Мұрат Қабденов: Тәртіп сақшысы халыққа ашық болуы керек

1.jpg

 

Қазақстан полициясының 30 жылдығы қарсаңында біз полиция генерал-майоры, Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовпен өңірдегі қылмыстық ахуал, жалпы тәртіп сақшыларының тыныс-тіршілігі туралы сұхбаттасқан едік.  


-Мұрат Талапұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауының алтыншы бағытын құқық қорғау институттарын күшейтуге арнады. Осы тұрғыда өңірімізде қандай кешенді шаралар қолға алынып, жұмыстар жүргізілуде? Әңгімемізді осыдан бастасақ? 

- Сәлеметсіз бе, бірінші кезекте киелі өңірде өзіңізбен кездесіп, тілдескеніме қуаныштымын! Баршаңызға белгілі, 2022 жылдың ақпан айында осы киелі мекеннің тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті, маған жүктелді. Осы тұста мен, әуелі халықтың және ҚР Президентіміз Қ.Тоқаев пен ҚР ІІМ М.Ахметжановтың сенімінен шығып, қылмысты азайту жолында бар күш жігерімді сала еңбек ететін боламын! 

Бүгінде ішкі істер саласына мемлекет тарапынан көптеген міндеттер жүктеліп, тиісінше жағдай да жасалуда. ...

-Түркістан облысындағы жалпы қылмыстық ахуал және оның алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасап өтсеңіз.

-Түркістан облысында қылмыстық ахуал тұрақты. Осы жылы 2000-нан астам құқықбұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4%-ға төмендеген. Оның ішінде ауыр қылмыстың тіркелімі 44,7 пайызға азайып отыр. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылымы 90%-ды құрады. Жалпы қылмыстың алдын алу, болдырмауда біздің жеке құрам тәулік бойы қызметте. Полиция қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқаруға жұмыс жасап жатыр. Соның нәтижесінде Түркістан облысы республика көлемінде қылмысы ең аз облыс қатарында. 

 -Қазақстанның оңтүстік облыстары халық көп шоғырланған өңір. Оның сыртында Түркістан облыс мәртебесін алғаннан кейін қылмыстық топтардың әсіресе амнистиядан кейін жылы жаққа ойысқан бұзақылардың қолынан пәтер ұрлығы, кісі тонаушылық, миграциялық шарттардың бұзылуы секілді шетін жайлар өршіп кеткен жоқ па?

-Енді, бізде қылмысты ашудан бұрын алдын алу тиімді екені баршаға белгілі. Жеке құрам қызметкерлері ұрлық қылмыстары мен Десекте кей жағдайларда қылмыстар азайып жатса, тіпті кейбірі өсіп кететін жағдайлар орын алып отырады. Мәселен 2021 жылы пәтер ұрлығы бойынша 131 жайт болса, ағымдағы жылы 198 болған. Ал ашылуы 72,7% жоғарылаған. 

Тонау қылмысы өткен жылдың 4 айында  19 болса, 2022 жылдың сәйкес кезеңінде 16 дерек тіркелген. Ашылымы 100%-ды құрап отыр. 

Сонымен қатар заңсыз көші-қонға қарсы күрес бойынша біршама жұмыстар атқарылды. 2022 жылдың басынан бері Түркістан облысында жалпы 7784 шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар қабылдаушы тараптардың хабарламалары негізінде есепке қойылған. Бұл өткен жылғы осындай мерзімге қарағанда 3,5 пайызға жоғары./2021 жылдың осындай кезеңінде - 7515 тұлға есепке алынған/. 

Есепке алынған шетелдіктердің басым көпшілігі немесе 6764-і Өзбекстаннан, 275-і Ресейден және 302-і Қырғызстаннан келген. Күнделікті және жүйелі түрде атқарылған жұмыс нәтижесінде 2022 жылдың 4 айында Республиканың көші-қон заңдылығын бұзған жалпы – 3919 /2021 жылы – 2658/ шетелдіктер мен ҚР-сы азаматтары анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде: 771 /399/ шетелдік.

Аталған құқықбұзушылардың 1495-ы (871) ескертілген, 1897-не (1443) әкімшілік айыппұлдар салынды, 138 (69) шетелдік әкімшілік қамауға алынды. Өзге елдердің 124 (75) азаматы ел аумағынан аластатылды. Сонымен қатар, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған – 56 (2021 ж.-33) және шетелдіктерді заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен – 367 (238) Қазақстан Республикасының азаматтары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

-Қазіргі таңда қылмысқа қарсы күресті пәрменді жүргізу үшін саланы материалдық-техникалық, озық заманауи байланыс, көлік құралдарымен қамту көңіліңізден шығып отыр ма?

- Жалпы Түркістан облысы ПД теңгерімінде 600-ден астам бірлік көлік құралы бар. Қамтамасыз етілуі 59,24%. ҚР Ішкі істер министрлігімен бекітілген 2022 жылғы штаттық нормаға сәйкес көлік құралдарының 415 бірлігі жетіспейді. 2022 жылы «Аманат» партиясының «Өзгерістер жолы: Әркімге лайықты өмір!» жол картасы бойынша 22 бірлік «Chevrolet Nexia» маркалы жаңа автокөліктер сатып алынды. Көліктерге бояу, рәсімдеу, балансқа алу жұмыстары жүргізіліп, Департамент бастығының бұйрығымен Учаскелік полиция инспекторларына бекітілуде.

Сонымен қатар жұмысты жоғары деңгейде атқарып, халыққа сапалы қызмет көрсету үшін соңғы үлгідегі компьютерлік құрал-жабдықтар, планшеттер, бейнежетондарды жаңартып отыру жұмыстары да атқарылуда. 

-Жасыратыны жоқ, өңірде мал ұрлығы бұрын басым болатын. Осы қылмыс түріне тұсау салудың қандай жолдары қарастырылуда?

- Мал ұрлығына тосқауыл қою, үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік апаттарын болдырмау мәселесі біздің назарымыздан түскен емес. Яғни «Ауылшаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» деректер базасын өзектендіру, тасымалданатын малға ветеринариялық құжатты тапсыру тәртібі, стационарлық ветеринариялық бекеттерді құру мәселесін қарау, сонымен қатар «ҚР ІІМ-нің ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасының Түркістан аумағында іске асырылу бойынша жұмыстар кең көлемде атқарылады. 2022 жылы облыста 72 /2021 ж 130/ мал ұрлығы тіркеліп, қылмыстың тіркелуі 44,6 пайызға төмендеді. Ал 72 мал ұрлығының 27-сі қора-жайдан болса, 45 дерегі жайылымнан ұрланған. Жалпы алғанда тұрғындардың 360 бас малы ұрының қолына түскен. Осы жылда 1700-ден астам мал тиелген жүк көліктері тексерілді. Соның нәтижесінде 336 үй жануары құжаттары болмағаны және сырғаланбағаны бойынша анықталып, бұл жайт ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабымен тіркелді. Бүгінде жинақталған іс құжаттар заңды шешім қабылдану үшін ветеринария инспекциясына жолданды. Осы тұста мал ұрлығын азайту мен болдырмаудағы ұсыныстарымызды жеткізсем: мал ұрлықтарын ашуға септігін тигізетін техникалар (бейнебақылау) санын арттыру, малдардың қараусыз жайылу мәселесін бірлесіп шешу, халықпен кездесулерде айтылған сын-ескертпелер бойынша жұмыс жасау, «үшжақты келісім-шарт» жобасын одан ары жандандырып, жалғастыру, мал тасымалдаушы, сатушы басқа да осы іске қатысы бар тұлғалардың тасымалдау тәртібінің талаптарының орындалуын тексеру. Осы сынды қауіпсіздік шараларын күшейтуіміз керек. Барлығымыз бірлесіп күрескенде ғана жақсы нәтижеге қол жеткіземіз. 

-Осыдан бірнеше жыл бұрын Түркістанның «күндіз Түркістан, түнде Ауғанстан» атанғаны белгілі.  Қаладағы түнгі бақылау жұмыстары қалай жүргізілуде? Яғни, бақылау қондырғылары тәулік бойы жұмыс істеп тұр ма?

-  Түркістан облысының барлық аумағында орнатылған Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары тәртіп сақшыларына қылмыстарды ашуға және түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі. Бүгінгі күні қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облысында 1333 бейнебақылау камералары орнатылған. Оның 952-сі Жедел басқару орталығына қосылған. Ал Түркістан қаласында 836 бейнебақылау камералары бар. Оның 500-ден астамы «Сергек» камералары.

Мен аталған бейнебақылау камералары жедел жағдайды жақсартып қана қоймай, ішкі істер органдары қызметкерлерінің тәртібін, заңдылығын және жұмыс сапасын нығайтады деп атап өтер едім. Бұл өз кезегінде полиция қызметкерлерінің тікелей қатысуынсыз да қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және жол қозғалысы ережелерін сақтауға өз септігін тигізуде. Осы орайда облыс тұрғындарын үнемі жол қозғалысы ережесін сақтауға, қоғамдық орында тәртіпті бұзбауға шақырамын. Қауіпсіз әрі бейбіт өмірге бірге күш салайық! Әрбір тұрғын заңға сәйкес әрекет етсе, «Қауіпсіз қоғам» орнатамыз. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Ендеше қылмыссыз қоғам құруға ат салысайық!

-Түркістан қаласында қылмыстық істердің алдын алу үшін полиция құрамы жеткілікті ме? 

-Әрине, бізде Аллаға шүкір, халық саны өте көп. Ал полиция қызметкерлерінің жетіспеушілігі басты мәселелердің бірі және жеке құрамның саны мен сапасын арттыру мақсатында бұл көптен бері көтеріліп жүрген мәселе. Түркістан облысы Полиция департаменті бос лауазымдарын сапалы мамандармен толықтыру үшін жастар арасында кәсіби-бағдар беру жұмыстарын Кадр саясаты басқармасымен ұйымдастыру жоспарға алынған. Осыған орай Жылдым қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы, Түркістан қаласы Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімшесі учаскелік полиция инспекторы, патрульдік полиция ротасының туристерге қызмет көрсету жөніндегі қызмет инспекторы лауазымдарына ағымдағы жылы маусым айында конкурс жарияланады.

Ендеше, Сіздің ұлыңыз немесе қызыңыз, бауырыңыз, әлде өзіңіз полицей болғыңыз келсе, жол ашық. Өздеріңіз білесіздер, Түркістан облысында халық санына шаққанда полицейлер саны аз, жеткіліксіз. Осы мәселені оңтайландыру мақсатында Түркістан облысы Полиция департаменті бос лауазымдарын сапалы мамандармен толықтырмақ. Полицей болуды мақсат еткен азаматтарға ІІО-на қызметке орналасуға қойылатын негізгі талаптарды айтып өтсем: 

1. Қазақстан Республикасының азаматы; 

2. Жас мөлшері: 19-дан 35 жас аралығында; 

3. Қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған; 

4. Заңнаманы білуге арналған тестілеуден өту; 

5. Бойы: Ер бала – 170 см. Қыз бала -165 см кем болмау қажет; 

6. Білімі: Жоғары-орта басшы құрамға, орта-қатардағы және кіші басшы құрамға; 

7. Қарулы Күштер қатарында қызмет атқарған, - болуы шарт.

Құрметті облыстың жастары, ІІО-да қызмет етуге ниеттеніп жүрген жандар! Егер де, сіз, аталмыш талаптарға сай болсаңыз, ТО ПД-нің бос орындар конкурсына қатысып, полицей болуыңызға мүмкіндік бар. 

Бізге қызметке келетін жас полицейлер, осы киелі өңірдің өмір сүру салты мен дәстүрін, менталитетін жақсы білетін жергілікті тұрғындар болса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі «Туған жерге туыңды тік» демекші, кіндік қаны тамған жерге деген құрмет әр қазақ баласының жүрегінде ерекше орын алады. Сондықтан олар, өзі туып-өскен өлкенің дамуына жанашырлықпен, асқан жауапкершілікпен қарап, абыройлы қызмет етеді деген сенімдемін. 

- Негізі, қылмыстық істерді ашуда қала тұрғындары белсенділік көрсетіп отыр ма? Мәселен, отбасындағы зорлық-зомбылық оқиғаларын ашуда, көршілердің мазасын алып шулаушылар туралы қоңырау шалатындар көп кездесе ме? Бұрындары консерьже қызметі болатын. Қазір соны қайта қолдануға бола ма?

