Полицейлер қарызын қайтармаған тұрғынға күш көрсеткен ер адамды ұстады. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жетісай аудандық полиция бөліміне Мақтаарал ауданының тұрғыны арызданды. Ер адамның айтуынша, оны танысы үйіне шақырған. Араларында болған түсініспеушілік соңы дау жанжалға ұласып, салдарынан өзін ұрып соққанын жазып көрсетті.
Тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін, оқиға орнына бірден жетті. Полицейлердің атқарған жедел әрекеттерінің нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар күдікті Жетісай қаласының тұрғыны болып шықты.
Анықталғандай, күдікті мен жәбірленуші жақсы таныстар. Олардың араларында бірнеше жылдан бері ақшаға қатысты түсініспеушілік орын алып жүрген. Оқиға болған күні күдікті ер адам «қарыз ақшаны қашан қайтарасың?» - деп, жәбірленушіні үйінде түнгі 22:00 шамасына дейін ұстап, ұрып соққыға жыққан. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 389-бабы «Өзінше билік ету» бойынша тіркеп, сезіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мұқият болуды және бейтаныс адамдарға сенбеуді ұсынады. Сондай-ақ заңға қайшы іс-әрекеттерді жасауға, туындаған мәселелерді заң аясында шешуге шақырады. Егер, сіз, заңсыз әрекеттердің құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада 102 телефонына хабарласыңыз.