Түркістан облысында халықаралық іскерлік байланыстарды кеңейту, инвестициялық әлеуетті арттыру және мәдени-туристік жобаларды жаңа деңгейге көтеру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы мақсаттағы маңызды кездесулердің бірі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Италияның мәдени және креативті индустрия саласындағы беделді компанияларының бірі саналатын «Magister Art» компаниясының президенті Ренато Сапоритомен жүздесуінде көрініс тапты. Кездесу барысында құрылыс, сәулет, цифрлық технологиялар, тарихи-мәдени мұраны жаңаша форматта таныту, халықаралық көрмелер ұйымдастыру және шығармашылық индустрияны дамыту бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәртебелі мейманды тарихи Түркістан төрінде қарсы алып, өңірдің соңғы жылдардағы қарқынды даму көрсеткіштері туралы кеңінен баяндады. Оның айтуынша, Түркістан облысы бүгінде Қазақстандағы ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың біріне айналған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес облыста инвестиция тарту, өндірісті дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, мәдениет пен туризмді өркендету бағытында кешенді жұмыстар атқарылып жатыр.
Нұралхан Көшеров Түркістанның тек рухани астана ғана емес, экономикалық тұрғыдан да үлкен әлеуетке ие өңір екенін атап өтті. Соңғы жылдары облысқа тартылған инвестиция көлемі тұрақты түрде артып келеді. Өнеркәсіп саласында жаңа өндіріс орындары ашылып, индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтардың жұмысы жандана түсті. Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймақ аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдің өндірістік қуатын арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беруде.
Қазіргі таңда облыста құрылыс индустриясы, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, тамақ өндірісі, агроөнеркәсіп және құрылыс материалдарын шығару бағыттарында ірі жобалар жүзеге асырылуда. Түркістан облысы еліміздегі мақта-тоқыма кластерін дамытуда жетекші орынға шықты. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, логистикалық орталықтар құру және экспортқа бағдарланған өндірістерді іске қосу бағытындағы жұмыстар да қарқын алған.
Облыс басшысы өңірдің туризм әлеуетіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Түркістан – түркі әлемінің рухани орталығы ретінде халықаралық туристік хабқа айналып келеді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бастаған тарихи нысандар жыл сайын мыңдаған шетелдік және отандық туристі қабылдайды. Осы ретте тарихи-мәдени мұраны жаңа технологиялар арқылы әлемге таныту – уақыт талабы.
Нұралхан Көшеров цифрлық шешімдерді енгізу арқылы туристік инфрақұрылымды жаңғырту, тарихи нысандарды интерактивті форматта таныстыру, виртуалды көрмелер ұйымдастыру және мәдени жобаларды халықаралық деңгейде ілгерілету бағытындағы ұсыныстарды талқылауға дайын екенін жеткізді.
– Тарихи Түркістанға қош келдіңіздер. Біздің өңірде инвестиция тарту мен өндірісті дамытуға басымдық берілген. Сонымен бірге туризм, мәдениет, руханият салалары тұрақты назарда. Біз жаңа сәулеттік жобаларға, цифрлық технологияларға негізделген бастамаларға ашықпыз. Сіздердің тәжірибелеріңіз өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге серпін береді деп сенеміз, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде «Magister Art» компаниясының президенті Ренато Сапорито Түркістан өңірінің әлеуетіне жоғары баға беріп, Қазақстанға әр келген сайын елдің даму қарқынына тәнті болатынын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан Орталық Азиядағы ең серпінді дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі және халықаралық әріптестік үшін қолайлы алаң саналады.
–Уақыт бөліп, арнайы қарсы алғандарыңызға рахмет. Қазақстанға келген сайын өзімді бақытты сезінемін. Қарқынды дамып келе жатқан ел. Ұсыныстарды қарастырып, көмегімді көрсетуге, әріптестік орнатуға ниеттімін, – деді Ренато Сапорито.
Кездесу барысында тарихи ескерткіштерді цифрлық форматта таныстыру, заманауи мультимедиялық экспозициялар әзірлеу, халықаралық деңгейдегі көрмелер ұйымдастыру, тарихи мұра объектілерін виртуалды шындық платформалары арқылы насихаттау мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ шығармашылық индустрияны дамыту, креативті кластерлер құру және халықаралық сарапшыларды тарта отырып мәдени менеджментті жетілдіру бағыттары сөз болды.
Айта кету керек, «Magister Art» – мәдени және креативті индустрияда әлемдік деңгейде танылған инновациялық компаниялардың бірі. Компания ұлттық мәдени мұраны цифрлық технологиялар арқылы жаңаша форматта танытуға маманданған. Оның Милан мен Рим қалаларында орналасқан бас кеңселері және әлемнің бірқатар елдерінде халықаралық операциялық бөлімшелері жұмыс істейді.
Компания «Дизайн және архитектура», «Медиа», «Бренд дизайны және коммуникациялар», «IT технологиялар», «Операциялық басқару», «Редакциялық және бизнес-стратегиялар» бағыттары бойынша кешенді шешімдер әзірлейді. Әлемнің жетекші музейлері мен мәдени мекемелерімен бірлесіп, тарихи мұраларды интерактивті әрі қолжетімді форматта насихаттауға арналған ауқымды жобаларды іске асырған.
Түркістан облысы үшін мұндай халықаралық әріптестік тарихи-мәдени әлеуетті тиімді пайдалануға, туристік ағынды ұлғайтуға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға тың мүмкіндік береді. Себебі мәдениет пен туризм саласы бүгінде экономиканың маңызды драйверіне айналып отыр. Туристік кластердің дамуы қонақүй бизнесін, қызмет көрсету секторын, шағын және орта кәсіпкерлікті жандандырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Кездесу қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыру тетіктерін нақты пысықтауға уағдаласты. Бұл келіссөздер Түркістан облысының халықаралық байланыстарын кеңейтіп қана қоймай, өңірдің мәдени-экономикалық дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз. Түркістанның тарихи мұрасын әлемдік деңгейде цифрлық кеңістікке шығару арқылы өңірдің халықаралық беделін арттыруға және оны жаһандық туристік картадағы маңызды орталықтардың біріне айналдыруға толық мүмкіндік бар.
