Биыл ақпанда «аса ірі көлемде пара алды» деген айыппен ұсталған Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Махажановқа үкімді Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты шығарды. Осылайша осыдан екі жыл бұрын қарамағындағы ауыл әкімінің сыбайлас жемқорлық қылмысынан кейін отставкіге кетуге арыз беріп, бірақ кешіріммен қызметінде қалдырылған Махажановтың өзі де ақыры сотталып тынды.
Соттың Махажановтың ісіне не төрелік айтқанына тоқталсақ.
Дәурен Махажанов Кентау қаласының әкімі қызметіне 2019 жылдың сәуірінде тағайындалған. Көргені көп, түйгені мол шенеунік десек қателеспейміз. Еңбек жолында Павлодар облысы әкімінің орынбасары, оның алдын Ауыл шаруашылығы министрлігі құрамындағы мекемелерде басшылық қызметтерді атқарған. Сырт көзге орыстілді, томаға-тұйық шенеунік ретінде танылды.
Ол қызметтік тәжірибиесін, әккілігін пара алу барысында да байқатқан. Жо-жоқ, Махажанов ақшаны кабинетінде чемоданмен ала беретін өзіміздің аңқау шенеуніктердің қатарынан емес екен. Экс-әкім параны делдал арқылы алуда сауысқаннан да сақ қимылдар жасаған. 98 500 долларды (теңгеге шаққанда 42 миллион) алатынын толық көз жеткізу үшін ол мердігерді осыншама қаражатты қарызға алғаны туралы келісім-шартқа қол қоюға мәжбүр еткен. Яғни, Махажанов тарихта пара алудың рекордын жаңартқан (мұншама көлемде пара алу облыста бұрын-соң болған емес) және «откатты» құжат жүзінде заңдастырған әкім ретінде қалайын деп тұр. Созбақтамай мәселенің мән-жайына көшсек.
Құзырлы органдарға пара туралы арызданған «VIP Stroy Company» серіктестігінің директоры О.Артықалиевтің сотта берген жауабына қарағанда, 2019 жылы ол Л.Бобрышев деген кәсіпкермен танысады. Ол Кентау қаласындағы жол жөндеу жұмыстарына қатысуға шақырған. Осы мақсатта Бобрышев Артықалиевты Кентау қаласының әкімі Махажановпен таныстырған. Жол-жөндеу жұмыстары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында жүзеге асқан. Келісім бойынша мердігер құрылысқа қажетті ақшаны өзі шығарады. Ал мемлекет бұл шығындарды бес жыл бойы бөліп төлеп құтылатын болған. Бобрышев осы қаражаттарды кедергісіз аударып отыру үшін Артықалиевтан 50 миллион теңге сұраған. Ол оның 40 миллионы әкім Махажановқа, 7,2 миллионы А.Евниев деген азаматқа берілетінін, ал 2,5 миллион теңгесі өзіне қалатынын айтқан. Айтпақшы, бұл қай Евниев? Әңгіме уақтысында Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі болған Арман Евниев туралы сияқты. Ол Махажанов екеуі аталған министрлікте бірге жұмыс істеген. Евниев құрылтайшылық ететін компания Кентауда жобаларды жүзеге асырумен айналысқан. Махажанов жол жөндейтін мердігер тауып беруді алғашқыда Евниевтен сұранған көрінеді. Евниевтің өзі сотқа куәгер ретінде қатысқан. Ал ақша алғандығы туралы ешқандай факті жоқ.
2020 жылың наурызында Артықалиевтің фирмасы тендерде жеңіске жетіп, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен, сонымен бірге Кентау қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен келісім шартқа отырады. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 720 миллион теңгеден асқан. Мердігер өзіне тиесілі міндетін атқаруға кіріседі. Ал Бобрышев Артықалиевтің 50 миллион теңге беру туралы уәдесінен тайқып кетпейтініне көз жеткізу үшін алғашқыда «VIP Stroy Company» серіктестігі құрылтайшыларының құрамына кірген. Кейін 2021 жылдың ақпанында Артықалиевпен 50 миллион теңге қарыз беру жөнінде келісім-шарт жасасқан. Келісімде қарыздың 2021 жылдың соңына дейін қайтарылуы тиістігі жазылады. Үкімде осы тірліктің бәрін Бобрышев Махажановтың тапсырмасы бойынша жүргізгені жазылған. Артықалиевтің айтуынша, Махажановпен кездесу барысында әкім оған «менің шаруамды қашан шешесің?», «Бобрышев менің сәлемдемемді айтты ма?» деген сияқты сөздерді айтқан, әңгіменің ақша туралы екендігін білдіру үшін қолымен ишара жасап көрсеткен.
