Түркістан облысының полицейлері велосипед ұрлаған жас жігітті ұстады. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын «Урал» маркалы велосипедінің ұрланғаны жөнінде арызданған. Жәбірленуші тұрғынның айтуынша, оның үйінің ауласының алдында тұрған велосипедін белгісіз біреу жымқырып кеткен. Оқиға орнына учаскелік инспекторлар келіп, ұрыны іздеуге кірісті.
Тәртіп сақшылары аулаларды аралап, куәлардан жауап алып, көшеде орнатылған бейнебақылау камераларын тексерді. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті ретінде жас жігіт ұсталды.
Белгілі болғандай, күдікті жымқырған велосипедті Шымкент қаласының тұрғынына сатқан. Бүгінде ұрланған велосипед тәркіленіп алынып, заңды иесіне тапсырылды.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға велосипед ұрлығынан қорғанудың жалғыз кепілдендірілген әдісі - велосипедті қараусыз қалдырмау екендігін ескертеді.