Полиция қызметкерлері жол қозғалысы кезінде орын алатын оқыс оқиғаларды болдырмас үшін рейдтік шаралар ұйымдастыруда. Түркістан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Осындай шара кезінде Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Сарыбұлақ ауылында қызмет атқару барысында, «Нексия» маркалы автокөлікті тоқтатты. Жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде оның 2018 жылы ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша жауапқа тартылып, 5 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылғанын анықтады. Сонымен қатар тәртіп сақшылары оның масаң халде екендігіне күмән келтіріп, сот медициналық куәландыруға жіберді. Нәтижесінде оның мас күйде екендігі анықталды. Полицейлер жүргізуші ер адамды полиция бөліміне жеткізіп, аталған жайтты ҚР ҚК-нің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкагольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немсе көлік құралын осындай адамның басқаруына беру» бойынша тіркеуге алды. Қазіргі таңда жүргізуші қамауда. Оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға заңға бағынуға кеңес береді. Көлікті жүргізуші куәлігінсіз айдамауды, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзған жағдайда арнайы шара көрілетіндігін еске салады.