Артықалиевтің фирмасы Кентаудағы жол жөндеуді 2021 жылдың желтоқсанында толық аяқтаған. Жұмыстар мемлекеттік қабылдаудан өткен. Бірақ Артықалиев уәде еткен ақшасын бермеген. Осыдан кейін Бобрышев ақшаны баяғы жасасқан келісім-шарт арқылы талап ететінін айта бастайды. Ақыр аяғында, дәлірегі биылдың 19 ақпанында Артықалиев антикордың Алматы қаласы бойынша департаметіне арызданған. Неге Алматыға? Бұл туралы ешқандай түсінік жоқ. Артықалиев Бобрышевті ақша беру үшін Алматыға шақырады. Сол күні кешкісін антикор Бобрышевті Алматыдағы кафелердің бірінде 108 мың доллармен ұстайды. Келесі күні Бобрышев құзырлы органға Махажановтың өзінен және Артықалиевтен ақша талап еткені жөнінде арыз жазып берген. Яғни, ол «сыбайластарды әшкерелеу операциясына» қатысуға келісімін берген.
Арнайы жазба құралдарымен қамтамасыз етілген Бобрышев Кентауға келіп, Махажановпен оның қызметтік бөлмесінде жолғыдағы. Әкім ақшаны қалай алатынын өзі айтатынын білдіреді. 22 ақпанда Махажанов ақшаны алу үшін өзінің мектепте бірге оқыған досы, банктің Түркістан облыстық филиалының директоры қызметін атқаратын Б.Түймебаевті жіберген. Сол күні Түймебаев 98 500 долларды Бобрышевтан Шымкенттегі қонақ үйлердің бірінде алып, артынша антикорға ұсталған. 23 ақпанда Б.Түймебаев құзырлы органға өзі арқылы заңсыз ақша алмақ болған Махажановқа шара көруді сұранған арызын жазып береді. Яғни, ол да тергеумен бірге жұмыс істеуге мәжбүр болған. Антикордың қызметкерлері оны Махажановпен телефон арқылы сөйлестіріп, ақшаны не істеу қажеттігін сұратады. Махажанов долларды теңге ауыстыруды, осыдан кейін оны тығып тастау қажеттігін айтыпты. Әкімнің ақшаны жуық арада алмайтынын түсінген соң тергеушілер шұғыл-іздестіру операциясын тәмамдап, Махажановты ұстау туралы шешім қабылдаған. Соныменен криминалдық драманың финалына да келіп жеттік.
...Сол күндері Дәурен Махажанов мазасыз күй кешкен. Ол тірліктің дұрыс бағытта жүріп жатпағанын сезген сияқты. Әлденеден күдіктенген. Сенім білдірген адамдарының әркеттерінен секем алған. Әсіресе, ол ақша алып келуге жіберген Түймебаевтың достарға арналған ортақ чаттан шығып кеткенінен қатты сезіктенеді. Сотта берген жауабына қарағанда, ол өзінің досы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Кентау қалалық бөлімінің бастығына кіріп, оның ұялы телефон арқылы Түймебаевпен сөйлескен. Не сөйлескендері белгісіз. Шамасы ол істің насырға шапқанын түсінген. Осыдан кейін дереу еңбек демалысына шығып еткен. Антикордың қызметкерлері оны 24 ақпанда үйінен келіп ұстаған.
Пара алу қылмысы соңына дейін жетпегендіктен Д. Махажановтың ісі сотқа «аса ірі көлемде пара алуға оқталу» бабымен түскен. Сотта экс-әкім өзіне тағылған айыптаулардың ешқайсысын мойындамаған. Ол тендерлік комиссияға ықпал ете алмағанын, қабылдау құжаттарына қол қоюға құзыры болмағаны алға тартқан. Сот оны жоғарыдағы бап бойынша кінәлі деп тауып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ал параға делдалдық жасаған Л.Бобрышев 1 жылға, Түймебаев 1,5 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.
Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Махажановтың апелляциялық шағым беруі әбден мүмкін. Десек те, алғашқы сот өзінің төрелігін айтты.
Махажановтың ісі әкімдерге қаншалықты сабақ болар екен?
Б.Әбдірашұлы.