Түркістан облысында тұрғын үйге қарақшылық шабуыл жасаған екі күдікті ұсталды. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы, генерал Мұрат Қабденов әлдеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
-Тіркелген қылмыстарды дер кезінде ашу, ашылмаған сәтте кәсіби даярлығы басым полицейлерді оқиға орнына жолдау өз нәтижесін беруде. Бұл жолы шырт ұйқыда жатқан жанұяға қастандық жасамақшы болғандар ұсталды. Бір-біріне туыстық қатынасы бар 2 жігіт тұрғынның бірінің үйіне түнгі уақытта кіріп, қарақшылық шабуыл жасады. Пневматикалық тапаншаны қолданып, үйдегі бар бағалы заттарды алып кетпекші болды. Алайда үй иесінің сергектігі мен шапшаңдығының арқасында күдіктілер өз істерін соңына дейін жеткізе алмады. Үйден ештеңе аламастан, қашып, іздерін жасырмақшы болды. Департаменттен жолдаған кәсіби мамандардың тәуліктеп іске асырған тиянақты жұмысының арқасында бүгін міне құрықталып, қамауға алынды. Ендігі уақытта сезіктілердің қылмысы дәлелденсе, іс сотқа өтеді. Ал одан кейін қылмыстың соңы жаза демекші, соттың шешіміне байланысты темір торға тоғытылуы мүмкін...Осындай қылмыстардың алдын алу үшін, үй-жайларыңызды темір торлармен бекітіп, сақтық шараларын мықтап ұстанған дұрыс,-деп жазды Мұрат Қабденов.