Түркістанда 2 дағдарыс орталығы жұмыс істейді

12.jpg

Түркістан өңірінде отбасылық қиын жағдайға тап қолған қыз-келіншектерге, көпбалалы аналарға қолдау көрсету жұмыстары жанданады. Бұл мәселе Түркістан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысында талқыланды. Мәжіліске Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов төрағалық жасап, жүргізіп отырды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

– Түркістан облысында демографиялық өсу деңгейі жоғары дәрежеде. 2021 жылы 65 мың бала дүниеге келді. Ардақты аналар саны бойынша өңіріміз көшбасшылар қатарында. «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» бойынша облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Дегенмен біз тұрмыстық және отбасылық құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмысты күшейтуіміз керек. Ана мен бала құқығын қорғау – маңызды мәселе, – деді С.Қалқаманов.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – Отбасын қолдау орталықтарының қызметі туралы Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева баяндама жасалды. Ол «Бақытты отбасы», «Жанұя», «Шаңырақ» және тағы басқа жобаларды жүзеге асыру жолдары мен кездесетін түйіткілдер жөнінде ой қозғады. Сонымен бірге өңірде Отбасын қолдау орталығын ашу міндеті де күн тәртібінде тұрғанына тоқталды. Бұл іске бірнеше басқарма атсалысуы тиіс.

Басқарма басшысының айтуынша, Түркістан қаласында «Қамқорлық» отбасы орталығын ашу жоспарланған. Отбасы орталығы негізгі 10 бағыт бойынша жұмыс жүргізеді. Олар: психологиялық қолдау көрсету, құқықтық жәрдем беру, үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жұмыс жүргізу, медиаторлармен бірлескен жұмыс (отбасындағы проблемалармен ажырасудың алдын алу, құқықтық көмектер) жүргізу, өз кәсібін игеруге ықпал ету, үй жағдайында жұмыспен қамтылуға жәрдемдесу, денсаулық сақтау және және көші-қон бойынша мәселелерін шешу, тұрғын үй мәселелері бойынша көмек көрсету, мұқтаж аналарға арналған курстарды ұйымдастырып, оқыту және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету.

Орталықта кондитерлік, тігіншілік, компьютерлік сауаттылық, шаштараз, СММ кәсібін меңгеру, маникюр-педикюр, массажист, дефектолог-логопед мамандарды даярлау да қолға алынбақ.

Бүгінгі таңда облыста зорлық-зомбылық мәселелерді шешу бойынша 2 дағдарыс орталығы, мүгедектігі бар азаматтарға арналған 7 «Тең қоғам» орталығы, зейнеткерлер мен егде жастағы азаматтарға арналған 7 белсенді өмір сүру орталығы жұмыс істеп тұр.

Мәжілісте инклюзивті білім беру, ерекше балаларға қолдау көрсету мәселесі де талқыланды. Бұл жөнінде Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының баяндамасы тыңдалды. Бүгінде облыстағы 0-18 жас аралығында 889 872 баланың 7-18 жас аралығындағы 19436-сы ерекше білім беруді қажет етеді. Аталған балаларға білім беретін және психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес пен қолдау қызметін көрсететін 31 арнайы білім беру ұйымы және 4 инклюзивті қолдау кабинеті қызмет етеді. 7 арнайы мектеп-интернаттарда 1355 бала, 17 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде 1685 бала оқиды. Бүгінгі таңда облыста инклюзивті білім беруге жағдай жасаған білім ұйымдарының үлесі артуда. Ерекше білім беруді қажет ететін балалары бар орта білім беру ұйымдарының инклюзивті білім беруге жағдай жасаған білім ұйымдарының саны 551 болса, инклюзивті біліммен қамтылған балалар саны – 9297. Сонымен қатар соңғы үш жыл көлемінде облыстағы арнайы білім беру ұйымдарының желісі 6-ға артқан.

Жиын қорытындысы бойынша әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелеріне және өңірлік комиссиялардың жұмысын жетілдіру, аудан, қала әкімдеріне осы саладағы жұмыстарды жандандыру жөнінде тапсырма берілді. Сонымен қатар қиын жағдайға түскен отбасыларға көмек көрсету жөніндегі жедел әрекет ету топтарының жұмысын жандандыру, тұрақты түрде бақылауда ұстау; аудан, қалалардағы «Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметі» орталықтарының жұмысын күшейту; Түркістан қаласында ашылатын «Қамқорлық» жанұя орталығына қала әкімдігі тарапынан қолдау көрсету; Отбасы күніне орай отбасы институтын, отбасы дәстүрін дәріптейтін іс-шараларды ұйымдастыру; Жалпы білім беру мектептерінде ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларды психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтамасыз ету; Денсаулығына байланысты үйде білім алатын балалардың инклюзивті біліммен қамту жұмыстарын жандандыру жөнінде ұсыныстар беріліп, жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктеріне міндеттер жүктелді.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Әсем тауда» бәрі әсем
  • Көпшіліктің көзайымына айналған «Шале»
  • Туристерге сая болған «Нұрсая»
  • Тау етегіндегі ғажайып орын
  • «Маяк» - cапалы қызмет көрсетеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер