Түркістан облысында шекарадан есірткі алып өтпек болған Өзбекстан елінің азаматы ұсталды. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Жібек жолы» шекарасының бақылап-өткізу бекетінен есірткі алып өтпек болған Өзбекстан Республикасының азаматын ұстады.
Нақтырақ айтсақ, өзбекстандық тұрғын өзінің басқаруындағы «Daewoo Nexia» маркалы автокөлігімен шекарадан өтіп бара жатқан уақытта «Марика» атты иттің белгі беруі арқылы анықталды. Оқиға бойынша тәртіп сақшылары тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде автокөлік қозғалтқышының астында қоңыр түсті пакетке салынған есірткі затына ұқсас зат табылды.
Полиция қызметкерлері табылған айғақты затты тәркілеп алып, аталған жайтты ҚР ҚК-нің 286-бабы 1-бөлігі «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша тіркеуге алды. Сараптама тағайындалды.
Зерттеу қорытындысы шетелдіктен алынған заттың «марихуана» есірткісі екенін анықтады. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының тәртіп сақшылары тыйым салынған өсімдіктерді өсіру, сақтау, заңсыз есірткі саудасымен айналысу, жалпы есірткіге қатысы бар жайттар заң алдында қатаң жазаға тартылатындығын ескертеді. Сондықтан заңсыз әрекетке бармаңыздар!