Түркістан облысында полицейлер тұрғынның көлігінен 1 келіден астам есірткі тапты. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінгі күні әлемде есірткі мәселесі өршіп тұр. Оған қарсы күрес жүргізу үшін дүние жүзі мемлекеттері аянып қалып жатқан жоқ. Соның ішінде Қазақстан да есірткіге қарсы күресте нашақорлыққа және есірткі бизнесіне тосқауыл болар ауқымды бағдарламаларды іске асыруда. Осы тұрғыда Түркістан облысының полиция қызметкерлері «Қарасора» жедел-профилактикалық шарасын ұйымдастырып, тұрғындардың бірінен 1 келіден астам есірткі алды.
Нақтырақ айтсақ, Сайрам аудандық полиция бөліміне тұрғындардың бірі хабарласып, көшеде жүріс-тұрысы күмәнді ер адамның жүргенін айтады. Хабар алысымен тәртіп сақшылары оқиға орнына бірден жетті. Полицейлер аталмыш азаматтың автокөлігінің ішінде отырғанын анықтап, одан сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Оның өзін және көлігін тінту кезінде, көліктің артқы орындығынан полиэтиленді пакетке оралған есірткі затына ұқсас зат тапты. Оны полицейлер айғақты зат ретінде тәркілеп алып, сараптама тағайындады. Нәтижесінде ол салмағы 1 келіден астам «марихуана» есірткі заты болып шықты. Қазіргі таңда сезікті қамауға алынып, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекусорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеуге алды.
Түркістан облысының полицейлері есірткі заттарының заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Егер сізде, есірткіні заңсыз сақтау және өткізу жайттары туралы қандай да бір ақпарат болса, дереу полицияға хабарласыңыз.