілер бойынша дәл осындай жазаны Ибрагимовтың қарамағында істейтін бөлім басшысы Шерзат Сүттібаевқа да беру туралы шешім қабылданды. Бірақ, басшысы секілді Әдеп кеңесіне келмеген Сүттібаевқа қызметіне толық сәйкес емес түріндегі жазаны қызметіне толық сәйкес емес Ибрагимовтың беретіні қызық болып тұр. 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер