Түркістан облысында 1 нысан «ЮНЕСКО» шеңберіндегі халықаралық маңызы бар ескерткіштер санатына жатса, 31 нысан республикалық маңызы бар, 423 нысан жергілікті маңызы бар ескерткіш саналады.
Айта кетейік, тарихи-мәдени ескерткіштерді бүлдіру, қасақана жою әрекеттері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарына сай 10 АЕК-тен бастап, 250 АЕК-ке дейін айыппұл салуға әкеп соқтырады. Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық кодексiнің талаптарына сай 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына тартуға жеткізуі мүмкін.
Түркістан қаласында «Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне» орай өңірдің сәулет, археология ескерткіштері мен киелі орындары қамтылған көрме өтті. Шараның өтуіне облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану орталығы ұйытқы болды. Шараның мақсаты - тарихи-мәдени нысандарды насихаттай отырып, ескерткіштерді қорғау жайында тұрғындарға ақпараттандыру-ағарту жұмыстарын жүргізу.
Археологиялық ескерткіштермен қоса киелі орындардың фотосуреттері қойылған көрме қала әкімдігінің ғимараты алдына және цитадель қақпасына баратын аяқжол алаңқайына қойылды. Көрмені тамашалаған қала тұрғындары мен қонақтары суреттерді қызықтай жүріп, ескерткіштерді қорғау саласында атқарылып жатқан шаруалармен танысты.