Түркістанда 20 соттық жер телімінің құжатын жасап беремін деген алаяқ анықталды. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын ер адам арызданды. Оның айтуынша танысы 2021 жылы 20 соттық жер телімінің құжатын рәсімдеп беретінін айтып және ол үшін жәбірленушіден 400 мың теңге ақы алғанын жеткізген. Алайда осы күнге дейін не құжатын дайындап бермеген, не ақшасын қайтармаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.
Жедел-тергеу тобының шұғыл іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жергілікті тұрғын анықталып, тәртіп сақшылары оны полиция бөліміне жеткізді.
Белгілі болғандай, күдікті заңсыз әрекет жасау үшін алдап, жәбірленушіден ақша алған. Алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Алдағы уақытта полиция қызметкерлері күдікті ер адамның басқа да қылмыстық жайттарға қатысы бар-жоғын анықтайтын болады.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға күмәнді қызмет ұсынған кез келген адамға сенбеңіз деп ескертеді. Алаяқтықтың куәсі не құрбаны болсаңыз, тез арада полицияға хабарласыңыз.