«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша сауда және қызмет көрсету салаларындағы жеке кәсіпкерлерге бизнесін ұлғайту үшін 5 млн. теңгеге дейін кепілсіз несие беріледі.
Несиенің жылдық сыйақы мөлшерінің 6 пайызын ғана кәсіпкер төлесе, қалған бөлігі мемлекет тарапынан өтеледі. Олардан кепілге мүлік талап етілмейді. Себебі, «Даму» кәсіпкерлерді қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы алатын несие қаржының 85 пайызына екінші деңгейдегі банк ұйымының алдында кепілдеме береді.
Кепілсіз несие беру тәртібі бүгінде Ордабасы ауданының тұрғындарына жан-жақты түсіндірілуде. Қазіргі таңда қырыққа жуық кәсіпкер 150 млн. теңгеден астам қаражат алып, кәсібін дамытуға кірісті. Жалпы, ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 11 мыңнан асады. Осы бойынша 15 мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар, өткен жылы ауданда шағын несие ұйымдары арқылы 5 мыңнан астам тұрғын 4 млрд. теңгеге жуық несие алған. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында банк несиелерін субсидиялау желісімен 64 млн. теңгеге 8 жоба қаржыландырылған. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 1,5 млрд. теңгені құрайтын 34 потенциалды жоба сүйемелденіп, 789 млн. теңгені құрайтын 24 жоба қолға алынды.