Түркістан облысында дәмханадан ұялы телефон ұрлаған жас қыз анықталды. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, сағат 14:20 шамасында аудандағы дәмханалардың бірінде өзіне тиесілі «Самсунг А-51» маркалы ұялы телефонын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды. Хабар келіп түскен бойда тәртіп сақшылары оқиға орнына бірден келіп жетті. Олар қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, бейнебақылау камерасын қарап шықты. Нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Белгілі болғандай, дәмханада еден жуушы болып жұмыс істейтін жәбірленуші әйел ұялы телефонын орындық үстіне қалдырған. Осы сәтте дәмханаға туыстарымен тамақтануға келген егде жастағы әйел, ұялы телефонды көріп, үстел үстіне алып қойған. Ал оның жанындағы жас қыз ұялы телефонды жымқырып, сөмкесіне салып алған. Күдікті жас қыздан айғақты зат ретінде ұялы телефон алынып, иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда жас қызға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Облыс полицейлері тұрғындарға ұрлықтың алдын алу үшін жеке құнды заттарға сақ болуды ескертеді.