Түркістан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты

4.jpg 

Түркістан облысында халықаралық ұйымдармен өзара ықпалдастықты нығайтуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуетін әлемдік деңгейде танытуға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Осы бағыттағы маңызды кездесулердің бірі Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының даму құқығы мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Сурья Девамен жүздесуінде көрініс тапты. Кездесу барысында тараптар өңірдің даму қарқыны, халықтың әл-ауқатын арттыру, инвестициялық мүмкіндіктер, экологиялық тұрақтылық, гендерлік саясат және азаматтық қоғам институттарын қолдау бағытындағы өзекті мәселелерді кеңінен талқылады.

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Түркістан өңірінің соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтарды кешенді дамыту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және халықаралық стандарттарға сай басқару жүйесін қалыптастыру бойынша нақты міндеттер қойған. Осы тапсырмалар аясында Түркістан облысында жүйелі реформалар жүзеге асырылып, нақты нәтижелерге қол жеткізіліп келеді.

2026 жылғы 1 наурыздағы ресми мәліметке сәйкес, облыс халқының саны 2 миллион 146 мыңнан асты. Бұл көрсеткіш Түркістанды елдегі халық саны ең көп өңірлердің біріне айналдырып отыр. Оның ішінде 545 мыңнан астам адам қалада тұрса, 1,6 миллионнан астамы ауылдық жерлерде өмір сүреді. Мұндай демографиялық өсім өңір экономикасына жаңа серпін беріп қана қоймай, әлеуметтік инфрақұрылымды қарқынды дамыту қажеттігін де арттырады. Осыған байланысты облыста жаңа мектептер, денсаулық сақтау нысандары, мәдениет және спорт кешендері кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде.

Ертай Алтаев кездесуде Түркістан облысының Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруда белсенді жұмыс жүргізіп отырғанын жеткізді. Өңірде экономикалық өсімді қамтамасыз ету мен әлеуметтік әділеттілікті сақтау, халықтың табысын арттыру және қоршаған ортаны қорғау бағыттары біртұтас даму стратегиясына біріктірілген. Бұл саясаттың тиімділігі нақты көрсеткіштерден байқалады.

Биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша Түркістан облысы қысқа мерзімді экономикалық өсім индексі бойынша 119,4 пайыз көрсеткішке қол жеткізіп, республикада екінші орынға ие болды. Бұл өңір экономикасының тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе өнеркәсіп өндірісінің көлемі айтарлықтай ұлғайып отыр. Соңғы жылдары облыста жаңа индустриялық аймақтар құрылып, өндірістік кәсіпорындар саны артты. Машина жасау, құрылыс индустриясы, азық-түлік өндірісі, фармацевтика, тоқыма және агроөнеркәсіп салаларында жаңа жобалар іске қосылуда.

Инвестициялық тартымдылықты арттыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақтар шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы алаңға айналды. Соңғы жылдары өңірге тартылған инвестиция көлемі бірнеше есеге өсті. Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері және Еуропа елдерінің компанияларымен бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл өндірістік қуаттарды арттырып қана қоймай, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруде.

Кездесуде экологиялық тұрақтылық мәселелері де жан-жақты сөз болды. Түркістан облысында жасыл технологияларды енгізу, су ресурстарын үнемдеу, қалдықтарды қайта өңдеу және көгалдандыру бағытында нақты жобалар қолға алынған. Өңірде күн және жел энергетикасын дамыту бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сонымен бірге су үнемдеу технологияларын ауыл шаруашылығына енгізу көлемі жылдан-жылға артып келеді. Бұл табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыруға ықпал етуде.

Көші-қон және әлеуметтік интеграция мәселелері де кездесудің маңызды тақырыптарының бірі болды. Түркістан облысында азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар тиімді іске асырылып келеді. Әлеуметтік әлжуаз топтарды қолдау, жастарды жұмыспен қамту, тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру бағытында нақты тетіктер жұмыс істеп тұр.

Жиында гендерлік саясатқа да ерекше назар аударылды. Түркістан облысы – демографиялық өсімі жоғары өңір. Қазіргі таңда мұнда 400 мыңнан астам отбасы тұрады. Сонымен қатар көпбалалы аналардың саны бойынша да облыс республикада алдыңғы қатарда. Бұл мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау шараларын күшейтуге негіз болып отыр.

Облыста мемлекеттік қызмет саласында әйелдердің үлесі тұрақты түрде артып келеді. Қазіргі таңда 5611 мемлекеттік қызметшінің 1572-сі әйелдер болса, олардың 233-і басшылық лауазымдарда еңбек етуде. Бұл гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Әйелдердің кәсіпкерлік саласындағы белсенділігі де жоғары деңгейде. Түркістан облысында тіркелген 210 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісінің 91 мыңнан астамын әйелдер басқарады. Шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі 43 пайыздан асады. Бұл көрсеткіш өңірде іскер әйелдер институтының қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады. Мемлекет тарапынан гранттар мен жеңілдетілген несиелер беру, кәсіпкерлікке оқыту бағдарламалары әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыруға оң ықпал етуде.

Кездесуде азаматтық қоғам институттарын дамыту, отбасы құндылықтарын нығайту және қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыруға бағытталған бастамалар кеңінен талқыланды. Ертай Алтаев халықаралық тәжірибе мен сараптамалық ұсыныстар Түркістан облысының даму стратегиясын жетілдіруге тың серпін беретінін атап өтті.

Өз кезегінде Сурья Дева өңірде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларға оң баға беріп, халықаралық тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, даму құқығын қамтамасыз ету – тек экономикалық өсіммен шектелмейді, ол азаматтардың өмір сапасын арттырумен, тең мүмкіндік қалыптастырумен және әділетті қоғамдық қатынастар орнатумен өлшенеді.

Кездесу қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, тәжірибе алмасуды жалғастыруға және халықаралық стандарттарды өңірлік басқару тәжірибесіне енгізу бағытындағы жұмысты күшейтуге ниетті екендерін білдірді. Бұл өз кезегінде Түркістан облысының тұрақты даму жолындағы стратегиялық бағытын одан әрі бекемдей түспек.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Италия мен Түркістан бірлескен жобаларды жүзеге асырады
  • Мақта кластері—жаңа кірісі көзі, жаңа мүмкіндік
  • Түркістан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты
  • Түркістанда су үнемдеу жүйелерін өндіретін төрт ірі кәсіпорын жұмыс істейді
  • Ауыз су –стратегиялық ресурс
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер