Түркістан облысында тұрғынның сеніп тапсырған малын сатып жіберген бақташы қамауға алынды. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, мал бағумен айналысатын танысына құны 700 000 теңгелік құлынды биесін, 600 000 теңгелік жылқысын сеніп тапсырған. Арадан 2 айдай уақыт өткенде жәбірленуші малын түгендеуге барғанында жылқылары жоқ болып шыққан. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 1 300 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 189-1-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша тіркеуге алды.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының барысында бақташы ер адамды ұстады. Сезікті жас жігіт сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін сатып, ақшасын бас пайдасының қажеттілігіне жаратып жібергені анықталды. Белгілі болғандай, күдікті ер адам мұндай әрекетке қаражат тапшылығына байланысты барған. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
-Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері ауылдықтарға қырағы болуды және өз малдарын бейтаныс адамдарға бақтырмауды ұсынады. Сондай-ақ мүмкіндігінше үй малын таңбалап, ен салдыру керек, ал қора-жайларды сенімді қоршаумен нығайтыңыздар. Егер, сіз, малыңызды жоғалтып немесе ұрлатып алсаңыз тез арада 102 телефонына хабарласыңыз,-деп хабарлайды Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.