Түркістан облысының полицейлері сора еккен тұрғынды анықтады.
Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғынның бірі есірткі өсірумен айналысады деген хабарлама келіп түсті. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 300-бабы «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Хабарлама түскен сәттен бастап тәртіп сақшылары, бірден жедел-іздестіру шарасына кірісті. Осылайша ақпарат көздері арқылы күдікті тұрғынның жеке-басы мен мекенжайы анықталды.
Полицейлер күдікті ер адамның үйіне тінту жүргізу кезінде, 9 түп есірткі өсімдігін тәркіледі. Өз кезегінде тұрғын, аталған есірткіге ұқсас өсімдікті өсіргенін толығымен мойындады. Сондай-ақ айғақты зат ретінде алынған өсімдіктерге сот-сараптамалық зерттеу тағайындалды. Сараптама нәтижесімен алынған түптер «сора» есірткі заты болып шықты. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері заңсыз, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді еккені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Оған қоса тәртіп сақшылары есірткінің қоғам дерті екендігін ұмытпай, оны өсіріп, қолданып, тасымалдағандармен күресуді күшейтуде.
Сондықтан Сіз, есірткі бойынша қандай да бір ақпараттарды білсеңіз, бірден полицияға хабарласыңыз. Бұл өз кезегінде есірткіге байланысты қылмыстардың азаюы мен жолын кесуге септігін тигізеді.
Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.