Келестік полицейлер рейд кезінде екінші рет мас халде көлік басқарған жүргізушіні ұстады.
Түркістан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық шарасы кезінде «Mersedes-Benz 230 E» маркалы автокөлігінің жүргізушісін тоқтатты. Оның мас халде екендігіне күдік тудырған полицейлер жүргізушіні медициналық куәландырудан өткізді. Сараптама қорытындысына сәйкес оның алкагольді масаң күйде екендігі белгілі болды. Сонымен қатар ер адам бұған дейін де Келес аудандық сотының үкімімен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Десе де, жүргізуші бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылса да, одан қорытынды шығармаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 346-бабы «Көлік құралын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша тіркеуге алды. Ал автокөлік айыптұраққа қойылды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Қазіргі таңда ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне жол жүру ережелерін қатаң сақтау және мас күйде рульге отырмау қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ жолдардағы жылдамдықтан асып кетпеу, маневр жасау ережелерін бұзу, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу және басқа да құқық бұзушылықтар жасамау керек. Жүргізушілер, есіңізде болсын, сіздің өміріңіз ғана емес, сонымен қатар жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі де жол қозғалысы ережелерін сақтауға байланысты.