-Ағымдағы жылда отбасы-тұрмыстық қатынастарда жасалған 5 қылмыс тіркеліп, оның екеуі адам қазасымен ұштасқан. Облыс көлемінде отбасылық-тұрмыстық қатынаста Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабымен (отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) 149 жайт қаралып, шешім қабылдау үшін сотқа жолданған. 

Бұл санаттағы құқықбұзушылықтар бойынша жәбірленшулердің басым бөлігі әйелдер және жұмыссыздар болса, құқықбұзушылардың да негізгісі жұмысыз ер адамдар болып табылады. Жасалған тұрмыстық құқықбұзушылықтарды талдау көрсеткендей, негізінен отбасылық жанжалдар отбасының материалдық деңгейінің төмендігі, маскүнемдік, адамгершілік құндылықтардың төмендеуі және отбасы институтының жоғалуы салдарынан туындайды. Айта кетсек, көбінде отбасында орын алған құқықбұзушылықтар тараптардың татуласуына байланысты өндірістен қысқартылған. Тұрмыстық-отбасылық санатындағы құқықбұзушылықтар бойынша жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатында, ақсақалдар, ауыл билері кеңестерінде және УПП (учаскелік полиция пунктері) жанындағы қоғамдық құрылымдарда қаралып, жұмыстар атқарылуда.  

-Түркістанды имани, ізгі шаһарға айналдыру тұрғысындағы өзіңізді толғандырып жүрген мәселелер туралы ойыңызды білсек.

-Балалардың болашағы, амандығы, мен үшін ең маңыздысы! Осы бағытта айтарым, әрбір ата-ана өз баласының қайда, кіммен жүргенін, араласатын ортасын жақсы тануы тиіс. Бұл оның келешекте кемелденген азамат болып өсуіне өз септігін тигізеді. Сонымен қатар баланың жолда оқыс жағдайға тап болмауы үшін жол ережесін үйретіп, өзіміз үлгі болуымыз қажет. Мәселен, әке-анасы жолдың кез келген жерінен кесіп өтсе, мұны көрген бала әрине дәл солай қайталайды. Сондықтан жол қозғалысы ережесін сақтаңыздар!

-Алдағы уақытта атқарар жұмыс жоспарларыңызды баяндап өтсеңіз?

-Қасиетті өңірдің тұрғындары мен барша жақсы жандар!

Мен өзімнің еңбек жолымды Шымкент қаласы ІІБ-нда жедел уәкіл лауазымында бастап, одан кейін бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында жалғастырдым. Оның ішінде Келес, Еңбекші аудандарында ПБ-да басшылық еттім. Республикамыздың ірі облыстарында және ҚР ІІМ-де басшылық лауазымдарда қызмет еттім. Енді міне жедел уәкіл қызметінде жүріп еңбек жолын бастаған ұлдарыңыз, туған жерге қызмет жасауға қайта келді. Бұл дәрежеге мен ерінбей еңбек етуім мен халықтың ыстық ықыласының арқасында жетіп отырмын. 

Осы орайда туған өлкемнің тыныштықта өмір сүруі жолында аянбаймын. Жеке құраммен бірге жүйелі жұмыс жүргізіп, жанашыр полицейлер қатарын көбейтеміз. Тәртіп сақшысы халыққа ашық болуы керек. Бұның бірден-бір бағыты – сервистік полиция моделін енгізу. 2018 жылдың 5 қазанындағы ҚР Президенті  Қазақстан халқына арнаған жолдауында азаматтар санасында полицейлер жазалаушы орган емес,  керісінше қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығып, полицияның жұмысын сервистік модельге көшіру тапсырылды, яғни халыққа жақын полиция қағидаты. Мен өзім Түркістан облысына, туған елге келгені полицияның сервистік моделіне көшу тәсілінің жұмысын тікелей бақылауға алдым. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырамыз. Ірілі-ұсақты қылмыстарға жол бермей, болған күнде тез арада ашылуына жұмыс жасаймыз. Бейбіт күнде жол апатынан қаза болатындардың санын азайтуға қызмет етеміз! Ең бастысы ел қорғаны деген атымызға кір келтірмей, күні-түні, кірпік ілмей тыныштық күзетінде боламыз! 

Әңгімеңізге рахмет!


Дайындаған: Қуаныш ТАСЫБАЕВ.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер