Түркістан облысында көршісінің банк кәртішкесін ұрлаған жас келіншек анықталды. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Созақ аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын әйел шағымданды. Ол арызында үйіндегі сөре үстінде тұрған банк кәртішкесін белгісіз біреудің жымқырып кеткенін көрсеткен. Аталған жайтты созақтық полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді.
Осы іс бойынша полиция қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Іздестірудің нәтижесінде, күдікті әйелді анықтады. Ол жәбірленушінің көршісі жас келіншек болып шықты.
Анықталғандай, күдікті келіншек көршісінің құрылыс жүріп жатқан үйіне көмектеспек болып барады. Сол сәтте ол шкаф үстінде тұрған банк кәртішкесі мен құпия санын байқап, оны қолды қылған. Содан банкоматтан ақшаны алып, өз пайдасына жаратқан. Келтірілген шығын көлемі 100 000 теңгені құрайды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.