Түркістан облысында мемлекеттен 550 000 теңге әлеуметтік жәрдемақы алып беремін деп алаяқтық жасаған әйел анықталды. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаменті хабарлады.
Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның танысы «Мемлекет тарапынан 550 000 теңге әлеуметтік жәрдемақы алып беремін» - деп сендірген. Әбден сенімге кірген ол жәбірленушіден 400 000 теңге ақша алған. Алайда, уәде бергеніне бір жылдан аса уақыт өтсе де, созбалаңқылыққа салып жүрген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.
Хабар келіп түскен бойда тәртіп сақшылары қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Жедел-іздестіру жұмыстары барысында қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын екен. Белгілі болғандай күдікті әйел жәбірленушіден алған ақшаны жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтық қылмысын болдырмас үшін сақ болуды ескертеді. Күмәнді қызмет ұсынатын таныс немесе бейтаныс адамдарға сенім артпауға кеңес береді.