Бөлім басшысы мен директорға үкім шықты

20171101192013_900x_.jpg

Түркістан облысындағы білім саласында басшылық еткен  екі қызметкерге сот үкімі шықты.  Сайрам ауданық білім бөлімінің басшысы қызметін атқарған Құралай Шадиева мен аталған аудандағы мектеп директор Арман Пернебаев жемқорлық баптары бойынша кінәлі деп танылып, екеуі де ірі көлемде айыппұл салу жазасына кесілді. 

Сот үкіміне қарағанда, Қарасу ауылындағы мектепте математика пәнінің мұғалімінің орны босаған. Осы бос орынға тұру үшін Д.Қайназарова деген азаматша мектеп директоры Арман Пернебаевқа жолығады. Пернебаевтың сотта берген жауабына сүйенсек, мектептегі бос орындарға вакансия «jumys snation.kz» порталы арқылы жарияланады. Мұғалімдікке үміткерлер тестіні портал арқылы онлайн тапсырады. Тесттен оң нәтиже алған үміткер аудандық білім бөлімінде құрылған комиссиядан әңгімелесуден өтеді. Одан оң қорытынды алған үміткерді жұмысқа қабылданады. Ақыр аяғында мектеп директоры бұйрық шығарады. Директор Д.Қайназароваға осы тәртіптің бәрін түсіндіріп берген. Үміткер осыдан кейін тесттен өтудің жол-жобасын білгісі келген. Ал директор бұл қызмет үшін  200 мың теңге ақша сұраған. Ақшаны ол білім бөліміндегі тестке жауапты қызметкерлерге беретінін айтқан. Ертеңіне ол ақшаны қарамағында мұғалім болып істейтін азаматшаның «Каспий голды» арқылы алған. Ақшаны аударғаннан кейін Д.Қайназарова антикорға барып арызданған.  

11 қазанда Пернебаев Қайназароваға жұмыс қабылдау мәселесін аудандық білім бөлімінің басшысы Құралай Шадиеваның шешетінін айтады. «Ставканың» 800 мың теңге екенін де ескерткен. 800 мың теңгені директор ертеңіне- 12 қазанда Қайназаровадан  Шымкент қаласында алады. Ақшаны ол екіге бөліп, қалтасына салған. 10 минуттан кейін жол-жөнекей көлікті антикордың қызметкерлері тоқтатқан. Директор осы жерде «нақты айғақтармен» қолға түскен.  Арада бір жарым сағат өткенде өзінің жауапкершіліктен құтылып кете алмайтыны түсінген А.Пернебаев алған ақшаның 400 мың теңгесін «өзін қызметінде бетімен жіберген тікелей басшысы Қ.Шадиеваға беретінін» мәлімдеп, Шадиеваға шара көру туралы антикорға арыз жазып берген. 

Осыдан кейін аталған құзырлы органның қызметкерлері  Шадиеваға қатысты жедел-іздестіру амалдарына кіріскен. Пернебаев тиісті жазу құралдарымен жарақталып, Шадиевамен кездесуге жіберілгені айтпаса да түсінікті шығар. Басшы мен директор 13 қазанда аудандық білім бөлімінң конференц залында жолыққан. Екіарада әжептәуір әңгіме болғанға ұқсайды. Соңында директор басшысына 400 мың теңгені берген. Арада бес минут өткенде антикор қызметкерлері Шадиеваны ұстаған. Оқиғаның қысқаша мән-жайы осы ғана. 

Сот барысында А.Пернебаев кінәсін толығымен мойындайды, бірақ ол бұл іске Шадиеваның қатысы жоқ екендігін айтады. Ол тергеу барысында антикордың қызметкерлері тарапынан қысым жасалып, олардың Шадиеваға қарсы арыз жаздыруға мәжбүрлегенін алға тартқан  (сот осы мәлімдеме бойынша қаулы шығарып, оны облыстық прокуратураға  жолдаған. Тергеп-тексеру амалдарын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті жүргізген. Нәтижесінде Пернебаевтың уәждеріне «дәлелін таппады» деген баға берілген).  Қызығы сол, Шадиеваның өзі сот барысында ақша алғанын мойындаған. Тіпті жауап беру барысында  Пернебаевтың әкелген ақшасын үстелдің үстіндегі құжаттардың астына қоюды көрсеткенін де мәлімдеген. Неге? Шамасы ол да жауапкершіліктен жалтарып кете алмайтынын, дәлірегі ақшаны алу-беру барысынан жазылған бейнежазбаларды енді жоққа шығарудың мүмкін еместігін түсінген сияқты. Пернебаев пен Шадиеваның арасындағы  сөздерден бөлім басшысының ақшаның не үшін беріліп жатқанын жақсы білгенін байқауға болады. Дегенмен  адвокаты Шадиеваның құзырына мектепке маман қабылдаудың кірмейтінін алға тартып, оның әркетін алаяқтық бабымен дәрежелеуді сұранған. Сот өтінішхатты қанағаттандырмаған. 

Сот Пернебаевты «алаяқтық», «пара беруге айдап салу», «пара алу» және «пара беру» баптары бойынша кінәлі деп тауып, оған бас-аяғы 40 миллион теңге айыпұл салу жазасын тағайындады. Ал Шадиева «пара алу» бабы бойынша, 20 миллион теңге айыппұл салуға кесілді. Сот үкімі әзірге күшіне енген жоқ.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер