Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардардың ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің,әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі. Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке болып атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық. Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі – азаматтардың арыз-шағымы. Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Біз бүгінде өркениетті еліміздің дамуына тұсау, кемелденуіне кедергі келтірер қоғамдық дертке айналған сыбайлас жемқорлықпен күресудеміз. «Жемқорлыққа жол жоқ» деп ұрандатып, мінберлерден ауызымызды толтырып айқанымызбен, осының түп-тамырына қалай балта шабуға болады деген сауалға жауап іздеп жүргеніміз шамалы.
Жемқорлық дертіне қалай душар болдық?! Онымен күресті қайдан, қалай бастағанымыз дұрыс?! Қазіргі көпшіліктің басты арманы – бай болу. Баю үшін ар, намысынан бас кешетіндер де біздің қоғамымызда жетерлік. Адамға ақша қызмет етпей, адам ақшаға қызмет ететін түсінік қалыптасқалы бері оның санасы уланды, дүниенің құлына айналды. Жемқорлықтың да бастауы осыдан. Осы қағиданы бұзбай қоғамдағы жемқорлықты жоя алмаймыз. Жемқорлықтың пайда болуы қоғамдағы рухани байлықтың құнсызданып, материалдық құндылықтың алдыңғы сатыға шығуының салдары. Сондықтан, біз қоғамымызда жемқорлыққа қарсы күресті – азаматтарымыздың жүрегіне рухани ізгіліктерді, құндылықтанды сіңіруден бастауымыз қажет. Рухани тұрғыдан бай адам, жемқорлықтай лас істерден жанын таза ұстайды. Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады. Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Елбасы биылда «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «демократиялық қоғам жағдайында қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ерекше мәнге ие болады» деп атап көрсетті. Яғни бұл мемлекеттің осы жағымсыз құбылысты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табады деген сөз. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады. Осы мақсаттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге тағы бір серпін ретінде «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қолданысқа енгізілген. Бұл Жарлық еліміздегі құқық қорғау органдары қызметтерін жетілдіруге бағыттала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттермен олардың пайда болуының алдын-алуда жүйелі, әрі тұрақты шаралар атқаруды қамтамасыз етеді. Қызмет құзыреті бойынша Тәртіптік кеңесі Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметкерлерінің Ар-намыс кодексі талаптарының сақталуын қадағалап, аталған заңнама мен кодекс талаптарының бұзылуына жол берген қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігін қарау белгіленген. Сол себепті де, азаматтарымыздың жан-дүниесіне мөлдірлік сыйлар рухани байлығымызды кең тұрғыда насихаттаумен айналыссақ, жетер жетістігіміз толымды болмақ. Рухани байлық пен материалды байлықты тең дәрежеде ұстай алғанымызда ғана қоғамымыздың дамуы орнықты болары сөзсіз. Жеке тұлғаның адамгершілік санасының биіктігі оның алған тәлім-тәрбиесі, мінез-құлқы мен іс әрекетін анықтайтын өлшем болып табылады.Әрбір тұлғаның өзіне тән барлық адами қасиеттері рухтан нәр алады. Ал жаман, жағымсыз қасиеттер нәпсінің көрінісі. Міне, осы себепті де біз жемқорлықпен күресті рухани сананы тазартудан бастасақ, әрбір адам нәпсінің тұтқындығынан босап, елі мен жеріне адал қызмет етер азаматқа айналар еді. Сыбайлас жемқорлық індет, оған қарсы күрес міндет деп айтып жүрміз. Ендеше, оның шипасы – халық арасында ағарту, насихат жұмыстарын тереңінен жүргізу. Байлықты басты құндылық деп адасып жүрген азаматтарымыздың түсінігіне төңкеріс жасау. Яғни, оның сана-сезімін, сенімін, ішкі жан дүниесінің тазаруына ықпал етіп, жүрегіне иман ұялату. Біздің қоғам ақниетті, адал, намысы биік азаматтарды қажет етеді. Осы тұста, соңымыздан ерген ұрпақ тәрбиесін де ұмыт қалдырмауымыз қажет. Болашақта өскелең ұрпақ жемқорлыққа жирене қарауы үшін біз қандай әрекет жасап, оларға қандай бағыт сілтей аламыз?! Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.
Г.АБДИХАНОВА,
№2 Түркістан облыстық перинаталдық орталығы
басшысының міндетін атқарушы.